Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

НАЗАРБАЕВ БИЛІКТЕН НЕГЕ КЕТТІ?

Дүниені дүр сілкіндірген Қаңтар оқиғасының басталғанына бүгін 4 жыл толып отыр. Осыған орай біз мемлекет қайраткері, тарихшы, саясаттанушы, профессор Мұрат Бақтиярұлының таяуда баспадан шыққан «Қаңтар қақтығысы» атты кітабының бірінші мақаласын жариялап отырмыз.

Қаңтар қақтығысының орын алуына ең әуелгіде газ бағасының жылдың басында аяқ астынан, күтпеген жерден, бір жақты шешіммен бірден шырқап шарықтап кетуі басты себепкерлік еткенімен, оның артынша бүкіл елге кең қанатын жайған ірі қозғалысқа, ақыры жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетуіне, сөз жоқ, республикадағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өте төмендігі, тұрмыс және тұтыным заттарының қымбатшылығы, халықтың аса басым көп бөлігінің зор кедейшілік жағдайында тұратыны, жұмыссыздықтың етене етек жайып бара жатқаны түпкі негіз болды. Бұған соның алдында екі жыл тоғыз ай бұрын алмастырылған жаңа президенттік команданың жағдаятты жақсартуға оншалықты қарқынды қадам жасай алмай отырғаны да желеуді желбіретті. Ал мұның бәрінің астарында елде егемендік алғаннан бері қордаланып, жиналып қалған ен апат өзекті мәселелер және соларға қынжылған халықтың өкпесі мен реніші, ашуы мен ызасы, қыжылы мен наласы жатыр еді…

Сонымен, әлқисса, тәуелсіз Қазақстанды сонау 1991 жылдан бері үзіліссіз басқарып келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыздың 19-ында теледидар арқылы бүкіл елге үндеу жариялап, келесі күннен өзінің қызметін бір уәжбен доғаратынын мәлімдеді. Сөйтіп, труимф пен трагедияға толы отыз жылдық дәуір дәуренінің дүркірі мен дігірі аяқталғанын тамам елге мағлұм етті. Алайда, бұл жерде біз аздап ілгері озыңқырап кетіп тұрмыз, әйтпесе «президенттікті тапсырды» делінгенімен, ол бұдан кейін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деген зор лауазым тізгінін қолына ұстап, өкілеттілігінің күші мен ел тіршілігіне көрсететін ықпалы жағынан іс жүзінде күшейе түскені болмаса, ештеңені жоғалта қоймады. Мұның жайына кейінірек тоқталамыз.

Әзірге Нұрсұлтан Назарбаевтың өз сөзінде «мемлекетіміз өміріндегі ең маңызды тарихи сәттерде» осылай «халқына үндеу жолдап» тұратынын еске сала отырып, бүгін тағы сондай меселді мезеттің келіп жеткенін қозғағанына аялдайық. Ол «бүгінгі үндеуінің мәні зор» екенін атап өте келіп, «Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату» жөнінде түпкі шешімге келгенін баяндады. Әлбетте, сол кезде оның өзі мойындағанындай, бұл әсте «оңай шешім емес» болатын.

Мұнысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы мәртебесінде жариялаған ақырғы үндеуінің өн бойынан да сезіліп тұрды. «Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды, – деді ол өзінің егемендіктің елең-алаң бастау шағында тұғырдың ең шыңына шыққан шағын ойға салып. – Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды. Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтады. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік».

Елбасы бұдан әрі: «Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көп ұлтты және көп конфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық, – деді бір сәт тәуелсіздіміздің шежіресі беттерін парақтап тұрып. – Көп ғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалуын қамтамасыз еттік». Ол осылай дей келіп, ең жоғары биліктің сатысынан кеткенімен, өзі осындай «табысқа жеткізген» мемлекеттің басқару жүйесінен әлі де ұзай қоймайтынын сөзге айналдырды.

Анығында, Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғысынша биліктегі «Нұр Отан» партиясының лидері және Конституциялық кеңестің мүшесі болып қала беретін болды. Оған бұған қоса, заңдарымызға сәйкес бекітілген еліміздің Тұңғыш Президенті және Ұлт көшбасшысы (Елбасы) мәртебесін еншілеген толымды тұлға ретінде оған Қауіпсіздік кеңесін өмір бойына басқару құқығы мезірет етілді. Егер аталмыш кеңестің түп тарихына үңілер болсақ, ол өзінің бастауын тәуелсіздіктен бұрынғы совет заманынан, 1991 жылдың жазынан алатынын айтар едік. Сол жылғы 21 тамыз күні ол КСРО құрамындағы Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылды. Құрылым 1993 жылғы 17 маусымда егемен Қазақстанның меншігіне өтті. Содан беріде 2017 жылға дейін ешбір қол тигізілмеген қалпы қозғалыссыз жатты.

«Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым, – деді тағы Нұрсұлтан Әбішұлы ақтарылып. – Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қызмет етемін. «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесімін. Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Алдағы уақытта да еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді». Иә, бұл сөздердің астарына дұрыстап үңіле білген адам бұрынғы президенттің бұл арқылы «бұрын елге қалай қызмет етсем, бұдан кейін де сол қалпымда қызмет ете беремін» деп отырғанын анық аңғарған болар еді. Былайынша айтқанда, «өзгерген ештеңе де жоқ» дегенді санаға сыналап сіңіргісі келгені сезіледі.

Саяси сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кету туралы мәлімдемесі ойламаған жерден жарияланғанымен, оқиғаның өзі соншалықты бір күтпеген жағдай болмағанын растады. Қазақстандық саясаттанушы Марат Шибұтов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында айтқандай, Елбасының жоғары лауазымнан қалай кететіндігінің түрлі нұсқалары алдын ала талай рет қарастырылған. «Қай уақытта да жұрт болжай алмайтын неғайбыл саясатымен ерекшеленіп кеткен Президент ақырында бір таңдауға тоқтап, Қауіпсіздік кеңесіне егелік ететін нұсқаны қалап алды», – деген қорытынды жасайды саясаттанушы.

