Түркияда демалып жүрген Кадыров суға батып кете жаздады

АНКАРА. 25 шілде. Ресейдің Шешенстан автономиясының басшысы Рамзан Кадыров Түркияның оңтүстік-батысында суға батып кете жаздады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Түріктің Milliyet газетінің жазуынша, Шешенстан басшысы мұнда кезекті демалысында жүрген.
Мәтбұғаттың мәліметінше, инцидент Мугла қаласындағы бес жұлдызды отельдің жағажайында орын алған. Осында шомылуға келген Рамзан Кадыров теңізге қарай жүзіп шықпақшы болған. Бірақ көп ұзамай суға бата бастаған. Сол кезде оған жағалаудағы күзет командасы дереу көмекке келіп үлгерген.
Кадыров судан шығарылғаннан кейін оған «жедел жәрдем» бригадасы алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен. Алайда шешен лидерін жергілікті жеке клиникаға апарып жатқызуға тура келген. Ауруханадағы тексеріс Кадыровтың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын көрсетті.
«Новая газеті Европа» мәнбесінің мәліметтері бойынша, бұдан алты жыл бұрын Рамзан Кадыровтың ұйқы безінің некрозы деп аталатын айықпас аурумен ауыратына анықталған. Биылғы жылдың көктемінде оның жағдайы күрт нашарлап кеткен. Сондықтан Грозныйдағы «Аймед» клиникасына жатқызылып, күндіз-түні дәрігерлердің бақылауында болған. Сол кезде Кадыров мұрагерлік жайына қаттырақ алаңдап, өзінің орнына қараша айында 18-ге толатын ұлы Адамды қойып кетпек болған.
Рамзан мамыр айының басында РФ президентінен өзін орнынан босатуды сұрағанын және өтініші орындалатынына үміт артатынын хабарлады. Алайда Кадыровтың Кремльде Путинмен кездесуі мұндай нәтиже бермеді.






