Министрлік онлайн-оқудан бас тартқанды жөн санады
АСТАНА. 3 сәуір. Бүгін өткен брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов онлайн-оқудан бас тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Министр өзінің сөзінде 1 сәуірде өткен жаппай сынақ-сабақ кезінде белгілі болған қиындықтарды атап өтті. Ол бір мезетте оқушыларды онлайн оқыту мүмкін емес екенін мойындап отыр.
«Сынақ-сабақ өткізу арқылы бірнеше олқылықты көрдік. Онлайн бір мезетте мыңдаған баланың қосылуын көтере алмайды екен. Көп ыңғайсыздықтар болды. Оған сынып сағаты өткенде көз жетті. Техникалық ақаулар жеткілікті. Сондықтан онлайн оқытудың орнына, бірнеше платформа арқылы қашықтан оқытуды жүргізуіміз қажет» – деді ол.
Сондықтан елде 6 сәуірден бастап 3 миллионнан астам мектеп оқушыcы қашықтан оқу форматына көшеді. Алдын ала жазылған видео сабақтар 10 минутқа созылады.
«Қашықтан оқу елімізде төрт тетік бойынша жүргізілетін болады. Бірінші, телеарналар арқылы сабақ жүргіземіз. Бұл «Балапан», «Ел арна» телеарнасы. Сабақ біреуінде қазақша, екіншісінде орыс тілінде жүргізіледі. Күніне 8 сағаттан эфирді алып отырмыз. Жалпы, кесте дайын. Кестені бұқаралық ақпарат құралдарына беріп, ата-ана, ұстаз, мектептерге таратудамыз. Әр видеосабақ 10 минутқа созылады. Бүгінге дейін 500-ге жуық видеосабақ түсірілді. Жалпы, видеосабақтардың саны 3 360 болады. Ең басты пәндердің бәрі қамтылады», – деді министр.