Ресейдің Орталық Азия елдері жөніндегі сарапшысы Аркадий Дубнов Елбасы «билікті ауыстырудың ұғымды сценариін дайындады, соның арқасында ол Президент қызметінен кеткенімен, өкілеттігі өте жоғары Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала береді» деген тұжырымға ұйыды. Сол бойда: «Назарбаев – аса қабілетті, парасатты мемлекет қайраткері, ол өз позициясын, отбасы позициясын сақтай отырып, өзі қалыптастыра алатын, ұйымдастыра алатын, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының конституциялық өкілеттіктері рұқсат ететін әлдеқандай нұсқаулар бере алатын басшылық форматының құрылуын қамтамасыз етуді қалайды. Жалпы, бұл – революция емес, сілкініс емес, бұл – оның өзіне әлдеқандай бір құрметке ие болу үшін жасаған саналы қадамы», – деп ойын тиянақтайды ол.

Сарапшылардың бірқатары Нұрекеңнің билікті ерікті түрде беріп, өзінің амбициясын толығымен қанағаттандыратын лауазымға егелік етіп алғанын бір кездері зейнет демалысына кеткенінде, өзінің оңтайлы орнын тауып алған Қытай лидері Дэн Сяопинге ұқсатып бақты. Мысалы, Ресей Басыңқы өңірлік жобалар институтының бас директоры Николай Миронов бұған бір қарағанда, көлеңкеде қалып қойған секілді болып көрінгенімен, өзінің ел саясатындағы тегеурінін сол қалпы сақтай білген, тақ мұрагерлерінің кімге тиесілі болуға тиісті екенін анықтауда ақырғы шешуші рөлді атқарған «Қытай экономикасы атасының» әрекетін байқаған кейіп танытты.

Осы тұста «Ведомости» басылымының сұрауына жауап берген ресейлік басқа саясаттанушылар мен сарапшылардың барлығы Назарбаевтың таңдап алған жолы Қытайда 80-ші жылдардың ортасында Дэн Сяопин қолданған бағытты еске түсіретінін жарыса жазысты. «Назарбаев президент орынтағын тастап барады. Бірақ ұлттың көшбасшысы тұғырынан кетпейді, ол бағзылық кескініндегі «елбасы» болып тұрмақ. Ең бастысы, жақын аралықта өкілеттілігі президенттің әлеуетінен де асып түсетіні заң жүзінде бекітілген Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деген құдыретті лауазымын сақтайды, – дейді Аркадий Дубнов. – Сондықтан оны Қытайдағы Дэн Сяопинмен салыстырудың салдары дұрыс. Демек, Назарбаев Қазақстанның жоғарғы демиургі, төрешісі, жаратушысы және ұстап тұрушы тұлғасы болып қала береді. Ол қабілеті бар кезіне дейін және тірі тұрғанынша елдегі саяси үдерісті өзінің бақылауында ұстайтын болады». «Назарбаев бәрін айтарлықтай ақылмен істеп отыр, – деді саясаттанушы бұдан әрі. – Ол мұны өзі кеткеннен кейін болуы кәдік кез келген кедергінің алдын алу үшін жасады. Ал мұндай тәуекелдер қай кезде де кезігіп қалады. Мына сценарий өте ұғынықты. Бұл оның өз адамдарының мүддесі мен өз бағытын сақтап қалуына толық мүмкіндік береді. Назарбаев Қазақстанды халықаралық құқық субъектісіне айналдырды. Енді ол өзінің мұрасын қорғап тұра алады». Біздіңше, бұл байламдардың байыбы да шындықтың шырайынан тым ұзап кете қоймайды. Мұндағылардың көбі осыны айғақтайтынына қазіргі кезде өзіміз де көз жеткізіп келеміз.

Ресей Саяси технологиялар орталығының бірінші вице-президенті Алексей Макаркин өз кезегінде салыстырылып отырған екі жақтың өздеріне тән ерекшеліктері бар екенін айта кетуді ұмытпайды. «Бұл – Қытайда Дэн Сяопин жүзеге асырған модельдің өзі, тек өзіндік нюанстары бар, – деді ол. – Айырым мынада, Қытайда коммунистік партия деген біріктіргіш күш болған және әлі тұр. Ал Дэн Сяопин партияны әлсіреткен нәрсенің бәрін оттай ыстық темірмен шыжғырып күйдірген, соның ішінде партияның өзі тым әлсіз деп санаған екі бас хатшысын да аямаған. Назарбаевта ол жоқ, оның тек «Единая Россия» тектес өз партиясы бар. Бірақ, әлбетте, Қытай компартиясы сияқты нығайтылмаған. Назарбаев мына жағдайда тұйықтан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ғана болып қоймай, сонымен қатар Елбасы мәртебесімен де шығып кетеді».

Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы тағынан кеткеннен кейінгі өзінің статусын күні бұрын қалай қамдап алғаны жайына келейік. Ол жоғарыдағы мәлімдемесін жариялаудан тура 1 жыл, 1 ай бұрын Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын өле-өлгенше атқаруды өзі үшін заңдастырып алған-ды. Атап айтқанда, 2018 жылы 5 шілдеде Президент қол қойғасын «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі туралы» заң өз күшіне енді. Онда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елі үшін орындаған «тарихи миссиясына байланысты» Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы төраға тұрғысында басқару құқығына ие болғаны атап көрсетілген.

Бір қызығы, Парламент айтылып отырған заңды 2017 жылдың соңында қолға алып, оны бірнеше кезең бойынша, яғни қайта-қайта шұқшия қарап, әбден егжей-тегжейлі пысықтап шығып, біртіндеп қабылдаған еді. Саяси сарапшылар оны бірден Назарбаевтың Президент пен Премьер-Министрге теңдес серік болып қосылып, өте жоғары билік бишігін өмірінің ақырына дейін сақтап қалуына мүмкіндік беретін жоба ретінде қарастырды. Осыған сәйкес, Елбасы ендігі жерде өзінің құзыретінің күші жағынан Президенттің өкілеттігінен де жоғары тұратын ахуалға жетті.

