«Біртановтың қамалғаны – жалған». Қаржы комитеті осылай деді
АСТАНА. 31 қазан. Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі жөніндегі комитеті бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарды жоққа шығарды. Бұл туралы «Azattyq ruhy» хабарлады.
Әлеуметтік желіде бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны жайлы ақпар кеңінен тарап жатыр.
«Бүгін таңертең желіде Денсаулық сақтау экс-министрінің ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалғанын айғақтайтын құжаттың скриншоты пайда болды», – делінген сайт хабарламасында.
Сайттың жазуынша, «растала қоймаған құжатқа сәйкес, бұрынғы министр Денсаулық сақтау саласындағы ақпарат жүйесін информатикаландыру мен интеррентабельді ету платформасын жасау мақсатында бөлінген бюжеттің 526 225 351 теңге қаржысын талан-таражға салу жолымен жымқырғаны үшін Қылмыстық істер кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармақшасында (өзіне сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу ‒ AR) қарастырылған қылмыстық тәртіп бұзушылыққа ұрынғаны жөніндегі» күдікпен ұсталыпты-мыс.
Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі бұл ақпарды жоққа шығарған.
«Ешқандай ақпар жоқ. Жоқ, біз бұған әзір айғақ бере алмаймыз». – дегенді жеткізген комитеттегілер BaigeNews.kz сайтына берген түсіндірмесінде.
Еске сала кетейік, Елжан Біртанов биылғы жылғы 25 маусымда Президенттің жарлығымен министр лауазымынан босатылған болатын. Оған коронавирус пандемиясы кезінде көптеген кемшіліктерге жол беріп алды, деген кінәрат тағылды.