Тіршілік

ӘКЕСІ ӨЛГЕН ҚАНДАЙ-ДЫ…

Өлімді асықтыруға да, тоқтатуға да болмайды деп жатады, яғни әр адам пешенесіне жазылған жасын жасап, өз өмір жолынан өтуі тиіс. Ал талқаның қашан таусылады, ол бір Аллаға ғана аян. «Ажалдың өзінен гөрі үрейі күшті» деген де рас. Науқасқа да, оның ет-жақындарына да ең қиыны, ең азабы – беті ары қараған қимас жанның соңғы демін күту. Егер ол – жаныңдай жақын туған әкең болса ше? Не шара?! Не қайран?!

Ажалдың хақ екенін, оның әне-міне деп жақындап келіп қалғанын сезген әкемнің осы бір арпалыс қиямет-қайым сәтті соншалықты парасат-пайыммен, сабырлы қарсы алады деп ойламаппыз. Өйткені, жетпіс  бір жасында шешей кешке ұйықтауға жатқаннан, ертесіне тұрмады. Әкей сияқты ауырып, қиналғанын көрмедік, тек жаманат суық хабар жеткенде ғана анамыздан айрылғанымызды білдік. Ал небәрі жиырма бес жасында «жаман» аурудан қиналып қыршын кеткен сіңлім, жаны жәннатта болғыр Бақыт, соңғы күнге дейін үзіліп түсерін білген, білмегенін байқайтпай, өлім хақында бір ауыз сөз айтпай, бәрі ішінде кеткен-ді. Соған қарағанда, 89 жас жасаған әкейдің қазасы – төрелескен өлім болды. «Төрелісі – асарын асап, жасарын жасаған, артында ұрпағы бар, өмірден алғанын да, бергенін де сарыққан жас шегіне жеткен қарияның иманды өлімі» деп жазады «Ойлар, ойлар» деген кітабында  этнограф-ғалым, жазушы-көсемсөзші Жәрдем Кейкин.

Жиренше шешеннің әйелі Қарашаш сұлу қайтыс болып, Жәнібек хан естіртуге келгенде былай басталмайтын ба еді: «А, Жиреншем, әкесі өлген қандай екен?» дегенде, Жиренше: «Е, асқар тау құлады, бәйтерегің сұлады десейші, жайлауын жау алды, қыстауын өрт шалды десейші» депті. «А, Жиренше, шешесі өлген қандай екен?» дегенде, «Ағар бұлағы суалды, Еділ-Жайық екі суым, құрып та қалды десейші…» депті.

Рас, асқар тауымыз құлап, бәйтерегіміз сұлады. Сөткелеп тілеуімізді тілеп отыратын шын тілеуқордан айрылдық. Десек те, өмір заңдылығымен салыстырсақ, әкем Сәдірдің 89 жасы әркімге беріле бермейтін сый екен. Соған қарағанда, тәубе дейсің, бірақ әттеген-айлар, өкініштер, қимас сәттер санаңнан шықпайтынын қайтерсің? Егер әкем кәрілік жеңіп, аузындағы сөзінен жаңылып, ақыл-есінен айрылып, болмаса өмірді қимай ауруға жеңіліп кете барса, басқадай сезім, басқадай жағдайды басымыздан өткерер ме едік? Өзегімізді өртеп, жүрегімді елжіретіп, санадан кетпей, оймен қосақталып жүргені – ажалға себеп-салдар іздемей, ақылға жеңдіріп, ажалдан жеңіліп, екі қолын көкке жайып қарсы алғаны болды.

– Балам, мен Алла тағаладан осыншама жас бер деп сұраған жоқпын. Өзі берді, енді өзі алады. Оған қиналма. Соғыстың алғашқы күндері шекарада немістің қолына тұтқынға түсіп, Украинадан немістің Польшадағы концлагеріне дейін екі қолымызды жоғары көтеріп барғанша, қаншама боздақ шейіт болып кетті. Тұтқындардың біреуі сәл саптан шықса да, қолыңды төмен түсірсең де, атып тастап отырды. Сонда әлгілерге қарап, «құдай-ау, беті жабылмай, ит-құс, құрт-құмырсқаға жем болады-ау, енді менің өлігім қай жерде қалады», деп қана ойладық. Мынандай жұмақ өмірді көрмек тұрмақ, армандауға үміт жоқ еді. Сонымен салыстырғанда, қарашы, балам, мынау бір ғанибет өлім ғой» деп, жүзін жоғары көтеріп, екі қолын көкке жайсын. Содан бір тыныстап алды да, ары қарай сөзін жалғады.

