«Ата-ананың қадірін білу – ұрпаққа парыз»
Анонс: «Дидарғайып» журналының кезекті нөмірінің кейіпкері – Әріп Хожбанов
«Дидарғайып» журналының кезекті кейіпкері Сыр бойы еліне аты жақсы таныс белгілі қоғам қайраткері және кәсіпкер Әріп Битілеуұлы Хожбанов болып отыр. Қай салада да өзін жақсы қырынан көрсетіп келе жатқан абыройлы азаматтың өмірде көргені мен түйгені де мол. Мұның басылым беттерінде жарияланған аталмыш сұхбатты оқыған кез келген оқырман байқай алады.
Таяу аралықта журналдың бұл нөмірі сауда орындарына шығарылады. Оған қызығушылық танытқан оқырманның журналды Қызылорда қаласындағы «Алибек-Пресс» дүкенінен сатып алуына болады.
Біз енді анонс ретінде сол сұхбаттан үзінді ұсынып отырмыз.
– Әріп Битілеуұлы, мына өмір сізге несімен қызық?
– Бұл өте көп қырлы, ауқымды сұрақ екен. Сондықтан оған бір ауыз сөзбен жауап қайтару қиын. Меніңше, өмірдің қызықтығы, біріншіден, өзіңнің осы өмірдің ортасында жүруің болса, екіншісі оны мәнді де мағыналы, өзің өкінбейтін етіп аяқтап, соңыңда ұлағатты ұрпақ қалдыруда шығар. Бұл болуы үшін өмір адам өскелең өмірге, алғы күнге қызығып отыратындай болуы керек.
Пенденің тіршіліктегі көптің бәріне бірдей тиесілі бола бермейтін, өршілдік сезімді оятатын қасиеттердің бірі оның өмір сүріп жатқан ортаға қажеттілігі болуға тиіс. Сол орта оны әспеттеп шақырады, қошеметтеп күтеді, өзімен бірге болғанын қалайды, жоқ болса іздейді. Бұл – «сенің бағаң бар, қауымға қажетсің, көпшілікке айтар бір-екі ауыз сөзің керек» деген сөз. Сондықтан сондай өзіңді сыйлайтын ортада болып, олармен бірге өтетін алуан түрлі жиындарға қатысуың керек, көпшіліктің бас қосқан жерінде жүруің керек. Айналып келгенде, бұл сенің осы кезге дейін бекерден-бекер өмір сүріп келмегеніңді көрсетеді.
Адамзаттың азаматы Шыңғыс Айтматов: «Әр адамның өзінің қадір-қасиетіне қарай мәртебесі болады» дейді. Көптің берген бағасына ештеңе жетпейді, ол бағаны сыйлай да, құрметтей де, пайдалана да білу қажет. Бұл да сенің азаматтық келбетің мен болмысыңды танытады.
Адам тіршілігінің басты мақсаттарының бірі ертеңгі болашағымыз, артында қалдыратын ізі ғой. Әуелі адам ұрпақты болғанын тілейді, оның өскенін, білім алғанын, үлкен өмірге өзін дайындағанын, қатарынан қалмай, пәтуалы адам болғанын тілейді. Менің бір білетінім, өмірдің тағы бір қызығы осында болса керек.
– Әкеден қалған ең жақсы өсиетті сөз қандай? Асыл сөздің алшы асығын адаспай табатын ақылман адамнан талай тағылымды танымдар қалғанын пайымдай аламын. Дегенмен, сіз үшін солардың ішіндегі қайсысы ерекше ыстық та ықыласты болып көрінеді?
– Әкеміздің көбіне «Өте дүниеқор болып үйренбе. Кісіге ақыңды жіберме. Не істесең де, ойланып істе. Егер қолыңа лауазымдық дәреже тисе, ешкімге өктемдік жасама. Арам дүние жинама» деп ескертіп отырушы еді. Оның осы сөздері жадымда сол қалпы жаңғырып қалып қойыпты. Ең негізгі өсиеті осы ғой деп ойлаймын. Осы сөздердің аясы мен саясында қаншама мағына жатыр.
Осы орайда менің есіме бір жағдай түсіп отыр. Кейін осы кәсіпкерліктің жолына түсіп, түрлі азық-түлік тауарларын жасайтын шағын цехтар аша бастадық. Сол кезде осы елдің азаматы – Өмірлі Әбішев деген кісі менде жүргізуші болып жұмыс жасаған. Ол нан өнімдерін таситын «УАЗ» автокөлігін айдайтын. Бір күні ол кісі маған келіп, басқа жаққа жұмысқа ауысқысы келетінін айтып, жұмыстан өз еркімен босатуымды сұрады. Мен, әрине, оның өзі өтініп тұрғаннан кейін, жұмыстан босаттым да, орнына сол уақыттары солтүстік жақтан көшіп келіп жатқан балдыздарымның бірін алдым. Күндердің күнінде әкем жаңағы көлікті Өмірлі емес, менің балдызымның айдап жүргенін байқап қалып, маған өзінің ренішін айтты. «Сен өзіңде жұмыс істеп, нан тауып, семьясын асырап жүрген баланы босатып, орнына өзіңнің балдызыңды алыпсың. Мұның қалай?» деген сыңайда сөз қозғады. Сосын маған мұның бәрі Өмекеңнің өзінің өтініші бойынша жасалғанын жеткізіп, түсіндіруге тура келді.
Расында әкем барынша әділ адам еді. Ол титтей бір әділетсіздікті көрсе, төзбейтін еді. Соған бірден реакция жасайтын.
– Жалпы, үңгіттердің жаппасқа кейін қосылғаны, оның ежелгі дәуірде «оңғыт» атанған уақтың бір тармағы екені толық дәлелденген дерек. Бұл туралы кезінде өз әкеңіз де жазған еді.