Мұндай артықшылықтарды мына сипаттардан байқауға болады. Алдымен Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілді – бұл Конституцияға енгізілген реформаның арқасында мүмкін болды. Сенат 31 мамырда Президентке осындай құқық беретін түзетулерді мақұлдады. Сол күні Парламент Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесін консультативтік-кеңесші органнан конституциялық құрылым етіп өзгерткен және Назарбаевтың оған өмірінің соңына дейін төрағалық етуін қамтамасыз ететін заңды да бекітті. Ал Елбасы маусым айында өткен Конституциялық кеңесте сөз алып, «Қауіпсіздік кеңесі туралы заңның» Конституцияға сәйкес келетін-келмейтіні жөнінде сұрақ қойған-ды. Бұған Конституциялық Кеңес заңның өзі де, Назарбаевтың өмір бойы төрағалық етуі туралы ереже де Ата Заңның талаптарына қарсы келе қоймайтынын айтып, жауап қатты.

Осылайша жаңа функциялық мазмұнға көшкен Қауіпсіздік кеңесінің құзырына енген құзыреттер артып шыға келді. Жалпы, ол «елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылу» шараларына баға беруден бөлек, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың осы саладағы қызметін үйлестіруге қоса, осы міндеттерге байланысты Үкімет пен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының есебін тыңдайды, ел дамуының аса маңызды бағыттары бойынша мемлекеттің стратегиялық құжаттарының орындалу жай-күйін тексереді, мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, маңызды сыртқы саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамаларды бағалайды, ал ең бір қызғылықты жері, ол «орталық пен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшы лауазымдарына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды» талқылаудан өткізе алады. Демек, төраға келісім бермесе, Мемлекет басшысы ұсынылып отырған кадрды белгіленген қызметке тағайындай алмайды. Осы призманың тұрғысынан қарағанда, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының құзыреті Президенттің өкілеттілігінен де асып түсетінін, тіпті оның аяқ-қолын байлап тастайтындай қауқары болатынын байқаймыз.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіз Қазақстанмен біте-қайнасып кеткендей кейіпте болған көрнекті қайраткердің күтпеген жерден бола салғандай көрінген қызметтен кету операциясы алғашында қоғамда екіұдай сезім тудырғаны рас. Мұны «осылай болуы керек еді» деп қолдарын ысқылап, қуана қабылдағандар да аз болмады, үйренісіп қалған адамның кететініне мұңайғандар да кездесті, сонымен бірге екі жақтың біріне қосыла кетпей, өздерін бейтарап ұстаған кісілердің шоғыры да бір қауым еді. Дегенмен, уақыт өте келе көзқарастары «отыз жылдық өтілі бар көшбасшымен» қош айтысудың жөн болғанына қарай ауа бастағандардың қатары біртіндеп көбейе берді.

Арада тура сегіз айға жуық уақыт өткеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев «қалың елі, қазағы, қайран жұрты» – қарапайым халық кезінде өзінің тұғырдан кеткеніне «қамығып қалған еді» деген сыңайда бір сөз шығарып, біраз әуейі әңгімеге от қойып алды. Бұл оның ел жұртшылығының өзіне деген пікірін тек айналасында жүрген нөкерлері мен жақтастарының жарамсақтықпен асыра сілтеп жеткізулері арқылы ғана білетінін, ал соңғы кездердегі шынайы өмір тынысынан мүлде хабарсыз қалғанын анық аңғартты. Әйтпесе, тап сол кезде де, – одан кейін боса-болмаса, – бұрынғы президенттің биліктің биік тағынан «ертерек» түсіп кеткеніне өзек жарардай өкініш білдіріп, қапа болып жүрген жабырқау жандарды пәлендей байырқалап бағамдай алмадық.

Біздің бұған кепіл қып келтірер тағы бір уәжіміз: Қаңтар оқиғасының бірінші бөлімі газ бен басқа да тұрмыстық-тұтыным заттарының шамадан тыс қымбаттап бара жатқанына, жалақы мөлшерінің тым аздығына наразылық білдіруге арналса, батыл саяси талаптар қойылатын келесі бөлімі барлық аймақта дерлік негізінен ауызша да, жазбаша да берілген «Шал, кет!» деген лозунгінің аясында өтті. Бұл, әрине, елді егемендік алған кезінен бұрын-ақ басқаруды қолға алған, сол тізгінді отыз жыл бойы уысынан шығармай ұстап келген, соңында биліктен өз еркімен саналы түрде кеткен, бірақ оның қуатты функцияларының бір бөлігіне бәрібір ендей егелік етіп қалған ақсақал жасындағы атпал азаматтың ар-намысы, бет-беделі мен амбициясы үшін өте ауыр, қатты, жойқын, сұрапыл соққы еді.

Алайда бұрынғы президенттің өзі атап өтіп отырғандай, 2019 жылдың наурыз айында ол биік лауазымынан ақиқатында өз еркімен кетті ме, әлде бұған оны әлдекімдер немесе әлденелер мәжбүрледі ме, деген сұрақ қоғамның қауызында әлі күнге дейін бүлк-бүлк қайнап келе жатыр. Не айтатыны бар, бұл сауалдың екінші тармағының ықпалы болғанына сенімді саясатшылар да баршылық. Мәселен, солардың бірі – Орталық Азиядағы демократиялық даму қорының басшысы, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Nege.kz порталына берген сұхбатында: «Бұл ең бірінші экс-президенттің әулетіне ауыр тиді. Сырттай қарағанда, Назарбаев биліктен өз еркімен кеткендей көрінгенімен, 2022 жылдың қаңтарында болған жағдайға бажайлап қарасақ, оның өзі де, отбасы да мұндай өзгеріске дайын болмағанын байқаймыз», деген болжам білдірді.