– Содан бес жыл концлагерьде ит өмірді көріп, соғыс біткенде, екі жақтың тұтқынының айырбасына ілініп, бергі жаққа өткенмен, бізді бірден Сібірге он жылға жер аударып жіберді. Онсыз да бес жыл немістің тепкісі мен азабын көрген үш жүз солдатты өзімізде аштықтан қырсын. Сол 290 солдаттың бірі болып, сүйегім орыстың жерінде қалса қайтер едім. Оған қарағанда, балам-ау, мынау бір керемет өлім емес пе?! – деді еті қашқан салалы саусақтарын тағы да көкке жайып, әңгімесін әрі жалғады.

– Өзің білесің, мен соғыстан аман-есен келмегенде мына Салындының қара шаңырағы ортасына түсер ме еді, қайтер еді? Әбдірахманның үш баласы – Әбдібек, Атагелді үшеуіміз соғысқа аттанып, үшеуінен де қара қағаз келіп, Қамам (шешесі Қамалды Қама деп атаушы еді) жападан жалғыз қақайып қалғанда, 1939 жылы әскерге алынған мен пақыр 1954 жылы – он бес жылдан кейін ғана елге келдім. Анам байғұс ол уақытқа дейін тірі екенімді білмеген. «Өлгені тірілді, өшкені жанды»  деген осы емес пе?! Салындының қара шаңырағына ие болып, соның түтінін өшірмедім. Енді сол қара орманға ие болатын артымда ұрпағым қалып барады. Құрмашымнан Олжасым, Қадырымнан Рүстемім бар. Жиендерім қаншама… Одан артық бақыт бар ма? Ертең өлсем, артымды улатып-шулатып, бала-шағам тұрады. Алла тағаладан бұдан артық қандай өлім сұрайын?.. Мынау дегеніңіз тамаша өлім емес пе?! – деп тағы да қолын көкке көтеріп бір қойды.

– Өзің білесің, сендердің арқаларыңда Алматыда емделмеген ауруханам қалмады. Кейінгі кезде соғыс ардагерлеріне арналған госпитальда өзім қатарлас қарттармен көп жаттым. Бірде госпитальға бір қарияны әл үстінде әкелді. Ұл балам жоқ деді ме, әлде ұлдары қарамай қойған ба, егде қызы әкесін түзге отырғызып, жуындырып, шайындырып, тамағын беріп қасында  болды. Сондағы қарияның қара терге түсіп: «Не дейін, қарағым, өлер шағымда туған қызыма әуретімді көрсетіп, ар-ұяттан айрылып кетіп барамын…», деп кемсеңдегені әлі көз алдымда. Оған қарағанда, Құрманғазым, Құрмашым, Мыңғазым апасының бір жапырағы, бір ай болды, қасымнан бір елі кетпей, еш қиналмай дәретімді алып, жуындырып-шайындырып жатыр. Ол аздай, сендердің көңілдеріңе, зыр жүгіріп жүрген қызметтеріңе тойып, семіріп жатырмын. Адам байлыққа емес, көңілге, ықыласқа тояды екен. Құдайдың мұнысына қалай риза болмайын?! Қалай тәубеме келмейін, балам!? Бұл біле білсең ханның,  патшаның өлімімен бірдей. Бірақ кейбір патшаң халыққа жақпаса, отбасына сүйкімсіз болса, өлер шағында қараусыз қаңғып қалған. Қарашы, ақ төсекте жатырмын, дәрігерлер жүгіріп жүр, не ішем, не жеймін демеймін, айналам толған балаларым, немерелерім. Бұл шынында да айтары жоқ, өкінішсіз өлім!?. Ендеше, балам, бұл –  ұлы той! Сен тойға дайындал… Тойға…

– Папа, Құдай үшін олай демеңізші. Сізге Жасаған берген осынша жас берсе, онда Сіз Алла Тағаланың сүйген құлысыз. Ал сүйген құлының дертін, кеселін жазамын десе, не тұрады, тәйірі! Үмітіңізді үзбеңізші! Мен мамамды жақсы көремін бе десем, сізді одан да бетер жақсы көреді екенмін. Олай айтпаңызшы, – деп еңіреп сала бердім.

– Гүлзикам, балам, қызым, миятым! Осы сені көргенде, жүрегім елжіреп кетеді. Құдайдан айналайын, сендей қыз берген. Сені ғана қалай қияды екенмін деп  ойлап қоямын, – дегені сол екен, әкелі-бала екеуіміз еңіресе жөнелдік.

