Венесуэладағы операция: Николас Мадуро Нью-Йоркке жеткізілді

КАРАКАС. 4 қаңтар. АҚШ арнаулы армиясы күштері Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелін ұшақпен Нью-Йоркке жеткізді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Венесуэла байтағы – Каракас қаласында кеше, сенбі, 3 қаңтар күні таңертең алғашқы жарылыстар орын алды, елде төтенше жағдай жарияланды. АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла диктаторы Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті АҚШ-тың арнайы жасақ армиясының ұстап алып, тұтқындап, елден әкеткенін мәлімдеді. Құрама Штаттар билігі Мадуроға есірткі лаңкестігін жасау мақсатында қылмыскерлер әлемімен келісімге келді деген айып тағып отыр.
Американың NBC News телеарнасы өзінің бірнеше мәнбесіне сілтеме жасай отырып, Венесуэла билеушісі мен оның әйелін Каракастан алып ұшқан лайнердің Нью-Йорктегі Стюарт халықарадық әуежайына келіп қонғанын баяндады. Телеарна тікелей эфирден түрі Мадуроға ұқсайтын адамның ФБР және есірткімен күрес жөніндегі басқарма қызметкерлерінің қоршауында ұшақтан түсіп келе жатқанын көрсетті.
АҚШ билігі өтпелі кезең уақытында басқаруды өз қолына алуға ниетті болып отыр.
Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес ханым Мадуроны қолдаған мәлімдеме жасады. Ол Мудуроның «елдің бірден-бір президенті» деп атады. Кейін Трамп вице-президенттің Уашингтонмен жұмыс істесуге дайын екенін айтқанын жеткізді.
Еуропа одағы Венесуэлада жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеуге шақырды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Венесуэладағы операциясын 5 қаңтар күні талқыламақ болып отыр.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер өз елінің АҚШ-тың Венесуэладағы операциясын қолдайтынын баяндады. Германия канцлері Фридрих Мерц бұған құқықтық тұрғыда баға берудің қиын екенін айтты. Ал Испания премьер-министрі Педро Санчес өз үкіметінің Венесуэла билеушісін ұстап әкету әрекетін мойындамайтынын атап өтті. Франция президенті Эмманюэль Макрон елді өтпелі кезеңде 2024 жылы шын мәнінде президент болып сайланған оппозиция лидері Эдмундо Гонсалес басқаруы тиіс екенін мәлімдеді.