Біздіңше, бұл пайымның жаны бар сияқты. Президенттің лауазым тағын босатып беретіні жайлы хабары оның әулеті ғана емес, сонымен бірге әріптес шәкірттері үшін де бұлтсыз күнгі найзағайдай әсер еткен тосын бір жағымсыз жаңалық болғанға ұқсайды. Мұны «Хабар» мемлекеттік телеарнасының Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсіріп, 2019 жылы 6 шілдеде экранға шығарған «Искусство быть Лидером» атты деректі фильмінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі басшысы Кәрім Мәсімов анық айтады. Ол лентада шефінің отставкаға кету жөнінде шешімге келгенін екеуі содан бірер күн бұрын кездескен кездерінде мәлімдегенін баяндайды. «Нұрсұлтан Әбішұлы менімен болған әңгіме кезінде бір құпияның шетін шығарды. Ол өз орнынан түсетінін, ары қарай Конституция бойынша жүретінімізді жеткізді», – дейді Мәсімов фильмде. Бірақ шенді шенеунік сол мезетте бұл ұйғарыммен келіскісі келмегенін жасырмайды. «Мен әзірге оның президенттік қызметтен кететін уақыты келмеді деп есептедім. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлына: «Мұның қаншалықты қажеттілігі бар, бәлки, асығыстық танытпауыңыз керек шығар? Билігіңіздің мерзімі 2020 жылы ғана бітеді ғой» деген кеңес бердім», – дейді ол. Бұған Назарбаев «бір күн кешігіп қалғанннан бір күн бұрын кеткен жақсы» деген әділ жауап қайтарады. Бұл жауапқа заматында ұйыған Мәсімов сосын басшысының дұрыс істеп тұрғанына кәміл сеніп, осыған тоқтағанын сөз етеді. «Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы «Мен осы шешімді қабылдадым. Сен уақыт өте мұның тура екеніне көз жеткізетін боласың. Барлығы өз уақытында болуы керек» деп тіл қатты. Алдағы өмір шынымен оның оң шешім қабылдағанын айғақтайды деп ойлаймын», – деп сөзін қорытындылайды Кәрім соңынан.

Әйткенмен, біз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл күнге бұдан да бұрыннан саналы түрде дайындалып келгенін жоққа шығара алмаймыз. Мұның жайын сарапшы Талғат Мамырайымов 2013 жылы 3 ақпанда «Фергана.ру» сайтынан көрінген «Казахстан: Назарбаев создает фундамент для смены власти» деген талдау мақаласында тарқатып жазды. Ол Елбасының билік ауысуының негізін 2011 жылғы желтоқсанда елді түгел елеңдеткен Жаңаөзен оқиғасынан кейін ойластыра бастағанын сөз етеді. Президентке дәл мұндай метаморфозаның 2012 жылы шындап келгеніне сенімді. Назарбаев сондықтан келесі 2013 жыл босағадан аттаған бойы негізгі мемлекеттік органдарда кең ауқымды кадрлық өзгерістер жасауды бастап кеткен. Негізінен, біздің ел үшін бұл бір жағынан оншалықты тұтқиыл нәрсе де емес еді. Қазақ қоғамы бұл кісінің ат төбеліндей азын-аулақ кадрларын шахматтың тастарындай оңды-солды ауыстырып, жиі орын алмастырып тұратынына әлдеқашан үйреніп қалған. Бір кадрды, әсіресе, білікті тұлғаларды бір орында екі-үш жылдан артық ұстамай, басқа жаққа сырғытып жібере салу расында біздің елде қалыпты дағды болатын. Жұрт оның осы арқылы элиталық топтар арасында биліктің тепе-теңдігін сақтауға, оларды өз уысынан шығармай ұстап тұруға ұмтылатынын да ұғып қалған.

Дегенмен, осы жолғы кадрлық сапырылыстар бұрынғыларға қарағанда, айтарлықтай өзгеше өң алды. Оның басты нысанасы мемлекеттің бүкіл саяси жүйесінде президенттік биліктің шексіз үстемдік құруын бұрынғы қалпына келтіруді көздеді. Бұған 2008 жылғы 13 қазаннан 2012 жылдың 21 қыркүйегіне дейін Президент әкімшілігін басқарған Аслан Мусиннің ең жақын серіктерін түрлі орталық және аймақтық қызметтерге орналастырып, бүкіл билік тетігін ақырындап өз қолына тартып ала бастағаны, соның аяғында көптеген облыс әкімдері кінәздікті басқарып отырғандай сезініп, жоғары жақтан бейтараптау жағдайда тіршілік етіп жатқаны негізгі себеп болды. Мұндай көңіл күй ауаны сол кездегі билік элитасынның басым бөлігіне тән еді. Онда Елбасының осы тұста эмиграцияда жүрген бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің «Нұрсұлтан Назарбаев айықпас дертке – қуық асты безінің обырына ұшырады» деген мазмұнда таратып жіберген қауесетінің үлесі де аз болған жоқ. Ал 2011 жылы сәуірде кезектен тыс президент сайлауы өтуі мен Президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың тақтан ендігі ықтимал мұрагер есебінде Тимур Құлыбаев есімін атап өтуі онсыз да лапылдап жанып жатқан отқа май құйғандай әсер етті.

«Шамасы, осы бас көтеру билік басындағы кейбір шенді шенеуніктердің дем беруімен өткен сияқты. Осы арқылы бәсекелестері Тимур Құлыбаевты өңірдің мұнай өндіру саласына бақылау жасап отырған адам ретінде Президенттің ықтимал мұрагерлері қатарынан шығарып тастамақшы болған, – деп атап өтеді Талғат Мамырайымов өз шолуында. – Жаңаөзендегі жанжал кезінде жергілікті элита Ақордаға қысым көрсетіп, мұнайдан түсетін табысты өздерімен бөлісуді талап етті. Сөйтіп, Жаңаөзен қырғыны шынында бірінші кезекте Назарбаевтан кейінгі кезеңнің жақындап қалғанын аңдатты. Елімізде соңғы екі жылда орын алған лаңкестік қимылдарға да дәл осы көзқараспен қарауға болады. Айта кетерлігі, террорлық әрекеттердің басым бөлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дәрменсіздігін көрсетуді көздеді. Демек, мұның астарында президенттікке үміткер екінші тұлға ретінде Нұртай Әбіқаевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен шеттету ниеті жатқан болуы әбден мүмкін».

