Елордада көшелерге дезинфекция жасалып жатыр
АСТАНА. 25 наурыз. Ел байтағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін дезинфекциялау жұмыстары кеңінен жүріп жатыр. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Осы бағытта қала көшелері, тротуарлар, аялдамалар және басқа да қоғамдық орындар күнделікті негізде арнайы ерітінділермен дезинфекциядан өтіп жатыр. Дезинфекциялау іс-шараларын жүргізуге қалалық қызметтерден басқа қарулы күштердің биологиялық қорғау бөлімшесінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды. Қолданылып жатқан ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз. Қала аумағын ерітіндімен өңдеуге күнделікті 450 адам қатысады.
Бұдан бөлек, әуежайда, вокзалдарда, әлеуметтік нысандарда, базарларда, сауда ойын-сауық орталықтарында және басқа да адам көп жиналатын жерлерде дезинфекциялау шаралары күшейтілді. Санитарлық тәртіп күшейтілді. Жұмыс орындары мен ғимараттарда мұқият өңдеу жүргізіліп жатыр. Барлық қызметкерлер медициналық маскалармен, антисептиктермен және басқа да медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді.
Жалпы, 2 мыңнан астам тұрғын үй дезинфекциядан өтуі қажет. Пәтер иелері кооперативтері мен қызмет көрсетуші компаниялар үй кіреберістерін, есіктерді, лифттерді, сүйеніштерді, терезе жақтауларын және т. б. дезинфекциялауға міндетті.
Елордада коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөнінде барлық шаралар қабылдануда. Жедел штаб жұмыс істейді. Қала тұрғындары тәртіпті сақтап, қажетсіз үйден шықпауы, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет.