Ұлттық кітапхана оқырманмен байланысын үзбеді
АСТАНА. 14 сәуір. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана елде төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгеннен кейін де оқырманмен арадағы байланысын үзген жоқ. Бұл туралы Kazakh TV телеарнасы хабарлады.
Кітапхана бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауына сүйеніп, елге белгілі жазушылармен бейнежүздесулер, онлайн байқаулар өткізіп, үйірмелер жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалы, мұнда бұрнағы күні «Мен ғарышты саламын» атты онлайн сурет байқауы мәресіне жетті. Ол Ғарышкерлер күніне арналды.
Мұның алдында кітапхана ұжымы кішкентай оқырмандар арасында «Маған ұнаған жыр…» атты поэтикалық онлайн жыр байқауы жарияланған еді. Оның қорытынды кезеңіне 150-ден астам қатысушы іріктеліп алынды.
Үздік бейнежазбалар кітапхананың әлеуметтік желісінде жарияланып тұрады. Жалпы, карантин кезінде жеткіншектердің шығармашылығын дамытып, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру қамында түрлі қашықтан кездесулер мен үйірмелер жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, балалар бөлімінде ғана 13 мыңнан астам кітап қоры бар. Оның тең жартысы электронды нұсқада қолжетімді. Оқырмандар олармен www.kazneb.kz порталынан таныса алады.
Қазіргі таңда кітапханада «ЮНЕСКО-ның сурет салу», «Жарқын жұлдыздар» әлемтану және «Тоғызқұмалақ» сынды ұлттық ойындарды дәріптеу үйірмелері онлайн түрде жұмыс істейді. Карантинге байланысты аптасына бір рет қашықтықтан жүргізу сабақтар өтеді. Бұдан бөлек, балалар жазушыларымен кездесулер ұйымдастырылады. Белгілі тұлғалар жайлы бейне роликтер әлеуметтік желілерде жарияланып, ертегілер мен әңгімелер оқылып тұрады.