Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Президент қатаң санкцияларға көшетін кез келгенін айтты

АСТАНА. 24 наурыз. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейне байланыс арқылы қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде індеттің таралуын ауыздықтау үшін Төтенше жағдай және карантин режимін бұзғандарға қатысты шараларды қатаңдату қажеттігін айтты.

– Қатаң санкцияларға көшетін уақыт жетті. Сонымен қатар тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында тіркелген деректерді БАҚ-та кеңінен жариялау керек. Халық баратын қоғамдық орындарда санитарлық тазалық талаптары сөзсіз орындалуы тиіс. Мұндай жағдайда «үнемдеуге» және «оңтайландыруға» жол жоқ. Мемлекеттік комиссия Қарулы Күштерді Астана, Алматы, Шымкент және басқа да ірі қалалардың көшелерін дезинфекциялауға тарту тәртібін айқындауы қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдерден, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келген барлық адамдарды карантинге жатқызуды тапсырды.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдай және карантин кезіндегі жұмыс тәртібін әзірлеп, оны барлық азаматтар мен бизнес өкілдеріне жеткізу, сондай-ақ, халыққа медициналық мекемелердің жаңа жұмыс режимін түсіндіру керектігін атап өтті.

Білім, Мәдениет және спорт министрліктеріне жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін онлайн-режимінде жарыстар, дәрістер мен өзге де білім беру шараларын өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

– Құқық бұзушылықтың көбеюіне, ең алдымен, ұрлыққа, тонауға, талан-таражға салуға, биліктің заңды талаптарына бағынбауға жол бермеу керек. Осыған байланысты қоғамдық орындардың күзетін, оларды жарықтандыру және бейнебақылаумен жабдықтау шараларын күшейту керек. Бұған полицияның бүкіл құрамын жұмылдыру қажет, – деп тапсырды Президент.

Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету алгоритмін әзірлеуді, соттардың ісін төтенше жағдайға көшіруді ұсынды.

Мемлекет басшысы жұмыссыз жастарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тиісті жалақы төлей отырып, оларды су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егінге, құрылысқа және басқа да жұмыстарға тартуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, дағдарыс жағдайында жұмыс істеп тұрған әрбір кәсіпорын, әрбір жұмыс орны аса маңызды. Осыған орай фискалды органдарға дағдарыс кезінде кәсіпкерлерге ешқандай қысым жасамай, өздерінің жұмыс әдісін қайта қарауды тапсырды. Бұдан бөлек қауесеттер мен арандатушылық ақпараттарға тосқауыл қою жұмыстары ерекше бақылауға алынуы тиіс.

– Бүгінде алдыңғы шепте өз бастарын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар өз отбасыларын сирек көреді. Соған қарамастан, өздерінің азаматтық және қызметтік борыштарын толық орындап жүр. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент төтенше жағдай кезінде айыппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты бұған дейін қабылданған тыйымдардан бөлек, дағдарыстан зардап шеккен халықтың барлық займдары бойынша қарыздың негізгі бөлігін және сыйақысын тоқтата тұру қажет деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айрылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (42 500 теңге) төлей бастауды тапсырды. Жалпы мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді. – Мемлекеттік комиссияға төлемдердің тиімді әрі ашық механизмдерін әзірлеуді тапсырамын. Арнайы құрылған өңірлік штабтар нақты көмек алушылардың тізімін жұртшылықтың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен жасайды.

Сонымен қатар бизнес, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс орнын сақтап қалу шараларын қабылдауы, қызметкерлерін жұмыстан шығармауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент күрделі жағдайды жеке басына пайдаланатын алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеу керек деп санайды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық елді мекендерді қажетті заттармен қамтамасыз етуді талап етті.

– Бұл жұмыстарды жүйелі атқару үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін бекітіп, сол арқылы бағаны мемлекеттік реттеуді енгіземіз. Барлық облыстар мен қалаларда азық-түлік және ең қажетті тауарлардың қоры жеткілікті. Әр аймақтың әкімі ең қажетті тауарлардың нақты есебін жүргізуі қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұялы байланыс пен интернетке, әсіресе, ағартушылық ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қол жетімділікті арттыруды тапсырды. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қарызына қарамастан, байланыс қызметін үзбеу керек. Бұдан бөлек мемлекеттік комиссия коммуналдық қызмет төлемдерін төмендету үшін жүйелі жалпыреспубликалық шаралар әзірлеуі қажет. Президент сөзінің басым бөлігі кәсіпкерлікті қорғауға арналды.

– Қазіргі күрделі жағдайдан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерліктің барлық несиелері бойынша негізгі қарыздары мен сыйақыларын төлеуді тоқтата тұру – оларды нақты қолдау механизмдерінің бірі. Іскерлік белсенділікті салық тұрғысынан ынталандыру және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар әзірлеуді, шағын және орта кәсіпкерлікті барлық салық және міндетті төлемдерден 3 ай мерзімге босатуды тапсырамын. Осы кезеңде оларға айыппұлдар мен өсімпұл жүрмеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың келісім-шартта көрсетілген міндеттемелерін толық орындауын бақылауды күшейту тапсырылды. Іс жүзінде көрсетілген қызметтер мен атқарылған жұмыстардың барлық төлемдері 5 күн ішінде аударылуы қажет. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар орындаушыларға айыппұл салмауы және сенімсіз орындаушылардың тізіміне қоспауы тиіс. Қысқа мерзім ішінде отандық тауар өндірушілердің реестрі жасалып, мемлекеттік сатып алулардың арнайы режимі енгізіледі.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» арнайы бағдарламасы – іскерлік белсенділікті және жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы болуы тиіс. Президент теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыру үшін Ұлттық банкке, Үкіметке және квазимемлекеттік компаниялардың басшыларына квазимемлекеттік сектордағы субъектілердің экспорттық пайдасын міндетті түрде еліміздің валюта нарығында сатуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Осындай күрделі жағдайда мемлекетті басқару түбегейлі өзгеруі тиіс, өзімізге жауапкершілік алып, батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз керек. Мен Үкіметтің әрбір мүшесіне, әкімдерге ерекше режимде жұмыс істейтін уақыт келгенін жеткізгім келеді. Қазіргі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінбейтін, ескі әдіспен жұмыс істеп, өз ісіне немқұрайлы қарайтындар орындарын босатуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралардан бөлек, жағдайды тұрақтандырғаннан кейінгі уақытты ескере отырып, жүйелі бағдарламалар әзірлеп, қабылдауы қажет екенін айтты.

– Қазіргі қалыптасқан жағдай күрделі болғанымен, аса ауыр деп айтуға болмайды. Біздің барлық мүмкіндігіміз бен қорымыз бар. Ең бастысы, қолайсыз жағдайға дер кезінде дайындықты бастадық және не істеу керек екенін білеміз. Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жалпы көлемі 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард долларды құрайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында барлық қазақстандықтарды бірігуге, осы күрделі жағдайдан сабақ алуға және ахуал тұрақталғаннан кейінгі жағдайда қажет болатын жаңа жүйелі әдістер іздеуге шақырды.

– Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыс барысында қалыптасқан жағдайға байланысты Премьер-Министр Асқар Маминнің, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың есептері тыңдалды.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына сілтеме арқылы оқуға болады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button