– Бұдан да хабарым бар. Атадан балаға ауысып келе жатқан бұл деректі әкем де шынында әркез айтып отыратын. Ұмытпасам, 1982 жылы болуы керек, атақты академик Әлкей Марғұлан да осы жайында «Жұлдыз» журналына «Таңбалы тас» деген мақала да жариялады. Онда ғұлама ғалым өңгіттің тарихтағы оңғыт екенін, ал оңғыттың қазіргі атауы уақ екенін ашып жазады. Мұндай тұжырым белгілі түркітанушы Лев Гумилевте де бар. Ал әкем өзінің шежіресінде: «Ертеден келе жатқан ел аузындағы деректерге қарағанда, Өңгіт (Үңгіт) Жаппастарға сырттан келіп қосылған сияқты. Оны біреулер Жиделі-Байсыннан, енді біреулер Есім ханның елінен келген дейді. Шамасы, мұның екеуі де бір аймақ сияқты. Қалай болғанда да, құлағдар қарттарымыздың айтуларына қарағанда, Марал ишанның ұрпағы Ысқақ ишан дүние салғанда, Ұлы жүздің есебінен Өңгіттің бір ақсақалының басқа кіруі Өңгіттің Жаппасқа кірме екенін растай түседі», деп атап өткен екен. Асылы, өңгіттің түбі уақ десек, ол Орта жүзге жататын еді. Осы жерде ғана кереғарлық байқалады.
Жалпы, тарихтың арғы қатпар-қыртысындағы оңғыт-өңгіттің біздің дәуіріміздің бастапқы кезеңінде пайда болғаны белгілі. Егер біздің үңгіттің сол оңғыт тайпасынан бөлініп шыққаны ақиқат болса, онда бабаларымыз бір замандары Ұлы Қытай қорғаны түбінде тұрған болып шығады. Қытайдың әртүрлі династиялары тұсында салынған сол қорғанның бой көтеруіне оңғыттардың да айтарлықтай ықпалы, сесі, айбыны болғаны тарихтан белгілі. Сол оңғыттардың кейінгі ұрпақтарының біраз бөлігі кейін хансу жұртына қосылып, ассимилияцияға ұшырап кеткені де шындық. Сол айбынды армиядан қалған жұқанақтың бір бөлігі ғана қазіргі қазақтың құрамында «уақ» деген атпен жүр.
Менің бір риза болатыным, бар-жоғы сегіз сыныптық қана білімі болған менің қайран әкем осы шындықтың, осы шежіренің, осы тарихтың бәрін біліп өмірден өтті. Кейде үй ішінде балаларымен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанында, ол кісі осы жайында там-тұмдап сыр шертіп қоюшы еді. Шынымды айтсам, әкем сөз етіп қозғамаса, менің өзім бұл тақырыпта ойланып көрмеген де болар едім. Осылардың бәрінің түп қазығын қопарып келгенде, үңгіттер тарихының өте ертеден басталатынын байқауға болады. Оның жаппас тайпасы құрамына кейін келіп қосылғаны да әкем айтқан аңыз әңгімеден анық білініп тұр. Оны біздің өз ата-бабаларымыздың да ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп өткенін жақсы білеміз. Дегенде, қазақ ру-тайпаларының тарихында мұндай жағдайлар өте-мөте көп, ол ондап емес, жүздеп саналады.
Егер үңгіттің жаппасқа қосылуы Есім ханның тұсында орын алғаны рас болса, онда бұл оқиғаны XVII ғасырда жүзеге асты деуге айғақ бар. Себебі, 1598 жылы ағасы Тәуекел қайтыс болғаннан кейін таққа отырған Есім 1628 жылға дейін елді билеген. Сонда біздің Жаубасар бабамыз сол Есім ханның тұсында өмір сүрген болып шығады. Олай дейтініміз, айтылып отырған оқиғаға осы бабамыздың тікелей қатысы болған көрінеді.
Әкемнің шежіресі бойынша, Түнқозы бабамыз қырға малы сыймаған бай болған екен. Оның екінші баласы Жаубасар бір күні сол жердің билеуші әкімінің ұлымен бірге аңға шығады. Жаубасардың қолында бүркіті, әкімнің баласының жанында тазысы болыпты. Бір кезде аң алған тазыға бүркіт түсіп, оны бүріп өлтіреді. Бұған қатты ашуланған әкімнің ұлы бүркітті шауып тастайды. Сосын мына әрекетке шыдамаған Жаубасар ашумен әкімнің баласын жаһаннамға аттандырады. Ашумен не істеп қойғанын артынан байыптаған бабамыз сол күні түнде жасырынып келіп, болған оқиғаны әкесіне түгел баяндап береді. Сонда Түнқозы бабамыз баласына: «Сыр бойында менің Қаракөз деген би досым бар, соған барып панала» дейді. Осылайша ұлын өзі түн ішінде ешкімге білдірмей, қашырып жібереді.
Жаубасар Сыр бойына келгесін, бірден жаппас Қаракөз биді тауып алып, болған жағдайдың бәрін ашып айтады. Сөйтіп, бидің бір баласы болып, осы елде қызмет етіп жүре береді. Кейін оның адалдығына, адамгершілігіне, ұқыптылығына риза болған Қаракөз оған үлкен ұлы Сушықтың өз бауырына салған қызы Кенжебикені қосады. Мұны теріс көрген жергілікті жұрт арасында «Айдаладан қаңғып келген біреуге қызын беріп, би алжасты» деген әңгіме шығара бастайды. Мұны естіп жүрген Жаубасар бір күні қайын атасына келіп, еліне барып қайтуға рұқсат сұрайды. Қаракөз би, әрине, қарсы болмайды. Соның арқасында Жаубасар өзінің еліне жетіп, түн ішінде әкесіне жасырын жолығады. Түнқозы сонда ел ішінде даудың әлі басылмағанын айтады. «Әкімге: «Сен балаңды ақ арулап жерледің, ал мен баламның не өлі, не тірі екенін білмей, сүйегін де таба алмай отырмын», деп бет бақтырмай отырмын», дейді ол. Соңында баласына бір дорба алтын теңге беріп, келген жағына қайтарады.