Кеше ғана өмірге сондай құштар, тоқсан жылдық тойынан дәмелі, Алматы мен Ақтерегінің арасын жол ғып шауып жүрген, бүгінде дәрменсіз, көзі жәудіреп, соңғы демін күтіп жатқан әкеңнен осындай қимас сөз есту қаншалықты  ауыр десеңізші?! Аты өшкір «жаман» ауру өкпесін, сосын ары қарай омыртқаны зақымдап, опырып жеп жатты емес пе?! Тұру қайда, отыруға рұқсат етпеді. Өйткені, омыртқа мүжіліп, жағдай одан да қиындауы мүмкін. Тек шалқасынан қимылдамай бір ай жатты. Ауқатты қасықпен, сұйықтықты түтікпен беріп жаттық. Дәрігердің жасаған жақсылығы-ақ, ауруды сездірмейтін дәріні үзбей салып, жанын көп қиналтпадық. Сонда ғой: «Балам, мына ауруың – немісте де, орыста да көрген бейнетімнің, қиындығымның жанында түк емес. Мен ойлаймын, осы Қазақстанда жоқ ауру ма деп. Жақсылап қаратып жатырсыңдар-ау, бірақ өкініштісі, сендердің жүгіргендеріңді, жасаған еңбектеріңді ақтай алмай кетіп бара жатырмын…» – деді ауыр күрсініп. Олай дейтіні бар, біз ол кісіге аты өшкір жаман аурумен ауырып жатқанын айта алмадық.

– Папа, олай демеңіз, біз сіздің балаларыңбыз. Бұл – біздің перзенттік борышымыз, міндетіміз. Неге ақталып айта бересіз? Сіздей әкені кім сыйламайды. Әлі-ақ жазылып кетесіз, – дейміз жүре жауап беріп, көзімізге тығылған жасты жасырған болып.

Бір күні кешке жұмыстан кейін  ауруханаға әкейге келсем, күлімсіреп қарсы алды. «Гүлзика, жаңа медбике қыздарым менің Құрмашымды мақтады ғой» деді. Ол былай болса керек. «Ата, осында ата-аналары ауырып, ауруханада жатқанда балалары келіп жатады. Солардың арасында сіздің балаңыз сияқты әкелеріне жаны қалмай қарайтындар аздау. Көпшілігінде ақша беріп санитаркаларға қызмет жасатады. Ал сіздің балаңыз бәрін өзі істеп, қайта әкемнің бір жерін ауыртып аласыңдар деп жолатпайды. Сізге сондай бала өсіргеніңіз үшін рахмет», деген ғой. Әрине, ата-ана үшін баласы жайында жақсы сөз естудің өзі ғанибет емес пе?!

Күн өткен сайын әкейдің жағдайы төмендей берді. Кейінірек қара суды аузына ұрттап, жұта алмай, кері қайтарып қалды. Қалай дегенмен, ауылға барғысы келетін шығар деп: «Папа, мүмкін ауылға, болмаса біздің үйге барып, емін-еркін жатсаңыз қайтеді», – деп ақырын айтып көрсек, ыңғай бермей, шорт кетсін.

–Бізді алғаш тұтқынға алғанда, шошқа фермаға қамап, доңызбен бірге жаттық емес пе? Оған қарағанда, мынау ақ төсек – ақ бесік қой. Өзі сондай жұмсақ болар ма? Мен ауылға кетсем, шабылып қаласыңдар. Мұнда бәрің жанымдасыңдар. Тілімді алсаңдар, мені осы ақ бесіктен – жер бесікке, мәңгілік үйіме бір-ақ апарып қоясыңдар», – деді дауысын қатқылдап. Содан кейін бұл әңгімені қозғамадық.

Дәрігерлер болса, ақсақалдың жүрегі қанша уақытқа шыдайды, соған байланысты деп ескертті. Қол қусырып қалай отырамыз, таныс, дос дәрігерлерді бірінен соң бірін әкеліп, көңілін аулауға тырыстық. Оның үстіне, әкей кітапты, газет-журналды орысша да, қазақша да оқи беретін сауатты адам еді. «Балам, ауруды нақты анықтай алмаған жағдайда «консилиум» дейтін бе еді, дәрігерлер қарға сияқты жиналып, кеңесуші еді ғой», деп анда-санда айтып қоятын. Бірде әкейге өзі жақсы білетін, неше жылдан бергі досымыз, қан тамырларының оташысы Раушанбектің (Мұқаев) келетінін ескерттік. Сондайлық қуанып кетті. «Раушанбек балам келсе, онда шашымды тағы да жуып, сақал-мұртымды алыңдар» деп қатты дайындалды. Раука болса, кәсіби хирург әрі психолог емес пе, әкейді жақсылап қарап, түсіндіріп, қолы-басын, аяғын уқалап, жанында біраз отырып кетті. Сонда ғой: «Балам, сені періште келетіндей күтіп жаттым. Аяғың жеңіл болсын, 85 жасқа толғандағы тойымда керемет билеп едің, енді келесі жылы тоқсанымды тойласам, тағы да билейсіңдер ғой», деп, рахметін жаудырып, айналып, толғанып қалған еді. Ал сыйлас дәрігер сіңлім, медицина ғылымының кандидаты, білікті невропотолог Ақмарал Ізбасарқызы Шаймерденова бірнеше рет келіп, блокода жасап берген. Сонда да: «Ақмаржан (өзі солай атап кетті) бүгін келе ме?» деп  тағатсыздана күтетін. «Гүлзика, осыдан жазылып, тоқсан жасқа жетер болсам, осы баламды тойға шақыруды ұмытпа» деп тапсырып қойды.

