Трамп АҚШ-та індеттің тоқтайтын кезін айтты
ВАШИНГТОН. 31 наурыз. АҚШ президенті Дональд Трамп, өзінің болжауынша, елдегі коронавирустың шарықтау шыңына жетіп, кері қайтатын кезін білдірді. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Америка лидері айтқандай, Құрама Штаттардың «түптің түбіне» түсетін кезі жаздың басымен тұспа-тұс келеді. Ол 1 маусымды «таудың беткейі» деп атап көрсетті. Бұл – кеселдің шарықтау шыңына жететін шағы. Содан кейін оның кері қарай қайтатын кезеңі келеді. Елде қалпына келтіру жұмыстары басталады.
«Бәлки, бізге бұл белдеуге одан бұрындау да жетудің орайы келіп қалар», – деді Трамп сөзінің соңында.
Бұдан алдын АҚШ президенті елде коронавирустан қайтыс болушылардың шыңы екі аптадан кейін келетінін болжаған еді. Оның айтуынша, жағдайдың даму барысы осыны көрсетеді. «Егер елдегі ауру құрбандықтарының саны 200 мыңға жетпей тоқтаса, бұл біз үшін жақсы көрсеткіш болар еді», – деді ол.
Соңғы мәліметтер бойынша, яғни 31 наурызға дейін АҚШ-та 155,7 мың адамның коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаны белгілі болып отыр. Олардың 2,8 мыңы қайтыс болса, 4,9 мыңы жазылып шыққан.