Жаубасар Сыр еліне келгесін «Қызыңның сүт ақысы» деп барлық алтынды Қаракөзге береді. Біршама уақыттан кейін мұнда Жаубасардың ағасы Байқонды, інілері Кенжебай, Андағұл, Темір осында көшіп келеді. Би сол кезде күйеу баласының аға-інілері той жасап, Жаубасардың сүт ақысына деп әкелген тілләні, яғни алтын теңгелерді шашу етіп шашады. Топ алдында Жаубасардың тегін жариялап, оған арнайы енші береді. Сол жерде би «Бұрын жаппас бес ағайынды болса, өңгітпен алты ата болсын», деген батасына мәміле жасайды. Қарагөз өзі еншіге бөлген малына сол жерде ай таңбасын басады. Содан бастап Түнқозы балалары ел аузында «ай таңбалы мырза Өңгіт» аталады деседі.
Жаубасар бабамыз батырлығымен қоса, жиын-тойларда күреске түсетін палуан да болыпты. Осыдан «Сыбан, өңгіт, сыбан» дейтін де сөз қалса керек. Бұл бұл ру жігіттерінің білекті сыбанып, кілемге шығатындарын меңзейтін сияқты. Бұдан басқа, бұрыннан келе жатқан «Өңгіттің қызы – қымыз, жігіті – саумал» деген де сөз бар. Шынында біздің қыздар ақылды, бауырмал, биязы болып келеді екен де, жігіттер арасында батыр, палуан, тентек, ұрма мінезділер көбірек ұшырасқанға ұқсайды.
Сол үңгіт (өңгіт) бүгінде Түнқозының жаңа айтылған бес баласының атымен бес тармаққа бөлініп отыр. Олар бұрынырақта Қызылорда қаласының шығыс жағындағы №12 теміржол бекетінен (қазіргі Белкөл) №15 бекет аралығын, солтүстікте «Оспан көпірінен» Сыр өзеніне дейінгі атырапты ата қоныс еткен. Бұл жерлер Айнакөл және Патшалық деп аталатын екі болыстыққа қараған.
– Анаңыз қандай адам еді?
– Қазақта өзі бұрынғылардан келе жатқан «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасында өскен құрақ» деген сөз бар емес пе еді! Әкең мен шешең сенің өміріңнің екі қанаты. Адам өмірінің мәні мен мағынасы оның ата-анасын құрмет тұтып, перзенттік парызы мен қарызын өтей білуінен құралады. Бұл өмірдің жалғастығы үшін де керекі. Адам баласы үшін ата-ананың екеуінің де орындары ерекше бөлек.
Ал енді анам Зылихаға келсем, ол табиғатынан өте мықты жаратылған кісі еді. Қай жағынан алғанда да. Алғырлығы да, адуынды мінезі де бар-тын. Қажырлы болатын. Біздің өміріміздегі көптеген оң қозғалыстар анамның бастамашылығы мен табандылығының арқасында болып жатты. Біз 60-шы жылдарға дейін «Қарауылтөбенің» қасындағы «Алтынбай» деген ауылды қоныс еттік. Далалық жерде тұрғаннан кейін қаланы мекен ететін туған-туыстың бәрі ірілі-ұсақты малдарын бізге әкеліп қоятын. Өзіміздің де біршама малдарымыз бар. Әкем күні бойы өзінің қызметіне байланысты сыртта жүреді, ал малға негізінен анам қарайтын. Жалпы, үйдегі шаруашылықтың бәрі анамыздың қолында болды. Бірақ анамның көзі ашық еді, жан-жағында орын алып жататын өзгерістерді тез байқап, көре білетін.
Сол жылдары өзімнен үлкен ағам Сатыбалды мен апайым Алма «Қарауылтөбедегі» төрт кластық мектепке барады. Ол да қайбір мектеп дейсің, бар болғаны екі мұғалім барлық кластарға сабақ береді. Содан-ақ мұндағы білімнің сапасын байқауға болады. Соны біраздан бері пайымдап жүрген анамыз қоярда-қоймай, көшудің жайын көтере бастады. Ол кезде әкем Қызылжарма ауылдық кеңесінде хатшы болып жүрген. Сол кезде өзінің учаскесінен, мына «Коммунизм» колхозы аумағынан жер телімін алып, үй салып қойған екен. Енді көшейік десек, қолда біраз мал бар. Әкеміз мұндай шаруаға көп араласа бермейді, содан анамыз ағайындарға хабар салып, «Мына малдарыңды алып кетіңдер» дейді. Бірақ олар алып кетер болмайды.
Бір күні анам бас болып, біз соңынан айдап, ағайынның осы малдарын қалаға айдап әкеп, бәрін үйме-үй таратып шықтық. Мен ол кездері көп болса, бес жастамын. Ағам тоғыз жаста болуы керек. Бұған ағайындарымыз ренжіп, анау-мынау ашулы сөздер айтып, кейбірі тіпті қарғап-сілеп, қарсылық білдіріп жатыр. Әкемнің туған інісі, – менің енді ағам ғой, – тіпті анамды боқтап қарсы алды. Сол менің көкірегіме қатып қалды, осы күнге дейін тұр. Ал әкеміз бала күнінде тұрып, мектепте барған Серікбай деген атамыздың үйіндегі Хадиша дейтін әжеміз анамды қарғап-сілеп шығарып салды. Адамның өзімшілдігінде шек жоқ қой. Сонда бұлардың бәрі біздің анамызды ауылдан көшпей, өздерінің қойларын бағып отыра берсе, деген пиғылда болған ғой. Сөйтіп, оның бұл кезге дейін малдарын ұстап, бағып, күтіп, өнімін беріп келгендегі жанкешті әрекетіне алғыс айтудың орнына, сол малайшылық секілді тірліктен қолын үзгісі келген талабына үдере қарсы шыққан.
Осылайша біз анамыздың табандылығы мен қайраттылығының, кемелділігі мен көрегендігінің арқасында 60-шы жылы Қызылордаға көшіп келдік.
– Әреке, сол анаңыздың өмірден өткеніне 20 жылдан асып бара жатыр екен. Қазір оны сағынасыз ба?
