Біртанов дәрігерлерге арнап үндеу жасады
АСТАНА. 14 сәуір. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласындағы әріптестеріне үндеу тастады. Бұл туралы Azattyq ruhy.kz хабарлады.
Министр өз үндеуін коронавирус пандемиясы тарауына байланысты қаңтар айынан бастап үзіліссіз, тәулік бойы қызмет етіп жатқан барлық деңгейдегі медицина мамандарына, дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға, медициналық ұйым басшыларына, санитарлық қызметтегілерге, университтеттер мен ғылыми орталық қызметкерлеріне арнады.
«Шаршағандарыңызды білемін. Көпшілігінің үйіне барып, балаларын құшуға мүмкіндігі болмай отыр. Тіпті, коронавирус жұқтырған мамандар да аз емес. Бірақ соған қарамастан, сіздер күн сайын жұмысқа барып, науқастарды емдеп, адамдардың жанын алып қалып жатырсыздар. Сіздер оны ақша үшін істеп жатқан жоқсыздар. Өйткені, кәсіп сондай. Мен сіздермен мақтанамын», – деп жазды министр.
Министр осындай қиын кезеңде тек сөзбен емес, іспен көмек беріп жатқандарға да алғысын білдірді.
«Қарт кісілерге тамағы мен дәрісін апарып, қолдан маска тігіп, қажетті жүк тиелген әуе рейстері үшін қалтасынан қаржы шығарып, үйде концерт беріп жатқандармен, сондай-ақ тәртіпке бағынып, үйде отырған азаматтармен мақтанамын», – деді Біртанов.
Біртанов дәрігерлерді әлеуметтік желідегі псевдо-сарапшылардың пікіріне құлақ аспауға шақырды.
«Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде оңды-солды ақпарат тарататын псевдо-сарапшылар көбейді. Олар өзінше баға беріп, әртүрлі болжамдар жасап, желіні қажетсіз ақпаратпен толтырып отыр. Бірақ оны жүрекке жақын қабылдамаңыздар. Бәріне шыдап, кәсібилік танытыңыздар. Қазір қиын шақ. Бізге керегі – төзім мен нақты кәсіби іс-әрекет. Ештеңеге алаңдамай, назарымыз тек жұмыста болатын шақ. Қазір біреуге ренжіп, салғыласатын кез емес. Оның бәрін жағдай оңалып, эпидемия саябырсығанда реттеп үлгереміз», – деп министр дәрігерлерді сабырға шақырды.
Ол медицина қызметкерлері бастан кешіп жатқан қазіргі эпидемиялық ахуалдың уақытша қиындық екенін айтты.
«Уақыт өтеді, эпидемия да аяқталады. Бұл туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылар. Көп нәрсе ұмытылады. Бірақ сіздер коронавируспен ауруханаларда күні-түні күрескен сәтіңізді есіңізге аласыз. Нағыз батыр – сіздер. Мен бұл вирусты жеңеміз деп сенем. Бізді бұл қиындықтан алып шығатын – сіз бен біздің кәсіби әрекетіміз, ғылым және тәртіп», – деді Біртанов.
Еске сала кетейік, кеше тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 20,5 пайызы дәрігерлер екенін айтқан болатын.