Қостанай «бекінісі» құлады: вирус оған да жетті
ҚОСТАНАЙ. 3 сәуір. Қостанай облысында коронавирус инфекциясының бірінші оқиғасы тіркелді. Бұл туралы жергілікті «Наша газета» хабарлады.
Қазақстанда індеттің тағы 7 оқиғасы анықталған. Олардың арасында бұған дейін «таза» келген Қостанай облысының бір дерегі де бар. Қалғандары Түркістан облысының (3 оқиға), Жамбыл облысының (2 оқиға), Шығыс Қазақстан облысының (1 оқиға) еншілеріне тиеді.
Сөйтіп, елімізде «тентек тұмау» бармаған бірде-бір аймақ қалған жоқ. Әзірге берілмей тұрған «форпост» Қостанай өңірі еді, ол да ақырында сыр беріп алды. Сонымен, Қазақстандағы COVID-19 кеселі оқиғасының саны 460-қа жетті.
Осының алдында ғана Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов арнайы өткізген онлайн-брифингі барысында өзіне Қостанай облысының «феномені» туралы сұрақ қойылғанда, былай деп жауап берген болатын: «Мен осыған орай наурыз айының басында бізге «Қазақстанның феноменін түсіндіріңіздерші, Қазақстаннан басқа жерлердің бәрі неге ауырып жатыр? Сіздер, сірә, әлденені жасырып отырған шығарсыздар» деген сауал қойылғанын еске түсіре кеткім келеді. Шын мәнінде мұнда да ешқандай феномен жоқ, тек инфекцияның табиғи жолмен берілетін тетіктері ғана бар, бәрі адамдардың қозғалыс кестесіне, карантин шараларының тиімді жүргізілуіне байланысты. Қостанай облысы дәрігерлерінің еселі жұмыстары бізге жақсы нәтиже беріп тұр. Мен бұдан әрі де бұл тарапта табыс болуын және соны ұстап тұруларын, ал егер індет шығып жатса, оның бұрқ ете түсуіне жол бермеулерін тілеймін. Қостанай облысының медиктері бұған толық дайын».
Қостанай облысында коронавирус жұқтырған науқас Мысырдан келген екен. Мұны Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жеткізді.
«Бүгін Қостанай облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған бір адам анықталды. Ол – 1991 жылы туған әйел. 22 наурызда «Шарм-әл-Шейх-Алматы» рейсімен ұшып келген. Оны және Қостанай облысының тағы 4 тұрғынын тексеру барысында вирус анықталған жоқ. Осылайша, олар Отар станциясынан пойызға отырып, үйіне бағыт алған. Алматыдағы мамандардан ақпарат түскен соң, Қостанай облысының жауапты органдары тиісті шара қабылдады», – деді ол «Хабар 24» телернасында өткен онлайн-брифингте.
Енді аймақтардың үлестері мынадай болып отыр:
Астана қаласында – 199, Алматы қаласында – 93, Қызылорда облысында – 26, Қарағанды облысында – 22, Атырау облысында – 20, Ақмола облысында – 19, Түркістан облысында – 19, Солтүстік Қазақстан облысында – 18, Шымкент қаласында – 11, Алматы облысында – 9, Жамбыл облысында – 8, Ақтөбе облысында – 7, Шығыс Қазақстан облысында – 4, Батыс Қазақстан облысында – 2, Павлодар облысында – 1, Маңғыстау облысында – 1 адам.
Жазылып шыққандар – 27, қайтыс болғандар – 3 (Астана қаласы, Ақмола облысы, Қарағанда облысы).