– Әрине. Өзіне әлемнің жарығын сыйлаған аяулы жанды сағынбайтын адам бола ма?! Дұрыс айтып отырсыз, анамның бұл жалғаннан өткеніне 20 жылдан асып барады. Ол 1998 жылғы желтоқсанның 12-сі күні бақилыққа аттанып кетті. Арада 1 жыл 3 ай өткеннен кейін, 2000 жылдың наурыз айында әкем де өзінің мәңгілік мекенін тапты. Осы наурызда оның қайтқанына да тура 20 жыл толады. Осылайша екі бірдей тірегіміздің бірінен кейін бірінен бір шамада айырылдық.
Менің бір білгенім: уақыт өткен сайын келместің кемесіне мініп кеткен асылдарыңның жарқын жүздері көз алдыңда көлбеңдеп, санаңда жиі жарқырай түседі екен. Бұл жерде ана туралы айтып отырмыз ғой, мен де өзім үшін соншалықты қымбат жанның болмыс-бітімі бірте-бірте бұрынғыдан бетер биіктеп келе жатқанын ұдайы аңдап жүремін. Мұндайда кейде ішкі сезімімнің бұлқынып, ойдың терең тұңғиығына батып кеткенімді, сонымен бірге көзге жас үйіріліп, кеудеге өксік кептеліп тұрғанын сезбей қаламын. Алпыстан әлдеқашан асып кетсем де, оған деген сүйіспеншілігім, балалық махаббатым қайта оянып, анашым жаныма келіп, аймалап тұрғандай, енді бірде ұзап кеткендей әсерде боламын.
Иә, дүниеде адам баласына анасынан қымбат ештеңе жоқ. Ана құдіретін, қадір-қасиетін бағалап, оған құрмет көрсету – әр баланың айнымас парызы. Осы жерде атақты Майлықожаның: «Аязды күні айналып, Мейірбан бар ма бұрыннан? Бұлтты күні буылған, Ыстық пенен суыққа, Жас нәресте күнінде, Перзент үшін ұрынған, Хабардар болған сырыңнан, Дүниеде, шіркін, мейірбан, Мейіріңді сүтке қандырған, Анаң бір өлмес болсайшы», деп төгілетін термесі ойға оралады. Тап осылай менің анам да бүкіл өмірін балапандарына арнады. Өмірлік серігіне адал жар болды. Тіршілікте сәл ертелеу кетіп қалғаны болмаса, балалары мен немерелерінің қызығына біршама мейірін қандырып үлгерді. Бір шүкіршілік ететінім, өзі мәпелеп өсірген ұл-қыздарының бір-бір шаңырақ құрып, өркен жайғандарын көріп кетті.
Кейінгі кездері анам туралы ойлап, оның өмірінің кейбір сәттерін сана сүзгісінен өткізген сәттерімде оған мүмкіндігімізге сай қажетті деңгейде көңіл аудара алдық па, деген сұрақ мазалайды мені. Жақын адамың жаныңда мәңгілік жүре бермейтінін біле тұрсақ та, адамды «әттең» дегізетін жайларды жіберіп алған жоқпыз ба, деп те толғанам. Осының бәрі анаға деген мәңгі өлмес сағынышты одан бетер қоздата түседі екен.
Анамыз бар баласының ортақ жанашыры еді. Қазір осыған байланысты мына бір жайт ойыма оралып отыр. 1997 жылдың қараша айында қала орталығында жаңадан салынған үйге отбасымызбен көшіп бардық. Үй салып жатқанымнан ата-анам хабардар болып жүрсе де, бұрынғы қонысымның жай-күйін қалай болатыны жайында маған тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Бәлкім, іштерінен оны басқа ұл-қыздарының біріне берсе екен, деген тілек тілеген де шығар. Бірақ ол жағын мен білмеймін. Содан жұбайым Салтанат екеуміз ойласа келіп, әрбірі 6-7 бөлмелі екі жоспарлы жайдан тұратын бұрынғы үйімізді көп балалы ағамыз Сатыбалдыға беретін, ал оның өз үйін қаланың шет жағында шағын бір үйде тұрып жатқан қарындасым Сараның отбасына бергізетін болып шештік. Бұл шешімді екі отбасы да қуана қарсы алды. Сосын оларды жаңа мекендеріне апыл-ғұпыл көшірістік. Мұның жайын әке-шешемізге көшірісу толық аяқталғаннан кейін бір-ақ айттық. Сондағы анамның шаттанғаннан бал-бұл жанған жүзі әлі көз алдымда жарқырап тұр. Ол әкемізге қарап: «Көрдің бе, менің балам ғой, өзіме ұқсаған» деген еді мерейі тасып тұрып. Міне, осындай сәттерді ұмытуға бола ма! Сол жолы анамның көңілінен, діттеген жерінен дәл шыққаным үшін өзімді көпке дейін бақытты сезініп жүріп едім.
Тағы бір оқиғаға тоқтала кетейін. 1998 жылдың қазан айы еді. Таңертең төсектен тұрып, үйдің астыңғы қабатындағы асүйге келсем, анам бұрыннан қалыптасққан дағдысы бойынша шайды қайнатып, дастарханды жайып қойып, бізді күтіп отыр екен. Бірақ сол кезде анамның жүзіне тіктеп қарағанымда, оның көз жанарында бір өзгеріс бар екенін байқап қалдым. Жүрегім су ете түсті. Бірден: «Көзіңіз біртүрлі көрінеді, қай жеріңіз ауырып отыр?» дедім мазасызданып. Бірақ анам маған сыр бермеуге тырысып: «Еш жерім ауырып отырған жоқ, маған алаңдамай, тамағыңды ішіп, жұмысыңа кете бер», деді. Сонда өзі қатты ауырып тұрып та, менің жайымды ойлап тұр. Мен болсам, оның жанарының бір орнында тұрмай, ауытқып кеткенін білгесін, облыстық аурухананың партактив бөлімін басқаратын Светлана Тынымқұловаға дереу хабарласып, орын дайындаттым. Сөйтіп, анамды сонда алып бардым. Светлана Ерболатқызы барған бойда анамның қан қысымын өлшеп көріп, оның өте жоғары болып тұрғанын, инсульт алып үлгергенін тез анықтай қойды. Ол сосын бірден тиісті мамандарды жинады. Ал неврология бөлімінің меңгерушісі Бақыт Дүйсенбаев деген білікті дәрігерді өзім ертіп келдім. Ол да қолдан келген қызметін жасады.
Осыдан кейін Салтанат анамның түскі, кешкі тамағын әзірлеп, қасында жүрді. Бір күні досым Мұхитты ертіп, барғанымызда анам келіні Салтанатты өзіне жақындата тартып, екі қолымен қысып тұрып, екі бетінен емірене сүйіп: «Аппағым, өмірім» деп, көзіне жас алды. Бұған барлығымыз тебіреніп кеттік. Бұл ол кісінің аузынан шыққан ең соңғы сөздер екен, сол күні кешке қарай тілден қалып, комаға түсті. Арада екі-үш күн өткеннен кейін оны үйге шығарып алдық. Ұзамай ұл-қыздарының қолында о дүниелік болып жүре берді…
Иә, өкінішке орай, өмірде осылай көп нәрсенің қадірін кеш түсініп жатамыз. Сондай сәттерде аяулы адамымызбен болған кездегі сәулелі щақтардың бәрін жадтың жарығынан өткізіп, қайта қарап тұрамыз. Анамның ең соңғы тілге келген кезіндегі екі ауыз сөзінің мәні мен мағынамын кейін ұғынғандай болып жүрміз. Сөйтсек, ол кісі өзінің бұдан кейін тілден қалатынын білгендей, шамасы барында келініне ризалығын білдіре отырып, оған бүкіл әулеттің бірлігін, отбасының берекесін аманат етіп тапсырып кетіп отыр екен ғой.
Мен кәсіподақ саласында техникалық инспектор болып қызмет істеген, кейіннен кәсіпкерлікпен айналысқан жылдарымда жұмыс барысымен жан-жаққа іссапармен жиі шығып тұрушы едім. Облыс төңірегінде, республика аумағында, шетелдердің шеңберінде жүрейін, соның бәрінде де көздеген жеріме жетіп алғаснын міндетті түрде әуелі анама, сосын әкеме қоңырау шалып, өзімнің аман-есен екенімді білдіріп тұрушы едім. Сол әдетім кейін көпке дейін мені елеңдетіп, барған жерімде баяғыша анама хабарласпаққа оқталып барып тоқтап жүрдім. Содан екі-үш жылдан соң бір жолы Салтанатты, балаларымды алып, Алматыға демалуға бардық. Жермен жүріп жетіп алғасын, бұрынғы дағдыммен телефонды ала салып, анама хабарласпақшы болып жатқанымда, оның енді бұл өмірде жоқ екені ойға оралып, көңілім аяқ астынан алай-түлей бұзылып сала берді. Бұл жан күйзелісімді жарым мен ұл-қыздарыма білдірмейін деп, жедел сыртқа шығып кеттім. Содан әбден ішім босаған соң ғана бөлмеге оралдым.
Оншақты күн демалып, өз көлігімізбен ауылға қайтып келе жатқанымызда, Тараз қаласының тұсына жеткенде, әнеукүнгі оқиға қайта-қайта ойыма оралып, тағы да көңілім босай бастады. Көз алдыма анамның жүзі келіп, жан-дүниемді егілтіп жіберді. Ақырында бомағасын, машинаны жолдың жиегіне тоқтатып қойып, көз жасыма ерік беріп, ағыл-тегіл жылап алдым. Сана қабылдай алмайтындай еріксіз бір ғажайып, тылсым сезім өзіне ертіп, бағындырып алғандай күйге түстім. Балаларым аң-таң. Салтанат менің сондай бір күйзеліс кейпінде жүргенімді байқаған екен. Бәрін түсініп келген ол мені жұбатып жатыр. Сөйтіп, бір сағаттай аялдап алғасын, қайта жолға шығып кеттік. Міне, осының бәрі анаға шексіз де түпсіз деген сағыныш емес пе! Қазақта бұрыннан келе жатқан «Алланың ризалығы – ата-ананың ризашылығында» деген қанатты сөз бар. Ата-анасын риза ете алмаған адамдар басқа адам баласының да ризашылығына бөлене алмайды. Сондықтан салиқалы ойлы адам баласы ең алдымен ата-анасының алғысын алуға ұмтылуы керек деп ойлаймын.
– Бәрекелді! Айтып тұрғаныңыз жөн сөз. Енді бірге туған бауырларыңыз жөнінде не айтар едіңіз? Олардың бәрі өмірден өз орындарын тапты ма?
– Бір кіндіктен бес баламыз. Әкеміз Битілеу мен анамыз Зылихадан екі ұл, үш қыз өрбідік. Балалардың үлкені, әке-шешемнің тұңғышы – әлгінде айтып кеткен Сатыбалды ағам. Ол 1950 жылы қараша айында туған. Бүкіл саналы өмірін жүргізуші болып өткізді. Мектепті жақсы оқып, бітірген. Бірақ екі жыл қатарынан Алматыға оқуға барып, жолы болмай қайтты. Содан кейін еңбекке араласып, әкемізге қолғанат болды, біздің оқуымызға жәрдем берді. Әкемізден кейін бізге көп еңбегі сіңген осы ағам болды. Табысты жақсы тапты. Өмір бойы Қызылордада тұрып келеді. Одан кейінгі Алма апайым – 1952 жылғы. Қыркүйек айында өмірге келген. Медицина саласының қызметкері. Көп жылдар Шиелі ауданында жұмыс жасап, кейін Алматыға көшіп барды. Алмадан кейін менмін. Өзімнен кейінгі тете қарындасым Баян 1961 жылы туған. Мамандығы – бухгалтер. Көп жылдар сауда саласында жұмыс істеді. Бүгінде су шаруашылығы мекемесінде қызмет жасап жүр. Ал кенже қарындасым Сара 1963 жылы өмірге келген. Мамандығы – технолог. Кезінде нан өнімдері зауытында бас технолог болған. Қазір «Арай-Сити» орталығында бас технолог. Бұлардың екеуі де Қызылорда қаласында тұрады. Барлығы да үйлі-баранды.
