Қазына

Бейсенбай Сүлейменов. Горилла-адам

Ертегі

Жазушы Бейсенбай Сүлейменов – Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, публицист, жазушы, қоғам қайраткері.

Бейсенбай Жолдасбекұлы Сүлейменов 1951 жылы 27 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Жетісай ауданындағы Ш. Ділдәбеков атындағы совхозда туған.

1973 жылы ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1976-1989 жылдары  республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде тілшіліктен  бас редакторға дейінгі жолдан өтті. 1990-1995 жылдары «Газет» баспасының, 1995-1999 жылдары «Әл-Фараби» баспасының, 1999-2005 жылдары «Құс жолы» баспасының директоры қызметтерін атқарды. Қазір «Әдебиет әлемі» баспасын басқарады.

Жазушы қаламынан туған шығармалар «Кечуа тайпасының үндістері»  (1985), «Қуанышты күн» (1989), «Бес ғасыр атылмаған садақ» (1992), «Жолдасбек Сүлейменов» (1998) деген атпен кітап болып баспадан шықты.

Біз бүгін жазушының «Горилла-адам» атты ертегісін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жүз жылда бір өтетін Ұлы жиынға Аң біткеннің асыл ұрпақтары  түгел жиналып, табиғаттың әділетсіздігіне өз наразылықтарын білдірді. «Адам маймылдан жаралған» деген тұжырымының орындалмай жатқанына сенімсіздік танытып, ендігі тәжірибені өздері жүргізуге бел буды.

– Біздің адамнан қай жағымыз кем, – деді алып Горилла төсін сабалай.

– Сенің артық жақтарың көп. Тепсең темір үзесің. Ақылың да өзіңе сай.  

– Қазіргі заманда ол қасиет негізгі кемістік емес. Бәрін электроника басқарып, роботтар атқарады, -деді маймылдың баласы шешесінің төсін бір сорып, баннанды бір тістеп.

– Онда тәжірибені бізден бастайық. «Орман адамы» атанып жүргеніміз тегіннен тегін емес, – деді Орангутанг шәңкілдей, мақтанышы қойнына сыймай.

– Жоқ, жо-оқ! – деп ора түрегелді шимпанзелер. – Адамның  ДНК-сына алты-ақ пайыз жетпегеніміз болмаса, жол біздікі. Джунгли заңы қайда?

Ағаш-бұтаға шыбын-шіркейдей жармасқан шимпанзелерден жер қайысады. Айқай-шуынан орман күңіреніп кетті.

– Не деген көп едіңдер! – деді Горилла қасындағы үйірлестеріне сыбырлап. – Біз сапа қуып, шалқия өмір кешіп жүргенімізде, құмырсқадай көбейіп алыпты ғой…

– Тынышталыңдар! Бәріміздің түпкі ата-тегіміз бір – маймылдармыз. Бірақ біз – аға баласымыз. Жол – біздікі. Оның үстіне, кеше ғана дүние есігін ашқан кішкентай нәрестеміз де бар. Тура адам баласынан аумайды. Аппақ қардай, – деп насырға шауып бара жатқан даудың алдын алған Горилла.

Маймыл біткен шуласып, бет тырнасуға дейін барды. Джунглидегі жайма-шуақ тіршілік қазан болудың алдында тұрды.

– «Сабыр түбі сары алтын» деген. Ғасыр тәжірибесін біз бастаймыз, – деді Горилла әрі үлкендігін, маймыл тектілердің ішіндегі «арыстандай» айбаты барлығын пайдаланып.

– Онда, кетеміз! Еншімізді бермей-ақ қойыңдар. Сендерсіз де күн көрерміз, – деді Шимпанзе ашуға басып. Төстерін дауылпаздай сабалап, айналаны күңірентіп жіберді.

– Ал, олай болса, біздің еншімізді беріңдер, – деді Орангутанг булығып, тілін шайнай жаздап. – Кетеміз, көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерге. Бүйтіп туысқан болғандарыңа!..

– Тоқтаңдар! Сабыр, сабыр етіңдер, – деді Горилла орнынан тұрып, адам сүйсінетіндей үш құлаш бойын мақтана көрсеткендей.

– Алыңдар еншілеріңді. Қалағандарыңша. Бірің Азияға, қалғаның Америкаға кетіңдер. Ал біз адамзаттың атамекені – Африкада қаламыз!

Алты күнге жалғасқан талас тоқтады. Бір-бірін ренжітсе де, ат құйрығын кесуге қимайтын ағайындар осылай тарасты. Алда кеше ғана дүниеге келген кішкентай Горилланы кәйткенде де адам етіп тәрбиелеу міндет-тәжірибесі тұрды.

Қарт Горилла немересін бауырына басып, құлағына сыбырлады. «Сен  Джунгли мен Саваннаның ғана емес, бүкіл Жер шарының әміршісі боласың. Аң-құс сенің құзырыңда. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан құпия-байлық енді сенің болашағыңа жұмсалады. Асыл арманымыздың орындалу жолында ештеңеден аянбаймыз. Бір ғана тілек: Аман бол! Адам бол! Соңыңнан ерген пенделеріңе қамқор бол! Ұмытпа, енді сенің есімің – Гор-Би, Гор-Би, Гор-Би!  Әумин!..»

