Ақмола облысында вирустан тағы 1 адам көз жұмды
АСТАНА. 8 сәуір. Ақмола облысында коронавирус жұқтырып алған тағы бір адам өмірмен қош айтысты. Бұл туралы coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Қаза 6 сәуір күні орын алған. Ол Целиноград ауданының 1929 жылы туған азаматшасы екен. Сырқатты осының алдында қайтыс болған 1947 жылғы ер кісіден жұқтырған. Әйелдің коронавирустан қайтыс болғаны 7 сәуір күні жасалған сою нәтижесінде анықталған. Марқұм артериалдық гипертензиядан, Паркинсон синдромынан, жүректің ишемиялық ауруынан, стенокардиядан, созылмалы бронхиттен есепте тұрып келіпті.
Осы уақыт аралығында тағы 5 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Олардың 3-і Қызылорда облысынан болса, 1-і Маңғыстау, 1-і Ақмола облыстарынан болып шықты.
Таңертең осындай 7 дерек тіркелген еді. Олардың 4-і Атырау облысына, 3-і Қызылорда облысына тиесілі болды.
Сонымен, республикадағы 709 вирус жұқтыру дерегі аймақтар бойынша былай бөлінді:
Астана қаласы – 222, Алматы қаласы – 119, Қызылорда облысы – 72, Қарағанды облысы – 55, Жамбыл облысы – 45, Ақмола облысы – 43, Атырау облысы – 36, Түркістан облысы – 33, Солтүстік Қазақстан облысы – 25, Шымкент қаласы – 20, Ақтөбе облысы – 11, Алматы облысы – 10, Шығыс Қазақстан облысы – 6, Маңғыстау облысы – 6, Қостанай облысы – 3, Батыс Қазақстан облысы – 2, Павлодар облысы – 1.
Осы кезге дейін коронавирустан республика бойынша 54 адам жазылып шықты. Олардың 29-ы – Астана қаласынан, 23-і – Алматы қаласынан, 1-і – Солтүстік Қазақстан облысынан, 1-і – Ақтөбе облысынан.
Қайтыс болғандар саны – 7 (Ақмола облысы – 3, Астана қаласы – 1, Қарағанды облысы – 1, Түркістан облысы – 1, Шымкент қаласы – 1).