Сатыбалды ағам 1973 жылы үйленді. Жеңгем Ұлбазар Сапабекова – тура әжем мен анам сияқты көшей жаппастың қызы. Ағам екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Апайым Алма да 1973 жылы тұрмыс құрды. Күйеуі – белгілі дәрігер Базарбай Үмбетов, Әлімнің асаны. Бұлардың 2 ұл, 1 қызы бар. Баян көкмұрын қыпшақ Амантай Нұржанов деген жігітпен бірге шаңырақ көтерді. Бұлар да 2 ұл, 1 қыз өсіріп отыр. Құдамыз Әбдір Пірманов деген белді кісі еді. Кезінде дайындаушы болды, дайындау кеңсесінің бастығы, Қызылорда қауын базасының директоры болды. Бұл кісінің бір жақсы қасиеті: тапқан-таянғанын ағайынмен бөліскенді жөн көретін. Құдайына қараған өте бір абзал азамат-тын. Ал Сара найман руынан шыққан Тәуекел Көлбаев деген жігітпен өмірін жалғастырды. Олардың 1 ұл, 1 қызы бар.
Қазақ «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дейді. Әкеміз бен анамыздың салып берген сара жолы шығар, ағайынды бәріміз бір-бірімізбен татумыз, сыйластығымыз өте жақсы.
– Мен сіздің жаңа айтылып өткен туған жездеңіз Базарбай Үмбетовті жақсы білемін. Бір кездері бәріміз де Шиеліде тұрғанбыз. Базекең ауданның қатты құрмет тұтатын дәрігері болатын. Халық оны хандай көтермелеп жүрді. Сіздің сол үйдегі әпкеңіз Алма жайында да жұрттың пікірі өте керемет. Медиктер отбасы атанған екеуі де аудан халқына өте сүйкімді болды. Бұған олар өздерінің адал еңбектерімен жетті.
– Бұған менің қосып-аларым жоқ. Елге сыйлы болудың үздік үлгісін осы кісілер көрсетті. Алма – менің өзіммен қатар, тетелес өскен, екі жас үлкен апайым. Олар Базекең екеуі жұмыс жағдайында танысып, табысты. Екеуі отау тіккеннен кейін қалада шамалы уақыт тұрды да, арнайы шақыртумен Шиеліге көшті. Сонда үлкен азамат деңгейіне жетті, бедел жинады, дос-жаран жинады, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Біздің әкемізден алған тәлім-тәрбиеміз бөлек, бұл кісілерге қарап, қасыңда қатар жүрген адамдармен қарым-қатынас жасауды, жұртпен қалай сыйласуды осы апам мен жездемнен үйрендік. Бұл кісілер өте бір жарасымы келіскен отбасы болды. Мен, мысалы, жездемнің біреу туралы бір ауыз теріс әңгіме айтып, алдына келген адамына түсін суытып, дауыс көтеріп сөйлегенін көрген емеспін. Олар қолдарынан келсе, кімге болса да, көмегін көрсетуге дайын тұратын. Шынында да кейін Шиелінің туа-бітті бір азаматындай болып кетті. Сол елге қалтқысыз қызмет жасап, жұрттың ықыласына бөленді. Оның үстіне, жездеміз өте білікті гинеколог-дәрігер еді. Өзінің осы саладағы барлық білімі мен білігін ауданда көрсете білді.
Базарбай жездеміз Қызылорда қаласында өскенімен, түбі қазалылық, руы – асан, оның ішінде – мәтіғұл. Бұл асан арасындағы ең бір беделді, көп тараған тайпа болатын. Қазалының кезінде «Карл Маркс атындағы совхоз» деген ауылынан шыққан. Әкесінің үлкен әкелері сол жақта тұрған. Өзінің әкесі Қызылордада теміржолда қызмет еткен. Қожабай деген құдамыз болды. Өте сырбаз, салиқалы, мәдениетті, сыпа, орнықты адам еді. Жездем сол кісінің тәрбиесін алып шыққан айтулы адам. Біздің бұл кісіден үлгі алатын жерлеріміз көп. Бірінші – оның отбасындағы қалпы, үйді ұядай етіп отыратын бауырмал мінезі, жан жарын сыйлайтын қалтқысыз қасиеті. Екінші – өзінің балаларына сондай бір жақсы тәрбие мен өнеге беруі. Татулық пен түсіністік – олар құрған отбасының бірінші бетке ұстар белгісі. Қазақтың қандай бір шаңырағы болса да, олардан үлгі алса, жаман болмас еді.
Қазір апайым мен жездем Алматы облысында, Қаскелең жерінде тұрып жатыр. Базекең Санжар Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина академиясының бір кафедрасында қызмет етіп жүр. Елге сіңірген еңбегі де еленуде. «Парасат» ордені мен «Шапағат» медалінің иегері. «Денсаулық саласының үздігі». Бұдан да басқа, ел ішінде көптеген сый-құрметке ие болып жүр. Қазір зейнеткер болып отырған апамыз да осы саланың майталманы. Бірақ ол көп жағдайда жолдасының абыройын асыру үшін өзін соған арнаған адам. Жездеміз түздегі тірліктің түңдігін көтеріп жүрсе, апамыз үйдегі ұйытқы мен үйлесімділіктің тізгінін ұстап отыр. Ол өздерінен өнген балалардың жақсы тәлім-тәрбие алуына да айрықша мән беріп отырады. Жалпы, бұл отбасы өзінің араласатын шеңбері өте үлкен, дос-жарандары көп шаңырақ болып саналады. Бүгінде Базекең мен Алма екі ұл, бір қыздан бес немере сүйіп отыр.