Адамдар баласын тұзды суға шомылдырып, бесік жырын айтса, олар бал қосылған какос жаңғағының сүтіне шомылдырды.  Джунгли аңыздарын үйретумен болды. Көсем Горилла қарамағындағылардың бәріне арнайы, сонымен қатар өте құпия тапсырма берді. Ол – ғасырлар бойы қалыптасқан аң-құстың өмір сүру қағидасы, қиыншылықты жеңу сабақтары еді. Қасқыр қайсарлықтың, Арыстан айбаттылықтың, Қабылан ептіліктің,Түлкі алдампаздықтың, Піл төзімділіктің, Керік алысқа қарап, болашаққа бағдар жасаудың шеберліктерін үйрететін болды. Міне, осылайша, орман мектебі ғасыр тәжірибесін жасауға батыл кірісіп кетті…

Гор-Би күн санап өсті. Ақыл-ойы сағат санап толықсыды. Сүйкімді бала боз-бала кейпіне де жетті. Ата Горилла немересін жетектеп, маңайдағы ауыл өмірімен таныстыруға кірісті. Балаға адамдардың өмірі өте қызық көрінді.

– Сен де осы адамдар сияқты тіршілік кешетін боласың, – деді атасы.

– Қашан, мен ертерек адам болғым келеді, – деді немересі.

– Шыда, жақсы өмірге асыққанмен аптықпай жету керек. Бұл да өнер.

Ауыл балалары Гор-Биді көріп, қатарларына шақырды. Доп қуды, асыр салып ойнады. Ол шаршау дегенді білмеді. Жаңа баланың болмысына риза болған жеткіншектер оны ертең тағы да келуін сұрады. Бірақ…

– Жоқ, балам, мұндай ойын ойнауға саған әлі ерте. Қанша зерттесем де, адамдардың болмысын түсінбей-ақ келемін. Олар мақтап отырып, мақтамен бауыздай салады. Бір атар қулығы ішінде бүгулі тұрады. Тілдері ащы, көздері өткір. Соны байқамай қалыппын.

– Ол не? –деді бала Горилло.

– Қалай түсіндірсем екен. Бәдіктің сөзі, сұғанақтаң көзі өтіп кетпесе екен деп қорқамын.

Ата Горилланың күдіктенгені рас болып шықты.  Сол түні баланың қызуы көтеріліп, сандырақтаумен болды. Ана сүтімен келетін, гориллалардың бәрі білетін, он алты дыбыс-сөз Гор-Бидің тіліне енді ғана орала бастады.

– А-аа, у-уу!..

– Сен адамның перзентісің, ол сөздерді есіңе алушы болма, – деді атасы.

– Білем, бірақ қалайша айтып қойғанымды білмей қалдым. Аузымнан шығып кетті.

– Сабыр сақта, әрбір сөзіңді ойланып, байыппен айт.  Ешкімнің алдын орғытпа. Сенің бар мүмкіндігіңде басқа адамдар білмейтін болсын. «Асықпаған арбамен қоянға жетіпті» деген халық даналығы. Менің немерем әлі-ақ әлемді таң қалдырады. Қазірше шыда, шыда балақай!

Араға ай салып, ата мен бала ауылға тағы келді. Бұл жолы баскетболдан үлкен жарыс өтіп жатыр екен.

– Гор-Би, Гор-Би! Біз ұтылып жатырмыз.

– Көрші ауылдың командасы кілең ересек балалар. Шаршадық. Көмектес?

Гор-Би төрешіден рұқсат сұрап, алаңға шыққаны сол еді, ойын өрнегі өзгеріп сала берді. Екі-үш ұпайлық доптар көбейе түсті. Қарсы жақтың ойыншылары алдын кескестеп, тірсектен теуіп, шалумен болды. Гор-Бидің денесінде сау жері қалған жоқ. Көк-ала қойдай. Бірақ намысқа тырысып, бірілмеді. Жейдесі малмандай су болды, жап-жаңа кроссовкасы жыртыла бастады.

– Ах, -деді атасы. –Баламысың деген, айтып едім ғой. Дараланба деп.

Бірақ бәрі де кеш еді. Енді шегінетін Гори-Бо емес. Қайсарлығы атасына тартқан. Өліспей беріспейді.

Желке жағынан пысылдай жақындаған біреу шалып құлатты. «Кім болды екен» деп қарап еді, өзінің командаласы. Қасқиып, миығынан күліп тұр.

– Біз де ойнайық та.

Түсінсе бұйырмасын, жеңіс ортақ емес пе?

