Меркілік дәрігердің айтқаны шындық болып шықты
ТАРАЗ. 10 сәуір. Жамбыл облысының Меркі ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Толқынай Ордабаевааның әлеуметтік желіде көтерген мәселесі шындық болып шықты. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Мұны ауданға арнайы барып, жағдаймен танысқан Nur Otan партиясының комиссиясы растап отыр. Комиссия коронавирус инфекциясын жұқтырып алған дәрігер Толқынай Ордабаева жұмыс істейтін аудандық ауруханада заң бұзушылықтардың орын алғанынан көз жеткізіп қайтты.
Мұның алдында дәрігер ауруханада қалыптасып отырған жағдайды Facebook парақшасына жазған болатын. Ол вирусты карантинде науқастарды емдеп жүргенде жұқтырғанын айтты. Ауруханада медициналық персоналға тұмылдырық та берілмепті. Сондықтан бұлар оны өздері қолдан тігіп алған. Ылғи жұмысқа артық жегіліп отырған.
«Аудан бойынша жұқпалы аурулар дәрігері (инфекционист) екеу ғана. Егде кісілерге короновирус аса қауіпті болғандықтан бас инфекционист-дәрігер демалысқа кетті. Бір жарым айдан бері жалғыз жұмыс істеп жүрмін. Науқас түссе күндіз, түнге қараймыз», – дейді Толқынай Ордабаева.
Инфекция жұқтырғандармен осындай жағдайда жұмыс жасаған Толқынай ақыры сол кеселге өзі де тап болған. Ол өзімен бірге тұратын қарт ата-анасына ауру жұқтырып алудан қатты қорқып, сақтанып жүрген екен. Бірақ бәрібір оларды соңынан карантинге жатқызуға тура келген.
«Науқастармен байланыста болғандарды 14-ші күні тексеру мүмкін болмады, себебі, Жамбыл облысында оны тексеретін құрал жоқ. Сондытан оларды коронавирусқа соңғы бақылау сараптамасынан өткізе алмай, ауруханадан шығаруға тура келді», – дейді дәрігер. «Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының маскаға, вирусқа қарсы дәрі-дәрмекке, сараптамаларға бөлген ақшасы қайда? Неге коронавирусқа сараптама жасалмай жатыр? Жұмыс орнында неге эпидемиологиялық тергеу жүргізілмейді?», – деп сұрақ қойды сосын ол.
Министр Елжан Біртанов шағымға бірден назар аударды. Ол Тауарлар қауіпсіздігі мен сапа бақылау комитетінің басшысы Людмила Бюрабековаға осы мәселені шешуді тапсырды. Біртанов бұл жағдайды жеке бақылауға алғанын айтуды да ұмытпады.
Енді Nur Otan партиясының комиссиясы дәрігер қыздың шағымда келтірілген деректерінің бәрі дұрыс екенін мәлімдеп отыр.
«Аталған жазба бойынша партиялық бақылау комиссиясы тексеріс жүргізді, аталған деректер расталды. Мерке аудандық аурухана әкімшілігі медицина қызметкерлерін масканы өздері тігуді талап еткен. Сондай-ақ жұмыста маскалар мен қорғаныш құралдары берілмеген. Осыған байланысты аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбеков пен денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым партиялық жауапкершілікке тартылды», – делінген партия баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аудан басшылығы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ендігәрі мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы ескертіліп, өз міндеттерін дұрыс атқару жөнінде тапсырма берілді, делінген партияның хабарламасында.