Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Коронавирус Қазақстанда өзінің шарықтау шегіне жетті

АСТАНА. 16 сәуір. Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру өзінің шарықтау шегіне жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» хабарлады.

Кеше Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева журналистермен кездескен кезінде осыны баяндады.

«Біз коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау шегіне жеттік. Яғни, қазір елімізде 100 мың адамға 7 науқастан келеді. Осыған байланысты карантиннен бөлек, елді мекендерде жұмысын тоқтатпаған, инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдарға ауқымды тексеру басталды. Бұл тестілеу 10 сәуірден 20 сәуірге дейін белсенді түрде жүргізіледі», – деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, аурудың таралуына байланысты, медициналық қызметкерлер эпидемияға қарсы күшейтілген режимге ауысты.

«Әрбір пациентті ықтимал науқас деп қараған жөн, сондықтан медициналық қызметкерлер қорғаныс бұйымдарын қолдануы міндетті. Бұдан бөлек, провизорлық стационарға да жұқпалы аурулар ауруханасының талаптары қойылады: міндетті түрде бейнебақылау, желдету жүйесі болуы керек, палаталарды толтыру циклы сақталғаны жөн. Әрбір ауысым екінші ауысымнан оқшаулануы қажет. Ең бастысы – медицина ұйымдарының басшылары қызметкерлерді қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті», – деді Л. Ақтаева.

Айтуынша, енді осыдан бастап инфекция тарауының кері қайтып, төмен қарай құлдырауы басталуы керек.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button