Осы бір тыныштықты пайдаланған қарсылас жақ допты алып, кәрзіңкеге лақтырды. Міне, міне, доп корзинаға түсіп бара жатты. Доп түссе ұтылады. Оны көрген Гор-Би ышқына жүгіріп, кіріп бара жатқан допты іліп алды да, қарсы бағанаға қарай бар күшімен лақтырды. Бес қарғып, допты жолдан іліп алды да, кәрзіңкенің төбесінен шегелей кіргізді. Ойынға қызып кеткені сол, бағана тақтайдың үстіне қарғып мініп, демін басты. Көрермендер риза. Одан кейін алаңда не болғанын түсінсе бұйырмасын. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» кейпі. Алаңдағы бар бала Гор-Биге қарсы ойнап жүргендей. Итереді, енді біреуі шалып құлатады. Тұрғызбады. Итше тепкілеп тастады. Көрермендердің ішінен бір-екеуі келіп, түйгіштеп өтті.

Төрешінің зарлы ысқырығы шалынып, ойын тоқтатылмағанда  жабылыс  жалғаса берер ме еді…

– Ойын тәртібін бұздыңдар. Барлығың бір балаға жабылып. Ал сен де, балақай, кәсіпқой ойыншылар сияқты ойнайды екенсің.

Жарыс уақтынан бұрын тоқтатылып, Гор-Би ойыннан аластатылды.

Атасы «шашылып» қалған, шала жансар немересін арқалап, орманға қайтты.  Маңайды бастарына көтеріп, аң біткен шуласа, құстар қиқуға басып, алдарынан шықты.

– Біз бұлай қалдырмаймыз!

– Соғыс жариялаймыз, басынғандары ғой!

– Өзенге аяқ бастырмаймын, балық аулауды ұмыттырам. Суға шомылып көрсін, – деді қаз-қатар тізілген Қолтырауындар тістерін қайрап.

– Түнде барып, егістік алқаптарын таптаймын,  – деді Піл ашуға басып,  ақыра.

– Жер шарын мекен еткен триллион қара қарғаларды шақырып, үстерінен қара бұлт шүйліктірем. Күн тұтылып, Айды көруге зар болады, – деді кәрі Қарға. – Жынымды келтіре берсе, зәр-қоқыспен көміп тастаймын. Жүрсін тұншығып, сасық атанып.

– Жоқ! – деді көсем Горилла. Өмірден көргені де, көңілге түйгені де молдығын пайдаланып. – Адамдармен ерегісуге болмайды. Зұлымдықтың көкесі солардан шығады. Олар аямайды. Ал, біздің түпкі мақсатымыз бөлек. Оны бәрің жақсы білесіңдер. «Сабыр түбі – сары алтын» деген.

Бала Горилла: «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Қасқыр да бөлтірігін жолда тастамайды» деп үйреттіңіздер. Бұл – джунгли заңы, мейлі. Ал, адамдардың да өз заңы бар емес пе? Ізгілік пен тәртіпке бағышталған. Мен мынаны түсінбеймін, адамдар өздеріне өздері киянат жасайды. Өкпелерін түтінмен улайды. Сәт сайын. Таңертең ұйқысынан ояна, аман-саулық жоқ, темекісін тартудан бастайды. У қосылған тентек су ішеді. Бұл қылықтарын мақтан тұтады. Мұны да кешірем ем, олар – адамдар өтірік айтады екен. Сол өтіріктеріне өздері сенеді. Алдайды, арбайды. Жолдасын жолда тастап кетуге де бар. Адам баласы үшін бұдан асқан қатыгездік бар ма? Бұның бәрі Джунгли заңына да, Дала занына да қарсы. Сонда маған қандай заңмен жүр дейсіздер? Олармен қалай дос боламын. Оған арым да, бала намысым да жібермейді. Жетер, енді!..

Бала Горилла адам бола бастағалы бері дәл бүгінгідей ашуланып, жан баласына ренжіген жоқ-ты.

Ол бар күшін жинап, өмірінде бірінші рет ұмыт қалған өз ана тілінде, маймыл даусымен айқайлады. Жан түршігерлік жанайқайы орман-даланы, елді мекендерді мұң құшағына баурап алды. Тылсым табиғат бір сұмдықтың болатынын сезгендей еді…

Сол түні аң біткен көз ілген жоқ…

Болған оқиғаны тамашаламай қалған ауыл тентектері орманның шетіне от қойып, әбігерге салмасы бар ма? Аң баласы тілсіз жаумен алысуға, құрт-құмырсқа бас сауғалап, қашуға кірісті. Құс біткен қанатымен су тасумен болды.

– Еһ-һ, адамдар, айналайын адамдар! – деді көсем Горилла. – Біз бәріміз Табиғат-Ананың перзенті емеспіз бе? Аһ-һ!..

– Жоқ, менің адам болғым келмейді! – деді немересі Гор-Би атасының жанайқайын шегелей.

– Болды енді, дүние төңкеріліп кетсе де. Джунглиді топан су басып, Саваннаның бәрі өртеніп бітсе де, алған бетімнен қайтпаймын! Адам болғым келмейді, адам болғым!..

***

Таңертең ұялы телефон ұстағандардың бәріне: «Жан баласы аяқ баспаған жерлердің бірінде Орангутангтар құпия тәжірибе бастапты» деген  SMS түсті…

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button