Әкеймен өткізген бір айымыз, бір жылға татыды-ау. Ай, күніміз тоқтап қалғандай сезіндік. Біра, осы уақыт ішінде әке мен бала, ата мен немере арасында небір қимас сезімдерді, сыйластықтың соншалықты таза, пәк қарым-қатынасын басымыздан өткіздік. Әкейдің айтып отырған баласы Құрмаш барлық аспапта ойнайтын музыкант, қоңыр да әуезді дауысы бар ауылдың әншісі. Ақтеректегі той-томалақ онсыз өтпейді. Жүрген жері жиын, той болғандықтан, жиі-жиі еркелеп қоятыны тағы бар. Той тойлап жүріп әкесімен еркін отырып сөйлесетін уақыт таппағаны ғой. Енді қолына басыбайлы түсіп, күндіз-түні қасында болғанда, әрі көңілін аулайын, уақыт өткізіп, ойын бөлейін дегені ме, өткен өмірінен әңгіме сұрамай ма? Сонда «Әкемнен алты жасымда – 1926 жылы жетім қалдым, содан бергінің бәрі көкірегімде сайрап тұр, сұрай бер» деген көрінеді. Бас кезінде қиналмай әңгімені қызу айтқанмен, соңына қарай дәрінің күші кете бастағанда, ауруы меңдеп, сөйлеуге шамасы келмей қалған көрінеді. Баласы темекі шегуге шығып кеткенде немересі Шынарға: «Ой, әкеңнің баласы, қарашы-ей, үйде жүргенде осы әңгімелерді сұраса, қайда қалды? Қарашы, енді келіп, жаным шығайын деп жатқанда қинап. Шаршадым, енді айтпаймын», деп кейіпті.

Әкей немерелерінің ішінде кіші қызыма, жиен немересі Шынарға деген ықылас, мейірімі ерекше байқалатын. Әкейдің денсаулығы нашарлай бастағанда, бойжетіп отырған қыз бала ғой, қорқып қала ма деп, атасына сылтау айтып, бір күн сабақтан соң келтірмеп едік, іздеп, сұрап, мазасы кетті. Не айтарымызды білмедік. «Шынарым менің жүрегімде тұрады. Оның қолы да жұмсақ, епті, берген тамағы да тәтті, адамға жақын. Бір атар қалжыңы да бар. «Шикабай, қандай оқуға түстің, құлыным?» десем: «Ата-ау, қай оқу деріңіз бар ма? Әйтеуір адам болатын оқуға түстік қой» деген баланың өзі де, сөзі де тәтті емей немене» деп жүрек тұсын көрсететін.

Бірде өзі қызым деп кеткен Жұмагүл атасының көңілін сұрап келгенде: «Жумка, айналайын, сен ауылға барғанда айта бар. Атасын сондай жақсы қарап, күтіп жатқан бір жақсы қыз бар. Оның аты – Шынар» депті. Жұмагүл – жақын ағайынымыз Бекен аға мен Рәзия жеңгейдің қызы. Оның үстіне, әкей мен шешей өздері сегіз айлығынан асырап баққан үлкен әпкем Рақия мен Марат жездемнің қызы, 25 жасында жаман аурудан қайтыс болған марқұм Бақытпен бір сыныпта оқыған. «Енді Бақатайымның орнына сен қызым боласың» деп, Жұмагүлді жанындай жақсы көріп кетті. Ол да ауылға мереке сайын  барғанда атасына сәлем бере кіріп, әрі сыйлығын сыйлап жататын. Осы жаңа жылда барғанда соңғы рет суретке де, бейне таспаға да түсіріп  алған екен.

Иә, әкейдің баласына кейитін жөні бар. Шынында да, жұмыс, тіршілік деп, ата-анаң мәңгі бірге жүретіндей, тамағын беріп, киімін түгендеп кигізсек болды деп, емін-еркін сөйлесуді ертеңге қалдырып жүретініміз рас. «Айналайын-ай, осы сені жақсы көретінім, әңгімемді аяғына дейін тыңдайтының. Ал менің балаларыма бірдеңе айта қояйын десең, «Қойшы, апа, болды деп «болдының» астына алады. Кейін айтасың дейді. Не болмаса «Сізге оның түкке де керегі жоқ, тыныш отыра бермейсіз бе?» деп сөзімді қақпайлап айттырмайды-ау» дейтін біздің бір досымыздың үйіне бара қалсақ, анасы балаларына шағымданып. Құрмаштікі де соның кері. Не керек, осылайша, әкелі-бала бір бөлмеде қос төсекте қатар жатып емін-еркін армансыз сөйлесіп, шер тарқатысты білем,  қайтыс боларынан үш күн бұрын інім моншаға түсуге кеткенде: «Гүлзика, талай нәрсені өзіммен бірге алып кетіп барамын. Ол – бітеу жара, айтылмайды» деп бір қойды.  Бітеу жарасының кім туралы екенін шамамен білеміз. Мен де сұрамадым. Сосын оң қолымды алып кеудесіне басты да: «Ой, менің жұмбақ, ақ көңіл балам-ай!? Мен тоқсанға келіп, ол елуге келіп, өлер шағымда ғана түсінісіп кетіп бара жатқанымыз-ай. Көресің, енді менің Құрмашым әлі «мынауский» бала болады», деп бас бармағын көрсетті де: «Өзінің денсаулығы жоқ, дәрігерге қаратасың ғой», – деді кемсеңдеп.

