Қызылорда облысында инфекция жұқтырғандар 116 болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 11 сәуір. Бүгін Астана уақыты бойынша 10:00 сағаттағы эпидемиологиялық жағдай Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырып алғандар 116-ға жетті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Облыс көрсеткішіне кеше түннен бері 11 оқиға қосылды.
Қазір Қызылорда облысы өзінің алдында тұрған Алматы қаласының көрсеткішіне (128) тым жақын қалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жақсылық Абдусаметов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында берген брифингінде осы ахуалға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 11 оқиғаның 9-ы Сырдария ауданының, 2-і Арал ауданының еншілеріне тиеді.
Ал соңғы сағаттарда Қазалы ауданында да 1 оқиғаның анықталғаны айғақ болып, індет шарпыған өңірлер қатары тағы біреуге артты. Сонымен, облыс бойынша 12 дерек шығып отыр.
Енді облыста инфекция жұқтыру көрсеткіші былай бөлінді: Шиелі ауданында – 55, Сырдария ауданында – 23, Жаңақорған ауданында -17, Қызылорда қаласында – 12, Қармақшы ауданында – 4, Арал ауданында – 4, Қазалы ауданында – 1.