– Тағы бір айтайын дегенім: осыдан бірқатар жылдар бұрын бір топ шиелілік бастамашылар Базекеңді «ауданның құрметті азаматы атағына ұсынып жатыр» деп естіп едік. Бірақ соның соңы тиянақсыз болып қалған сияқты. Негізінде, Үмбетовтің Шиелі халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Аудандық мәслихат депутаттары әлі де бұл мәселені аяқсыз қалдырмас деп ойлаймын.
– Ауданның құрметті азаматы деген атақ, негізінен, халықтың белгілі бір адамға білдірген ықыласы мен берген бағасының өзіндік өлшемі секілді болуы керек қой. Бірақ кейде ол басшылық тізгініндегілердің айтылып отырған тұлғаға қатысты көзқарасы мен қарым-қатынасының нәтижесіне қарай шешіліп жатады. Бұл – өкінішті. Мұнда да сондай бір пайымдар болған сияқты.
Базекеңе атақ беру жөніндегі ұсыныс ауданның денсаулық сақтау саласында жүрген азаматтардан шықты. Олар бір емес, бірнеше рет осындай ұсыныстар білдірді. Бірақ бұл мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатыр. Негізі, билік басындағылардың мұндай атақтардың кімге берілуі керек екенін алдын ала шешіп қойып жататыны жасырын емес. Ондай «рұқсат» алмаған адамның бұған жете алмасы тағы белгілі. Әрине, кім-кім де мұндай атақты өзінің ел-халық алдындағы беделіне қарай, жұртқа сіңірген еңбегіне қарай алуы керек. Дегенмен, биліктің де халық сұранысына, тілегіне құлақ асатын кезі жеткен шығар.
– Әріп құрдасым, сіз өзіңізге өмірлік жар таңдауда да жұлдызы жанған бақытты адамсыз. Екеуіңіз бір-бірлеріңізге жақсы жарасып келе жатырсыз. Ал таныстық қайда және қалай басталып еді? Арқаның қызы Сырдың бойына қалай бауыр басты?
– Мен әдетте әйелім Салтанат туралы сөз болғанда, «оны Омбыдағы 80 мың қазақтың ішінен таңдап алдым» дегенді айтамын. Қалжың, әрине. Жалпы, біз екеуміз Алматыда оқып жүрген кезімізде табыстық. Біздің Ауыл шаруашылығы институтының студент жігіттері Қыздар педагогикалық институтының студент қыздарымен жақсы байланыста болатын. Екі жақтың белгілі бір топтары бір-бірлерімен қатынас орнатып, бірлесіп кештер өткізіп тұратын. Мен болашақ жарыммен өзімнің туған күнімде танысқанмын. Ол маған сол туған күнге «сыйлық» болып келді. Екеуміз танысқан сәттен бастап бір-бірімізді ұнатып қалдық. Содан кейін бір-бірімізді сынап, соншалықты бір көп уақыт жүрген де жоқпыз. Көп ұзамай үйлендік. Содан бері, міне, қырық жылдан артық мерзім өтіп бара жатыр екен. Тойымыз 1979 жылдың сәуір айында өтті. Құдайға шүкір, қазір екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Олардан бірнеше немере сүйіп отырмыз.
– Сіздің Салтанаттың төркінін іздестіруде көп жұмыстар атқарғаныңыздан да хабарымыз бар. Сол хикаяны өз аузыңыздан тағы бір сапар естігіміз келіп отыр. Бұл жайында оқырмандарымыз да біле берсін.
– Салтанаттың Омбы жақтан екенін жаңа айттым. Руы – Керей. Әкесі Жиянгер Мұхамедьяров деген кісі 32 жасында өмірден өтіп кеткен екен. Ал анасының аты – Хиуа, ол кісі 38 жасында бақилық болған. Арттарында екі қыз, бір ұл қалған. Жалғыз ұл – Ержан да бүгінде жоқ. Сіңлісі – Сәуле Алматыда тұрады. Күйеуінің аты – Асхат. Олардың Тоғжан, Кәмила деген қыздары бар. Әкесінің әкесі Мұхамедьяр елге белгілі кісі болса керек. Өзі кезінде билік тарапынан қуғынға да ұшыраған. Сондықтан өзі өскен жерден жырақта жүріңкіреген. Сөйтіп жүріп, төрт рет үйленіпті. Солардың бәрінен де ұрпақ өрген. Бірақ әлгіндей қуғын жағдайында жүргесін, балалары бір-бірімен байланыса алмай қалған. Негізінен, біздің Салтанатқа қамқорлық көрсеткен нағашылары Қабдолла деген ағамыз бен Рауза деген тәтеміз болған. Солар қарасқан. Біз олардың кейін Қызылордаға біржола көшіп келулеріне көмек еттік. Осында тұрды. Осында өмірден озды. Қазір олардың балалары осы қалада тұрып жатыр.
Жаңа Мұхамедьяр атаның төрт әйелінен туған балалардың бір-бірлерімен қатыса алмай қалғанын айттым ғой. Бұлар кейіннен барып, бір-бірлерін іздестіріп, жан-жаққа хабар сала бастаған. Біз де солай іздестіріп, Жібек деген апайын таптық. Омбы облысының Называев ауданында тұрады екен. Кейін ол кісілермен кездесіп, табыстық. Ол кісілер соңынан Қызылордаға да келіп, қонақ болып қайтты. Біздің қуаныштарымызға, тойларымызға қатысты. Бүгінге дейін екі жақ бір-бірімізбен ұдайы хабарласып тұрамыз.
– Әреке, біздің буын да қартайып келеді. Біз «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген сөздің мағынасын енді ғана түсіне түскендейміз. Бәріміз де балаларымызға байқата қоймаған сүйіспеншілікті солардан туған ұрпаққа көрсетіп жүрміз. Сіз немерелеріңізден не күтесіз? Олардың болашағына қатысты қандай жайттар сізді айрықша толғандырады?