Иә, сонда балаға ата-анасының қадіріне жетіп, түсіну үшін олардың  дүниеден өтуі шарт па? «Қарттықты үш нәрсе мұқалтады» деп жазады Жәрдем ағамыз, «ағайынның алалығы, бәйбішенің бақилығы, баланың бақытсыздығы». Дәл айтылса керек.

Ауруханада жатқанда әкейдің ауырғанын естіп, көңілін сұрай көп адам келіп жатты. «Маған ағайын-туған өз алдына,  осы келмейді деген адамның  біразы келіп, көңілімді сұрап  жатыр. Біз пендеміз, періштелер ғана көкте ғой. Ағайынды ренжітіп, қатты сөз айтқан жерім болды ма екен деп ойлап жатырмын», депті Шынар немересіне. Рас, әкейге көп адам келді. Әсіресе, ауылдан ағайынды Амантай мен Аманбай келгенде қатты толқыды. Сосын Аманбайды қасына отырғызып: «Айналайын, қазір өзге түгілі, өз әкесін моншаға түсіретін бала аз. Ал сендер мені үйлеріңе апарып, басымнан башпайыма дейін жуындырып, шайларыңды беріп әкеліп тастаушы едіңдер. Сендер әкеден-шешеден шиеттей бала-шаға жетім қалғанда, қолымыз қысқа болып пәлендей көмектесе алмадық. «Жетім өспей ме, жарлы байымай ма» деген. Мына әпкелерің Света мен Жұмакүлдің арқасында жаман болып жатқан жоқсыңдар. Сендерге батамды беремін. Киімсіз жүрген жоқсың ғой, Гүлзика, менің тоқал тамда ілініп тұрған күзгі пальтомды Аманбайға берерсің. Атасын есіне алып жүрсін», – деп көңілі босасын.

Менің алдымда ғана Ақтеректен кіндік қызы Шәйбүбі келіп кетіпті. Соған да бір аманат тапсырды.

– Мен өлгеннен кейін екі пенсия береді (оны білмейді екенмін), – деді папам екі саусағын шошайтып. – Соның бір пенсиясын, яғни жиырма бес мың теңгесін Шәйбүбі қызыма бересің.  Біріншіден, шиеттей бала-шағасы бар. Екіншіден, күйеуі Серік қайтыс болса да, оның анасы – енесі Несіпті  қандай ғып бағып-қағып отыр. «Келіннің жақсы болғаны, басыңа қонған бақпен тең» деп бекер айтпаса керек. «Жас кезіңде көрген бейнетің ағып түскен сумен тең, қартайғанда көрген бейнетің езіп ішкен умен тең» деп отырушы еді бұрынғылар, соның бәрі рас.  Шәйбүбі айналайын, сондай бір иманды, жақсы бала.

Әкей осыншама жасқа келсе де, көкірек көзі ояу, өздігінен оқып, көңілге тоқығаны көп сауатты адам еді. Маған: «Балам, есіңде ме, екеуіміз сендердің редакцияның алдында түскен суретіміз бар еді ғой. Соны үлкейтіп, ұзақ сақталсын, ломинировать етіп, іліп қоярсың» дегені. Мен жатып кеп күлейін. «Папа, ломинировать деген сөзді қайдан білесіз?» десем: «Папаң көп нәрсе біледі, тек өлетін күнін ғана білмейді», деп өзі де күліп жіберсін. Сосын: «Ана Досқалиевты қайтадан денсаулық министрі етіп әкелген бе? Парламентте комитеттің төрағасы еді, орнына бұрынғы біздің Жамбыл ауданының бірінші хатшысы болған Нүкетаевтың қызы Динара болыпты ғой» дегенде, аңырып тұрып қалайын. «Папа-ау, Парламентте комитеттің жұмыс істейтінін қайдан білесіз?» деп күлсем: «Сен менен, балам, бұрынғы ЦК КПСС-тің бюро мүшелерінің өмірбаянын сұра, соны да айтып беремін. Оған қарағанда Динара өзіміздің қызымыз емес пе», – деп таңқалдырғаны бар.

