Қазақстанда төтенше жағдай 1 мамырға дейін ұзартылды
АСТАНА. 14 сәуір. Қазақстан аумағында төтенше жағдай режимі 1 мамырға дейін жалғасады. Бұл туралы Azattyq ruhy.kz хабарлады.
Режим 1 мамыр күні 07:00 сағатта аяқталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдайдың қолданысын ұзарту туралы жарлыққа қол қойды.
«Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 жарлығымен енгізілген Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы төтенше жағдайдың қолданысы 2020 жылғы 1 мамырдағы 07 сағат 00 минутқа дейін ұзартылсын», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдайды.
Президент бұған дейін карантин режимін сәуір айының соңына дейін созуды тапсырған болатын.