Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Шиеліде ауыл әкімі Төтенше жағдай кезінде той тойлаған

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 сәуір. Республикада жарияланған төтенше жағдайға қарамастан, Қызылорда облысының Шиелі ауданында бір ауыл әкімі келін түсіріп, дүрілдеген той өткізген. Бұл туралы kyzylorda-news.kz хабарлады.

Оқиға 28 наурыз күні «Қодаманов» ауылында орын алған. Төңкеріс ауылдық округінің әкімі Әлия Нұрманова туысы Мұхтар Есмағамбетовтің үйіне өзі бас болып келіп, келін түсірген. Осыған қатысты ақпарды Аружан Дүйсебаева деген пайдаланушы Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған. Сосын аталмыш оқиға біраз резонанс алды.

Расында елімізде жарияланған төтенше жағдайға пысқырып қарамайтындар әлі азаймай отыр. Қарапайым халықты былай қойғанда, жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік қызметшілер – әкімдердің өзі онымен санасатын емес. Мұның бірқатар деректерін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Айтбайұлы айтып берді.

«Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезінде спорттық, ойын-сауық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Соған қарамастан, өңірімізде жекелеген азаматтар осы талаптарды ескермей, үйлерінде той-томалақ жасап жүр, ал кафелер, ресторандар және ойын-сауық орындары түнгі сағат 22:00-ден кейін де жұмыстарын жалғастырып жатыр. Құқық қорғау органдары осындай әрекеттер үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 476-бабы бойынша 49 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырды. Олардың 14-і соттың қаулысымен әкімшілік қамаққа алынса, 23-іне әкімшілік айыппұл салынды. Қалған 12-сі әлі сот өндірісінде тұр», – деді Талғат Айтбайұлы.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары өзінің сөзінде Шиелі ауданында өткен тойға байланысты тексеру жұмыстарының қалай аяқталғанын да баяндады.

«Үй иесі Шиелі аудандық сотының 28 наурыздағы қаулысымен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сол сияқты Қызылорда қаласындағы «Оригон» кафесінің сағат 22:00-ден кейін жұмыс істегені және онда 20-дан астам келушілердің болғаны анықталып, кафе иесі Тянға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Соттың 25 наурыздағы қаулысымен Тян«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 476-бабы бойынша кінәлі деп табылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», – деді ол.

Сондай-ақ, 25 наурыз күні «Сұлтан» базарының киім-кешек сататын орындары сағат 17.00-ден кейін жұмыс жасағаны және онда 60 астам келуші мен сатушылар болғаны анықталған. Соттың 26. наурыздағы қаулысымен базар иесі Л.Ризванова төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button