Онысы рас. Әкей біраз жыл ауылда пошташы болып істеп,  малшыларға қоржынның екі басын газет-жорналдарға толтырып алып, атпен тарататын. Сонда көрдім, ол кезде кеңестік заман,  малшыларға  дейін ресейлік «Правда, «Известия», «Трудтан» бастап, өзіміздің орталық, облыстық, аудандық газет-жорналдарға мәжбүрлеп жаздыратын. Соның бәрін алдымен папам өзі оқып, шолып шығатын. Сосын қойшы, жылқышыларға «мына газеттегі пәлен мақаланы, мына жорналдан пәлен дүниені оқысаңдар жетеді» деп айтатын көрінеді. Жеті сыныптық білімі бар, тоғыз жыл Сібірде тұрған әкейдің орысшасы да әжептеуір еді. «Язык до Киева доведет» деп Хабаровскіде тұратын Қадыр баласына кейде поезбен, кейде ұшақпен барып келетін. Сонда деймін-ау, әкемнің адалдығы ғой, анам Тәкмила: «Сәдір-ау, сол қойшыларың газеттерді түгел оқып жатқан жоқ. Әсіресе орысшасын. Үйге анау-мынау орағанға, болмаса газет сұрап келгендерге берейін, бес-алтауын қалдырып кетсеңші» десе: «Жоқ, өткен сандағы мақаланың, әңгіменің жалғасы болып қалуы мүмкін. Тек оқып алуларыңа ғана беремін» дейтін еді, жарықтық. Осы өміріне дейін біреудің ала жібін аттап көрмеген, не өтірік, болмаса қосып сөйлемеген адам еді. Бір ғажабы, есте сақтау қабілеті, жады керемет болатын.

Адамда арман таусылған ба?! Жүзге жетсең де, адамның бір шіркін-айы, арманы көкейде жүретін болуы керек. Әкем де арманын айтып кетті.

Балам, арманым бар десем, ұят та шығар. Бірақ, айтайын. Алла Тағала енді бір жарым жыл жас берсе, тоқсанға келіп, Жеңістің 65 жылдығын ел-жұртыммен бірге тойласам. Қонақтарыма сыйлығымды үлестеріп, сосын екі қолымды немістерге көтергендей өлімнен жеңіліп кете барар едім. Ол бір. Екінші, ауылдағы қара шаңырақтың айналасын қоршай алмай кетіп барамын. Сым қоршау қашанда концлагерьді есіме салып тұрушы еді. Темірлан (кооператив басшысы) балам: «Аға, биыл егін бітік  шықпады. Жауын-шашын  аз болып, шөпті де аз жинап, қиналып тұрғанымыз. Амандық болса, келесі жылы қоршап беремін» деген еді. Соған пенсиямнан 120 мың теңге жинағанмын. 60 мыңын Құрмашыма, 60 мыңын өзіңе бердім.  Қоршау саған аманат. Ал үшіншіден, ана Қадыр балама мен алай-бұлай болып кетсем, хабар бермеңдер. Бәрібір ол жердің түбі Хабаровскіден келіп үлгермейді, шиеттей бала-шағасы бар шығындалмасын. Асқа келер. Менің бір үлкен өкінішім, сол балам мектеп бітіріп, ҚазГУ-дің механика-математика факультетіне түсіп тұрғанда, бір профессор шақырып: «Балаңыз мықты екен. Есепті түгел шығарған жалғыз талапкер. Сондықтан комиссия мүшелері ақылдасып, Мәскеудегі Ломоносов атындағы университетке оқуға жіберуге шешім қабылдадық» деді. Ай, сондағы ақымақ басым: «Танымайтын, білмейтін үлкен жер. Ауылдан шығып көрмеген бала. Қасымда болсын» деп жібермеп едім. Соным бекер болды. Қайтейін, бәрібір Ресейге бір орыс қатынның артынан кетті. Балаларының бәрі орысша сөйлейді. Енді оларың орыс болып кетті. Осы жазда келгенде кететін болып қоштасарда құдай аузыма салды ма: «Балам-ау, тоқсан жас та оңай емес, мүмкін әкеңді соңғы рет көріп тұрған шығарсың», деген едім. Сол сандырағым келді. Ол поезбен алты күн жүріп жеткенше, күтіп жатпаймын ғой. Келгенмен де тіріле қоймаймын. Қинамаңдар ол баланы», – деді. Солай жасадық та. Әкей қайтыс болғанын естіртіп, аманатын айтып, әуре болмауын өтіндік.

Әркімнің өз әкесі өзіне әулие, өзіне қадірлі, аяулы. Біздің әкеміз кішігірім бастық та болмады, ауылдың зиялысы мұғалім де болмады, «екі қолға бір күрек» деген, қарапайым шаруа адамы еді. Нәресте кезінде шешек шығып, сол кеселдің зардабы жүзіне айшықты ізін салған, сіріңке қара, мінезі тура, өте ұқыпты, жаны да, өзі де таза адал жан  болып өмірден  озды. Алайда бір нәрсе анық, адам баласы қандай да бір азапқа мойымай төзе алады десек, соның бәрінен дәм татып, ең қиын қасіретті де тағдырлы жолдарын жүріп өтті. Өмірдің күңгейінен гөрі, көлеңкесін көбірек көрді. Содан да шығар әкемді бетіндегі шешектен қалған дақ емес, тағдырдың салған таңбасы жарты ғасыр бойына жегідей жеді. Әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысын шекарада қарсы алған. Көп ұзамай тұтқынға түсіп, бес жыл немістің концлагерьлерінде көресіні көріп, соғыс біткенде айырбасқа ілінгенмен, Сталиннің «Бізде тұтқындар жоқ, олар Отанын сатқандар» деген саясаттың құрбаны болып, он жылға Сібірге жер аударылды. Тек Сталин өлгеннен кейін 1954 жылы елге келгенмен, жарты ғасыр бойына сүйекке түскен таңбаны ақтамай, қасірет шекті. Тек Жеңістің елу жылдығы қарсаңында ақталып, соғыс ардагері атанды. Одан кейін 14 жыл ғұмыр кешіп, өміріне, ұрпағына ризашылық білдіріп, ажалды осылай қарсы алды.

Ауылда да сыйлы екен, жерлеуге көп адам жиналды. Онсыз да бір ай бойы көз жасымыз тиылмаған әкейді шығарып салатын күні алдағы екі күн ұйықтамағанымыз бар, адамның ағзасы шаршай ма, қайдам, соңғы күнде көзіміздің жасы таусылды. Ондай да болады екен. Әсіресе, әкесінен, арқа сүйерінен, үйіндегі отырған берекесінен шын айрылғанын, суық жердің қойнына тапсырғанда көзі жеткен болуы керек, оның үстіне әкелі-бала екеуі бір ай бірге қоян-қолтық бір бөлмеде жатып, үйренісіп те қалған інім жерлеп келгеннен кейін  тойханада берілген астың үстінде жүрегіне күш түсті білем, шалқасынан құлап түссін. Әкеден айрылғанымыз аздай, енді бауырдан айрылып қаламыз ба деп, әрі-сәрі болып, есіміз шығып Құрмашпен әуре болып жүргенімізде топырақ салуға алыс-жақыннан келген ағайындарға, ауыл адамдарына, «Егеменнен» Мамадияр Жақып, Қорғанбек Аманжол ағаларымыз бастап келген ұжымға, жазушы көкеміз Жұмабай Шаштайұлына, заңгер, ғалым Сәкен Өзбеков бауырымызға, Шараффадин Әмір інімізге, жаназасын шығаруға арнайы келген Қазақстан Діни басқармасы оқу бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбекұлы мен Оңғар қажы ағамызға, ең бастысы, «концлагерьде үш жыл төрт ай бірге болғанда інімдей қойныма алып жатушы едім» деп келіп, мәйітті құшақтап жатып алған, сол кезде 96 жастағы Жамбыл ауданы, Қастек ауылының ақсақалы Мұсахан ағаға, қайғымызға ортақтасып келген достарымызға, оның ішінде Бөкең мен Гүлжанға, Әнипа тәтеге, құда-жекжаттарға бір ауыз рахмет айта алмай қалғанымызға қатты өкіндік.

Құдіреті күшті Жаратушының ісіне не шара айтасың?! Мынаны қараңызшы, анам Тәклиманың қайтыс болғанына 18 жыл. Ол кезде әкей 71 жаста еді. Ол кісіні жерлегенде әкей жанынан орын алып қою  жайлы үндемеді. Біз де емеурін танытып айта алмадық. Он сегіз жылда үлкен ауылмыз ғой, қаншама адам бақилық болып, анамыз солардың ортасында қалған. Сөйтсек, шешейдің қасындағы төмпешік жәй қорған тұрғызуға түсірілген топырақ болып шықты да, ақымды сол жерден қазды. Анау дейміз, мынау дейміз, сонау жер түбінен Сібірден әкейдің етегінен ұстап келген татар қызы – анам өзінің Сәдірін жанына алып, екеуі мәңгілікке қатар жатты. Ал енді Құдайдың бұл шеберлігіне не айтасың?! Жаратқан иеміз өзінің құдіретінің шексіз екенін осылайша тағы бір дәлелдеді.

Зырлаған уақыт. Әкейдің қайтыс болғанына бір жыл толғанда шариғат жолымен асын бердік. Оның үстіне соңғы жиыны болғандықтан «қалай өткізуіміз керек?» деп ойланып, толғандық. Жарықтық: «Менің асымды той етіп өткізіңдер. Сол жылы тоқсанға келемін. Қабірімнің басына ескерткіш тас қойсаңдар, суретімді салдырыңдар. Сендер келгенде дидарыммен қарсы алып тұрайын», деген еді.