Осылайша 2011 жылдан астыртын тұтанып кеткен элита ішілік күрес бірінші президенттен кейінгі кезеңнің таяп келе жатқаны сезіле түсуіне орай кейінірек қарқынды дами жөнелген. Билік маңайындағылар бұл кезеңнің ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір келмей қоймайтынын түсінген. Осы тұста оның жоғары деңгейінде Президентті жаңа кезеңге дайындаудың алғы шарттары жасала бастаған.

Жағдайдың бұлайша өрбу өрісіне Елбасы да іштей әзір болған. Мұны Назарбаев туралы түсіріліп жатқан көп сериялы «Штрихи к портрету» деген деректі фильмнің 2021 жылдың 1 шілдесінде көрермендерге жол тартқан «Откровение» деген бесінші бөлімінде бас кейіпкердің өзі де аңғартады. Онда 81 жастағы қария елдің ішкі және сыртқы саясаты туралы айта келіп, көршілес мемлекеттер президенттерінің бәрімен жақсы қарым-қатынаста болғанын еске түсіріп, бұдан әрі өзінің бірнеше сайлауда жеткен жеңістері жайлы ой толғап, – омыртқасына жасатқан операциясы болмаса, – денсаулық жағынан әзірге еш кінәрат жоқ екеніне қарамастан, енді президенттіктен өз еркімен отставкаға кеткелі тұрғанын баяндайды. Оның байламын мемлекет басшылары арасынан бірінші болып Ресей президенті Владимир Путин естіген екен.

«Мұндай нәрселерді жұрттың бәріне бірдей айта бермейсің. Мен де ешкімге ештеңе демедім. Тек сол күні таңертең, – қанша дегенмен, көршіміз ғой, – Путинге қоңырау шалдым. Ол үшін бұл естен тандырарлықтай оқиға болды. Бүгін кешке бәрі хабарланады, мен мұны сіздер өз аузымнан естісін деп шештім. Сонымен, бітті. Мұны басқа мемлекет лидерлерінің ешқайсысы білген жоқ. Оның үстіне, мен мұндай ұйғарымға бұдан әлдеқайда бұрын, 2015 жылы-ақ келіп қойғам. Менің 75 жылдығым өтті, сосын өзім үшін осы жетер деп шештім», – дейді Назарбаев.

Бұрынғы президент бұған сосын «адам жұрт сенімінің шыңында тұрған шағында кетуі керек қой» дегенді қосып қойды. «Сондайда менің көз алдымда КСРО-ның геронтологиялық басшылығы тұрады, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы фильмде бұдан әрі. – Мен өз уақытында Брежневті, Андроповты, Черненконы жерлеуге қатысқанмын. Бұл – бір мәселе. Екінші мәселе – адам мүмкіндігінің шегі бар». Алайда 2019 жылдың 20 наурызында 79 жасында доғарысқа кетуге бел буған оның өзі, – жоғарыда бағалап өткеніндей, кіл «саудыраған сүйекті» сәмсіреген кеңес лидерлерін осылай ащы сынға алып отырғанына қарамастан, – бұл үш тұлғаның өтілдерін қосқаннан да асып түсетін 30 жылға таяу уақыт мемлекет басында тапжылмай отырып алды. Таратып айтсақ, 76 жаста қайтыс болған Леонид Брежнев 1964-1982 жылдар арасында – 18 жыл, 70-інде бақиға жол тартқан Юрий Андропов 1982-1984 жылдар аралығында – 2 жыл, ал 74 жасында мәңгілік мекеніне аттанған Константин Черненко 1984-1985 жылдары 1 жылдан 1 ай артық мерзім, – үшеуі жабылып, 21 жыл ғана СОКП-ның бас хатшысы ретінде КСРО-ны басқарған болатын.

Дегенмен, Назарбаевтың жоғарыда айтылған толғамдарына қарап-ақ біз оның 2015 жылдың шамасынан бері қарай билік тізгінін нақты кімге, қашан және қалай тапсыру керегі жөнінде ойлана бастағанын байқай аламыз. Тегінде бұған да сыртқы күштердің ықпалы болған сыңайлы. Осындайда еріксіз еске түседі, 2015 жылы Елбасы мемлекеттік қызметкерлерді 63 жаста зейнет демалысына кетуге шақырған еді. Бұған шетелдерде де ерекше мән бере қараған тұлғалар аз болмады. Олар бірден мұны 75 жастағы Мемлекет басшысының шығарып отырғанына назар аударды. Мәселен, Лондонның айдай әлемге танымал Guardian газеті «Қазақстанның 75 жастағы президенті мемлекеттік қызметшілерге 63 жастан кейін түгел зейнет демалысына кетуді ұсынды» атты мақала жариялады. «Қазақстанның 75 жастағы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айылын жимастан, мемлекеттік қызметшілерді 25 жыл жұмыс істегеннен кейін қызметтен кетіп, жастарға орын босатуға үндеді. Ал 25 жылдан бері елді үзіліссіз билеп келе жатқан президенттің өзі қызметтен дереу кететіні жөнінде ләм-мим деп тіс жарған жоқ» деп жазды ағылшын басылымы.

2016 жылы 24 қарашада АҚШ-тың Bloomberg ақпарат компаниясының тілшісі Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алғанда да, Қазақстан Президентінің билікті ауыстыру үдерісінің қандай болмағы жөніндегі мәселе назардан тыс қалмады. Сонда біздің Мемлекет басшысы тақ тұғырын өз ұрпағына мұра етіп қалдыру үрдісіне жүгінбейтінін бүкпесіз білдірген еді.

«Мен ешкімге үміт артып, есеп құрып жүрген жоқпын. Балаларымды да биліктің мұрагері ретінде қарастырмаймын. Мен бұл біздерге ыңғайы келетін жағдай емес деп ойлаймын», – деді Назарбаев билікті беру Конституцияға сай жүзеге асырылатынына салмақ сала тұрып.