– Қазір немеремнің алды Әбілқайыр он бесте. Енді бірер жылда мектеп бітіріп, кәмелеттік жасқа жетеді. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Екінші немерем – Абылай бұрын «қазақ-түрік лицейі» атанған мектепте білім алып жүр. Екеуі де дарынды болып тұр. Екеуі де сынақ тапсырғанда, осы екеуіне оқуға түсті. Сосын екеуі екі бөлініп, оқи бастады. Олар басында мектепті орысша оқып бастап еді. Енді олардың мынадай оқу орындарында білім алуларын жалғастырулары жақсы болды. Бұл олардың қазақ тілін де, шетел тілін де жақсы білулеріне, біздің салт-дәстүрлерімізді зерделеп жүрулеріне жол ашып берді. Сонымен бірге, бірнеше тілді қатар білетін болады. Екеуі де қазір жақсы азамат болып қалыптасып келеді. Олардың ғылымға да талпыныстары бар. Мысалы, Әбілқайыр сусамырмен, яғни қант диабетімен күреске байланысты зерттеу жұмысын дайындап, облыстағы конкурста бірінші орынды жеңіп алды. Содан кейін Қарағанды қаласында өткен республикалық конкурста да үздік шықты. Оның үстіне, жақында ғана Назарбаев зияткерлік мектептері арасында волейболдан Шымкентте өткен республикалық турнирде командасымен бірге екінші орын алып келді. Бұған қоса, оның өзіне «Турнирдің ең үздік ойыншысы» деген кубок тапсырылыпты. Немереміздің осындай жетістіктеріне қуанып жатқан жайымыз бар. Бұл – бір. Екіншіден, Абылай таяуда каникулдары кезінде қазақ-түрік лицейлері басшылары өз оқушыларының осы кезден бастап мамандық таңдай білулері үшін Шымкентке апарып, ондағы жоғары оқу орындарының жай-күйлерімен танысып қайтты. Бұл немерем де алғыр, зерек, аналитика және логика жағына, сосын информатика технологиясына бейімділігін байқатып келеді. Жақында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жеңімпаз анатды. Біз үшін осының бәрі қуаныш.
Мен осы екі немеремнен зор келешек күтемін. Алдымен екеуі де аман болсын. Қалған немерелеріміз де осылардың жолын қуады деген ойдамын. Ал толғандыратын мәселеге келсек, елдің тыныштығын тілеймін. Бізге қазір ең керегі – сол.
– Сіз аудан әкімі де, облыс әкімінің аппарат жетекшісі де, бұлардан басқа тағы бірқатар басқармалардың басшысы да болдыңыз. Енді бүгінгі күннің биігінен қарағанда, сіз облыстың қай әкімі ел-халыққа көбірек пайда әкелді деп ойлайсыз?
– Мен Бердібек Сапарбаевтың жұмысымен де таныспын, Серікбай Нұрғисаевтың кезінде аудан әкімі болып жұмыс істедім, одан кейін Икрам Адырбековтің тұсында аудан әкімі, басқарма басшысы, облыс әкімдігінің аппарат басшысы қызметтерін атқардым. Қазір облыстың бар әкіміне баға беруден аулақпын, дегенмен, олардың көңілде жылы ұялап қалған кейбір әрекеттерін атап өтуіме болады. Маған, мысалы, Серікбай Өрікбайұлымен жұмыс жасасу барынша қызықты да тиімді көрінді. Сәкеңнің керемет қасиеті, көп жағдайда ортақ іске пайдасы тиетін нәрсені байқаса, оның бар жауапкершілігін өзіңмен бөлісіп, үлкен қолдау көрсететін. Жақсы бастаманы бағалай білетін.
Енді облысқа әкім болған азаматтардың жайына келсек, олардың қай-қайсысы да осы өңірдің өсіп-өркендеуіне, экономикасы жақсаруына, қала кескін-келбетінің жаңаруына қолдарынан келгенше үлес қосты. Өзіңіз де білесіз, Бердібек Сапарбаев бізге сонау 90-шы жылдардың басында, елдегі ахуалдың қиындау кезінде әкім болып келді. Шынында ол «былай тартса, арба сынатын, былай тартса, өгіз өлетін» таңдау жоқтың қасындай болған алмағайып заман еді. Обалы не керек, Бекең ақырында облыс жұртын сол өліара шақтан «тісімен сүйреп» алып шықты. Сол жолда өте көп ізденді, өте көп тірлік жасады. «Қызылорда экономикалық аймағы» деген мәртебе де сол кезде пайда болды, мұнайдың есебінен заем тарату қолға алынды. Айналып келгенде, осының бәрі қиын кезеңнен аман шығып кетуге үлкен демеу жасап, серпін берді. Менің жадымда ол қажымас қайраткер тұлғасында сақталып қалды.
Енді Икрам Адырбековке тоқталар болсақ, ол өте бір мәдениетті, инабатты, биязы, жүрегі жұмсақ жан ғой. Менің бір байқағаным, бұл кісі жоқ-жітік, қаріп-қасір, қиыншылық көріп отырған адамдарға кездессе, соларды аяп, жүрегімен қабылдап, қолынан келген көмегін көрсетуге дайын тұратын еді. Бұған қоса, бұл кісі өзінің ұдайы адалдығы мен тазалығын танытып жүрді.
Дегенмен, басшы ретінде мен өзінің қашанда жігерлілігін, белсенділігін танытып, алдына қойған мақсатына толық жеткенше тынбай, бір бағытты ұстана білетін, сосын қарамағындағы азаматты қорғай да, қолдай да білетін, оны ешкімнің талауына бермейтін Серікбай Нұрғисаевты жоғары бағалаймын. Нағыз атпал азамат осындай болса керек. Бұдан кейін болған әкімдер жөнінде ештеңе демей-ақ қояйын. Өйткені, олармен алдыңғы үшеуі секілді қоян-қолтық жұмыс жасаса қойған жоқпын.
Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР
ҚЫЗЫЛОРДА
Сұхбаттың толық нұсқасын «Дидарғайып» журналының 2020 жылғы №2 нөмірінен оқи аласыздар.