Басты баған

Осымен әлемнің жаһандануы бітуі мүмкін

Табыстардың теңсіз бөлінуі мен жаһандану мәселесінің маманы, тегі серб америкалық экономист Бранко Миланович коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін жаһандану экономикасы сөзсіз ыдырайды, бірақ оның ыдырауының қорытындысы үкіметтің содан кейінгі алты айдың немесе жылдың ішінде жағдайды қаншалықты дәрежеде бақылауға алғанына байланысты болмақ деп есептейді. Егер осы уақытта олар бәрін дұрыс жасай алса, әлем қайтадан жаһандану жолына оралады, тіпті оның бірқатар қағидаттарын қайта қарай алатын болады. Егер дағдарыс бұдан әрі созыла берсе, онда жаһандану дәуірі біржола келмеске кетіп тынады.

Дағдарыс неғұрлым ұзаққа созылған сайын адамдардың, тауарлар мен капиталдың еркін қозғалысына келтірілетін кедергі соғұрлым жалғаса түседі. Бұл кезде жаһанданудан бас тартудың өзі дұрыс болып көрінеді. Әлем жаһандануының ақыры өндіріс пен үй шаруашылығы құрылымына тектоникалық қозғалыстар әкелуі мүмкін.

Пандемияның әсері осы кезеңнен аман шыққан біздің әрбіріміздің санамызда міндетті түрде сақталып қалады. Сарапшы Милановичтің пікірінше, бірақ мұны жұрттың бәрі бірдей бір мезгілде ой елегінен өткізе қоймайды. Сол эпидемия ұзақ жылдар бойы бізді таныстарымызға қол беріп амандасып, бет түйістіруден аулақтатып тастайтын шығар.

Жаңа вирус әлемде күн сайын әлденеше мыңдаған адамның өмірін жұлып кетіп жатыр. Әзір басылатын түрі байқалмайды. Ол сондай-ақ осы кезге дейін қалыптасып үлгерген біздің жаһанның беріктігі жөніндегі ұғымымыздың да тас-талқанын шығарды. Санаулы ғана күндердің ішінде адамдардың көше кезіп, жер кезіп емін-еркін жүру дағдылары сап тыйыла бастады. Дүниенің ана шетінен мына шетіне ағылатын тауар мен капиталдың қадамына демде тұсау салынды. Президенттер өз елдерінде соғыс жағдайының орнағанын айтып жар салып жатса, тұрғындар үрейден өздерінің айлық азық-түлік қорларын сыпырып-сиырып жинап алуға кірісіп кетті.

Шын мәнінде әлем тоқтап, тыныс тапты. Вирус бұған дейінгі ғажайып тұрмыстың алдамшы нәрсе екенін бірден білдіріп, оны кілт тоқтатып қойды. Енді қайтып қайыру бермейтіндей болып көрінген жаһандану процесі індеттің тарап кету қаупінен өзіне өзі тоқтап қалды. Қоғамның тұтынушылық турасындағы барлық жоспарлары осы жартылай соғыс жағдайындағы уақыттың өз еліңді, қалаңды, отбасыңды және өзіңді қорғау деп аталатын жаңа мақсаттарымен салыстырғанда, түкке тұрғысыз бірдеңе болып шықты. Планета жұртшылығы, бүкіл өркениет оның алдында өзінің мүлдем қауқарсыз, қорғансыз екенін еріксіз мойындай бастады.

Пандемия тіпті XXI ғасырдың өзінде жер бетіндегі ең басты құндылықтың қауіпсіздік екенін және ол үшін адамзат баласының ешбір ойланбастан өзінің үрдісіне енген өркениеттің барлық игіліктерінен бас тартуға дайын екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрнекі түрде дәлелдеп берді.

Ирина Нельсон

(Lenta.ru сайтынан аударылды)

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button