Ол осы орайда президенттік мерзімі бітетін 2020 жылға дейін жұмыс істеу ниеті бар екенін де сөз етті. «Ал біз сіздермен сол жылы кездесеміз», – деді Назарбаев сосын жымиып. Президент оның жаңа мерзімін созу туралы айтуға әлі ерте екенін, барлығы оның денсаулық жағдайы мен Қазақстан халқының қолдау деңгейіне байланысты болатынын жеткізді.

Агенттік журналистері жазғандай, республика билігінің тізгінін 1989 жылдан ұстап келе жатқан Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов кенеттен қайтыс болғаннан кейін көршілес елдерде билік мұрагері мәселесі күрт өзекті бола түскен. Осы жайды қозғаған «Азаттық» радиосының «Радио Озоди» атты тәжік редакциясы Орталық Азия мемлекеттеріндегі бұл ахуалға шолу жасай келіп, Қазақстанды да қамтиды. «1991 жылдан бері ел президенті болып келе жатқан 76 жастағы ақсақалдың, Конституцияға сәйкес, президенттік сайлауға қатысуына ешқандай шектеу қойылмайды. Оған заң жүзінде «Ұлт көшбасшысы» мәртебесі таңылған, мұның өзі оның отставкаға кеткеннен кейін де кез келген қудалаудан аман болатынына кепіл береді. Қол сұғылмаушылық салтты кепілдіктері Назарбаевтың өзінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің мүліктеріне де қатысты», – деп жазылды онда.

Осыдан кейінгі жылдары Қазақстан Президентінің лауазымынан қашан кететіні жайын арқау ететін әңгімелердің бір ұштығы отандық мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары беттері мен экрандарынан әредік көрініс тауып тұрды. Бұған, сірә, осы сұраққа өз тарапынан жауап беріп, барлық кездейсоқ сүрлігістердің алдын алып тұру үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мұрындық болған сияқты. Сондай сөз сүлдесінің бірі 2017 жылы 4 тамызда Президенттің республикалық телеарналарға берген сұхбатының сұлбасынан көрінді. Онда Елбасы өзінің үнемі ой үстінде жүріп, мемлекетке тағы не жасауға болатыны жайында терең толғанатынын әңгімелей келіп, журналистің президенттік мерзімнің ұзақтығы жайлы қойған сұрағына жауап берген кезінде өзін әлі елге «қажет» сезінетінін атап өтті.

– Сіз біздің мемлекетіміз құрылғаннан бері президентсіз, – деп өз ләмін бастады телеарна қызметкері аздап қымсынған үнмен. Бірақ ақырына шейін айтылмаса да, сауалдың сүтіні түсінікті еді.

– Ұзақ уақыт қой, иә? – деп күлді Президент оның сөзін бөліп. Мұның бәрі сценарийде алдын-ала белгіленіп қойылса да керек.

– Жоқ, олай емес, тек адами тұрғыдан келгенде, жұрттың көбін сіздің осы жұмыстың ауыртпалығынан шаршаған-шаршамағаныңыз және биліктің сабақтастығы қалай болатыны жөніндегі мәселелер қызықтырады.

Назарбаев бұл жаттанды сауалға Тұңғыш Президент, яғни өзі бекітіп берген стратегиялық бағыттың мызғымас болып табылатыны және оның сақталып қалатыны жаңа Конституцияның 91-бабына арнайы енгізілгенін еске салып, жауап қайтарды.

– Бір атақты саясаткер «Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, менен кейінгілер одан да асырып, жақсы жасауға тырыссын» деген екен кезінде. Бұл – тура жауап. Сондықтан қанша уақыт жұмыс істеу керек: ұзақ па, аз ба, – жасқа қатыстыны мен әлгінде айтып кеттім, – жасаң болуы керек пе немесе кәрі ме, дегеннің бәрі мағынасыз сұрақ, – деп сөзін жалғастырды Мемлекет басшысы. – Қарап тұрсаң, 30 жасында қарияға ұқсайтын, ал 80-інде керісінше 30-дағыдай көрінетін кісілер бар. Мұның бәрі адамның өзіне байланысты. Бар мәселе нақты мысалдағы адам – мемлекет басшысы, өзінің міндеттерін адал орындап жүр ме, халықтың тұрмысын жылдан жылға біртіндеп жақсартып келе ме, жоқ па, – міне, осында. Былайша айтқанда, кезінде Маргарет Тэтчер бұл сұраққа: «Мен Англия өзімді қанша қажет етеді, сонша жұмыс істейтін боламын. Сосын өзім шаршағанға дейін істеймін» деп жауап беріп еді. Тағы бір ұлы ағылшын – Уинстон Черчилль: «Менің осында жүргенімнің өзі еш кездейсоқтық емес, бұл – заңдылық. Мен осы жұмыс үшін жаратылғанмын» деген болатын, – деп, өз жайынан да ишара жасап өтті Президент бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне.

– Әлбетте…. Ауыр жұмыс, – деп мойындады ол келесі кезекте, – Үнемі қауырт қарбалас үстінде, үнемі қиял мен ойға беріліп, осы мемлекет үшін тағы не істеу керектігі екенін жадыңнан шығармайсың. Бірақ мен қазір өзімнің елге қажеттілігімді сезінемін, бұл жұмыс менің қолымнан келеді және жұмыс істеп те жүрмін. Тағы да естеріңізге сала кетейін, мен 2020 жылға дейін сайланған адаммын. Ойланып-толғануға әлі уақыт бар. Бәрі халық сеніміне байланысты – бұл бірінші. Екінші – жұмыс істеушінің күш-қуаты мен денсаулығы. Мен Президент жұмысы адамнан күшін, тәжірибесін, қуаты мен өмірін 100 пайыз беруді талап етеді деп ойлаймын. Ал егер жағдайыңыз солай істеуге мүмкіндік бермесе, онда бұл жерде сіз атқаратын ештеңе қалған жоқ. Олай болса, бәрі де уақытқа байланысты.