«Фәнидің дәмін тауыстың, әке,

Мәңгілік үйіңмен қауыштың, әке.

Жер төсегің болсыншы жұмсақ,

Жан қосағыңмен табыстың, әке..» – деп жыр жолдарын арнап, суретін салып, шешейдің жанына жайғастырдық. «Той болсыншы» деген соң шақыру билетін, өзі аманат еткен қара шаңырағының қоршауын жасап, кіндік қызы Шәйбүбіге үкімет берген екі зейнетақысының біреуін бердік. Естелік кітапша шығарып, әкеміз туралы бейнетаспа түсіріп, перзенттік парызымызды орындағандай болдық.

Әкей қайтыс болғанда өзім қырық жылдай қызмет жасаған «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі вице-президенті, бүгінде марқұм Ерағаң Ержұман Смайыл ағамыз Астанадан телефон шалып, көңілін білдіргенде, әкейдің өлімді қалай қарсы алғанын, соңғы сөздерін айтқанымда: «Жарықтық әкеңіз қандай ақылды адам болған, иманды болсын» деп жұбатқан еді. Әкейді жерлеп, жұмысқа шыққан соң, тағы да Ерағаң телефон шалып: «Гүлзейнеп, саған бір  тапсырма берейін деп тұрмын. Біз ғой, әкеден бес жасымызда айрылып, әкеге деген сезімді сезінбей өстік. Ақсақалдың айтып кеткені мына бүгінгі пенделерге ой салсын, көзі тірісінде ата-анасына қызмет жасай алмай, қадырын түсіне алмай жүргендерге   сабақ болсын, «Әкесі өлген қандайды…» деген мақаланы қырқына дейін жаз» деп, тақырыпты өзі қойып берген еді. Ерағаңның тапсырмасы орындалып, аталмыш мақала жазылып, «Егемен Қазақстанға» жарияланды. Қазір жұрт газет оқымайды деп жатамыз,    мақала жарық көргеннен кейін танитын, танымайтын жоғары лауазымды,   атақты адамдардан бастап, қарапайым жандарға дейін телефон шалып та, факс, телеграф арқылы да хабарласып, көңілдерін білдіріп жатты. Тіпті, білмеген, көрмеген көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденовтың жары Бағдат апай редакцияға хабарласып: «Гүлзейнеп айналайын, әкемді жақсы көруші едім. Сенің мақалаңды оқып, жан әкем есіме түсіп, көз жасымды сулап алдым. Үйге келе ғой, мынандай әкеден айрылған саған көңіл шәй берейін»,- деп болмай қонақ еткені бар.

* * *

«…Дүние, дүние, дүниесің,

Дүние, несіне сүйінесің.

Жарықтың түбі қараңғы,

Сен де бір күні сөнерсің,» – деп айтқан өлең жолдарын әкемнің көзін жұмып, күбірлеп жатқанында жазып алған едім. Бірақ бұл бір шумақ өлең жолының кімдікі екенін білмедім. Сұрауға беттемедім.

«Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,

Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.

Қатын-бала асырау амалында,

Кеттім-ау соған көңіл бөлуменен.

Осымен өмір бітті, дәм-таусылды,

Ішімде көп сөз кетті терілмеген.

Тіршілікте әрекет етпеген соң,

Сүйектен не шығады кебіндеген», –

деп Әсет Найманбай бабамыз айтып кетсе, оған Мәшһүр Жүсіп бабамыз былай жауап қатқандай:

Білеміз өлуді анық жабдығы жоқ,

«Әлі көп жасаймыз» деп көңіліміз тоқ.

Қоңыздай кетсек бір күн домаланып,

Бейнетпен қалар тегіс жиылған боқ.

Құдай-ау алдандырдың бізді жоққа,

Мұнша құмар ғып қойдың дүние боққа.

Ес кірмеген баладай ұмтыламыз,

Жан үзіп, жанып тұрған қызыл шоққа» дейді.

Пайғамбарымыздың хадис шарифінде «өлген адам туралы тек жақсы сөз айтыңдар, жаман сөз айтпаңдар. Өйткені, ол жақсы істері үшін марапатталатын, жаман істері үшін жазаланатын жерге етті» делінген. Адамға мақтауды да өзіне тән деңгейде айту керек екен.

 … Редакцияға жерлес  Орысбай аға көңіл айта келгенде, «Жеті мүшел 86 жас жасаған адам, Алланың есебіндегі пендесі болып кетіп, пейішке барады екен…» деген еді. Сол шын болса, менің ардақты да, аяулы әкетайым қазір Жәннаттың бақшасында жүрген шығар… Алла тағала панасына алып, пейіште нұрыңыз шалқысын, әкетайым!!!

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ

 «Егемен Қазақстан», 14.03.2009 жыл.

 

 

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button