Ресейлік Lenta.ru порталы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кеткеннен кейін ТАСС агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында оның бұл сәтке өзінше тыңғылықты әзірлікпен келгенін баяндағанын жеткізеді. Онда экс-президент: «Мен бұл шешімді саналы түрде қабылдағанымды айтқанымда, шындықтан ешбір аулақ кетпеймін. Бұл расында солай. Мұндай шешімге бір күнде не бір айда келе салмайсың. Мен де осындай ұйғарымға келуге біраз жылдарымды жұмсадым. Егер құпияны ашар болсам, оған үш жылдан астам уақыт кетті», – дейді.

Назарбаев 2015 жылы 26 сәуір күні кезекті кезектен тыс президент сайлауы өтуіне бір жарым айдан аса уақыт қана қалғанда да оған қатысатыны не қатыспайтыны әлі белгісіз адамның кейпін танытып еді. Әрине, бұл оның өзіне тән манипуляциясы екенін саясаттанушылар бірден білді. Мемлекет басшысы мұны 7 наурыз күні Ақордада Халықаралық әйелдер мерекесіне арналып өткен «Көктем шуағы» кездесуі барысында өзі бастап, оған өзі жауап береді. «Қазір сайлау науқаны басталып кетті. Кезектен тыс президент сайлауы туралы бастаманы да негізінен әйелдер қауымы қолдады. Мен күн сайын мыңдаған хат алып жатырмын. Бүгін ертеңгісін де бір құшақ хат келді. Олардың барлығы сайлауды қолдап, менен өз кандидатурамды ұсынуды сұрап жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Бірақ менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтайын. Қазақстанды көп жыл басқарып келемін, тәуелсіздіктің алғашқы жылынан мемлекетті қалыптастырып құрдық. Алайда бүкілхалықтық тілектер, елдің ниеті, жұрттың қалауы бар, – оны да ескеріп тұру қажет. Сондықтан сіздермен алдағы жоспарым, қадамым жайында ақылдасуға болады ғой деп ойлаймын».

Ал осы әңгіменің түйінін «Азаттық» радиосы сәл басқаша мазмұнмен аяқтайды. Онда жоғарыдағы хабар жолдарының соңы былай өріледі: «Бәлкім, театрда айтатындай, декорацияны өзгертетін кез жеткен шығар. Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю биліктен кеткенде, мен одан неге бұлай еткенін деп сұрағанмын. Ол сонда соңғы уақыттары теледидардан өзін ұдайы көрудің өзіне ұнамай жүргенін айтқан еді. Менде де басқа жоспарлар болған». Демек, Назарбаев бұл жерде де аудиторияның реакциясын аңдамақ болғанға ұқсайды.

Енді осының бәрін байыптап, ой таразысына салып көрсек, не дегенде де, Елбасының соңғы сәтке дейін бұл мәселе турасында шүбәлі, екіұдай, дүдәмал ойда болып келгеніне көзіміз жете түседі. Өйткені, ол 75 жасқа толғаннан кейін бәріне қол сілтеп, кетіп қалатын сияқты болып көрінгенімен, соңғы сұхбаттарында президенттік мерзімі аяқталғанша жұмыс істейтінін айта бастаған болатын.

Сондықтан «Назарбаев биліктен неге кетті?» деген сауалдың басы әлі күнге дейін ашық. Әйткенмен, бұған мынадай бірнеше фактордың әсер еткен болуы мүмкін. Біріншіден, Президенттің осы кезге дейін халыққа беріп келген мың сан уәдесінің басым бөлігі орындалған жоқ. Соның негізгісі – республика тұрғындарының әл-ауқаты жағдайы. Бұл жағынан Кувейттен де, Әмірліктен де асып түсудің орындалмайтын арман екеніне жұрттың да көзі жете бастады. Ал осы үшін шындап жауап берер мәуріт жыл санап жақындай берген еді. Бұл жағдайда тұйықтан шығудың жалғыз жолы – биліктен кету. Екіншіден, қазіргі жастар арасында биліктің атқарып отырған қызметіне наразы оппозицияның жаңа тегеурінді толқыны өсіп жетіліп келе жатыр. Олар қатты қарқын алып шыққанда, орынтақты сақтап қалу былай тұрсын, билікті өзіне ыңғайы келетін мұрагерге тапсырып кету де мүмкін болмай қалады. Үшіншіден, омыртқасына ота жасатқаннан өзге кеселі жоқ екенін айтып отырған Елбасының бұдан әрі жасармайтыны айдан анық-тын. Егер тізгінін сайлау өтетін жылға дейін ілбіп сүйреп апарса, қазіргі кездері ойластырғанының бірде-бірі жүзеге аспай қалуы әбден кәдік. Соңғы, төртіншісі – ақиқатында оның өкімет басынан жоғалуын табандатып талап етіп жүрген елден тысқары күштердің болуы ғажап емес.

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында «Елбасының биліктен кетуі бір күнде бола салды деп ойламаймын. 30 жыл мемлекетті басқарған тұңғыш президенттің биліктен кету процесі дайындықпен, жан-жақты ойластырылған қадамдармен іске асады. Билік бұл процестің 2016 жылдан басталғанын айтуда. Әбден мүмкін. Менің ойымша, Елбасының мұндай шешімге келуіне ең негізгі төрт нақты себеп әсер еткен», – деген байламды ортаға алады. Оның пайымынша, бұрынғы президенттің тақтан кетуіне мынадай жай-жағдаяттар түрткі болған. Біріншіден, 2016 жылы тұтас ел аумағында өршіп тұрған жер мәселесіне байланысты халықтың жаппай өре көтерілуі оны ойландырмай қоймады. Мұның соңы қатты қарсылық қозғалысына ұласып кетуі әбден мүмкін еді. Екіншіден, 2016 жылы кенеттен қайтыс болған өзбек лидері Ислам Каримов отбасының қуғындала бастауы оған берілген дабыл іспеттес-тын. Үшіншіден, соңғы 10 жылда әлемдегі ұзақ жылдар билікте отырған елдер басшыларының саяси төңкеріс жолымен бірінен соң бірі кетіп жатқаны да оны ойландырмай қоймады. Төртіншіден, ел халқының саяси санасы мен мәдениеті осыдан 15-20 жыл бұрынғы деңгейдегіден көп өзгерді, қоғам реформаны ашық талап етудің жағына шықты. Мұның арғы жағында жұрт мемлекет бақылауында тұрған бұқаралық ақпарат құралдарына сенуден қалды. Осы тұста әлеуметтік желілердің дамып, кеңге таралуы өзара ақпарат алмасуды жеңілдетіп, әрбір азамат өз пікірін еркін айта алатын, елдің кез келген түкпіріне ой-толғамын жеткізе білетін мүмкіндіктерге ие болды. Бұдан әрі жыл өткен сайын республикадағы барлық сәтсіздіктер мен кемшіліктерге Елбасының өзін айыптайтын бұқараның саны артып келе жатқаны сәт сайын сезіліп тұрды. Осыларды саралап шыққан саясаттанушы соңында: «Қоғамда бұдан да өзге қордаланған әлеуметтік және экономикалық проблемаларды атап өтуге болады. Бірақ жоғарыда аталған ішкі және сыртқы факторлар Елбасының өз өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтатып, билік транзитін бастауына себепкер әрі ықпал етуші негізгі факторлар болды деп есептеймін», – деген тоқтамға қазық байлайды.

Кейбір сарапшылар мәселенің түйінін мәжбүр етушіліктен іздеу керек деген тұжырымнан тапжылмай отыр. Олардың ойларынша, Елбасына бұл тарапта бас тартуға ырық бермейтіндей міндеттер жүктелген. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-президенттің Ақордадан өз қалауымен кете қоймағанын, бұған сыртқы мәселелердің әсер еткенін ашық айтып жүр. Дипломат Қазбек Бейсебаев та осындай берік пікірде. Ол «Ешкім биліктен өз еркімен кетпейді. Кетсе, бір себебі болғаны. Не денсаулығы сыр береді, не бір оқыс жағдай түрткі болады. Анығы, Назарбаевты әлденелер биліктен кетуге мәжбүр еткен», – дейді ол «Дат» газетіне берген сұхбатында.

Дипломаттың қорытындысынша, Назарбаев билігінің мерзімін барынша ұзартқысы келіп, алпауыт елдермен жақсы қарым-қатынаста болуға ерте күш салған. Соның ыңғайымен Қытайға «Ақтөбемұнайгазды» берген, Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ құруға да сол сеп. Бірақ шексіз, мәңгі билік жүргізуге АҚШ қарсы шықты. Америкалық елші «Сайлаусыз билікте отыру – демократия принциптеріне қайшы» екенін ашық айтты. Елбасы сосын 2012 жылдан бастап Батыстың көңілін тауып, Ақ үйге апаратын жол іздеуге мәжбүр болған. Сол себеппен Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрді өзіне кеңесші етіп алған. Сол үшін оған қыруар ақша төледі. 2015 жылы Элизавета ханшайымға арнайы барды, 2018 жылы қаңтар айында АҚШ-қа сапар шегіп, ел президенті Дональд Трамппен кездесті.

Қазбек Бейсебаев бұдан әрі Назарбаевтың АҚШ президентімен құпия келісімшарт жасасқанына Ресей президенті Владимир Путиннің қатты ашу білдіргенін баяндайды. Сол 2018 жылы РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров елорда төріне келіп, АҚШ-тың Каспий теңізі арқылы әскери жүктерді тасымалдауына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Осы жылы мамыр айында Сочиде Еуразиялық экономикалық одақтың отырысы болып өтті. Басқосуға Нұрсұлтан Назарбаев бір күн ерте барып, РФ басшысымен оңаша кездеседі. Алайда осыдан кейін екі ел президенттерінің арасы қатты суып кетеді.

Сол жылдың жазында Ресейде футболдан әлем чемпионаты өткен кезде Путин әлемнің біраз елдерінің, соның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстанның басшыларын қабылдайды. Алайда олардың сапында Назарбаев болмайды. Бірінші матчтан кейін Елбасы Татарстанға барып, Минтемир Шаймиевпен жолығады. Шамасы, РФ президенті сол жолы татар автономиясының лидері арқылы Назарбаевқа «кет» дегенді желкелеп жеткізген сияқты.

Ресей тарапынан мұндай табанды талап, қатаң қысым орын алғанын қазақстандық саяси сарапшылардың да біразы қуаттап отыр. Мысалы, Виктор Ковтуновский 2022 жылдың 27 қаңтарында «Азаттық» радиосына берген сұхбатында осы ұғымын қайта-қайта әр қырынан көлбеңдетеді. «Назарбаев 2019 жылы президенттіктен транзит үшін кеткен жоқ деп ойлаймын, – дейді сарапшы. – Ол Путиннің қысымынан соң кетті. Меніңше, Кремль Назарбаев аяқ астынан дүние салса, бізде «майдан» басталып, құбылмалы кезеңде билікке, Мәскеуге ұнамайтын адам келеді деп қауіптенген сияқты. Сол себепті Назарбаевты билік транзитін бастап кетуге мәжбүр етті. Ол қауіпсіз құрылым құрып, биліктің бірнеше функциясын иемденіп, президенттіктен кетті. Бірақ бұл да Кремльдің көңілінен шыққан жоқ, Мәскеу әрмен қарай қыспаққа ала берді». Сосын бұдан әрі: «Мәскеудің қазіргі Украина сияқты өз қалауынша дербес саясат жүргізетін мемлекеттің пайда болуына жол беріп қоймайтынын түсіну керек. Мәскеу үшін бұл стратегиялық жағынан үлкен жеңіліс болар еді, сондықтан олар халық толқуынан қатты қауіптенді», – деген топшыламаға бой ұрады.

Мұның ақиқатын, әлбетте, әуелі Алла, сосын осы екі кісінің өздері ғана біледі. Бірақ «жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайтынын» да ұмытпауымыз керек. Қандайда бір әңгіме тектен-тек, өзінен өзі тұтанып шықпайды. Тіпті «самаурынның суы ағып кетуінен Самарқанды су алып кетуіне» дейін барып жалғасатындай болса да, кез келген қауесет пен өсектің де өз қорегі мен өзегі бар екені анық.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ

 

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button