«Дидарғайыптың» №2 саны жарыққа шықты
Алматыдағы «Үш Қиян» баспасынан басылып шыққан «Дидарғайып» сұхбаттар журналының 2020 жылғы екінші нөмірі келді. Карантиннің әсерінен ол да кешігіп басылды.
Біз бұдан бұрын оның кейіпкері – белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы Хожбановпен сұхбаттан үзінді жариялаған едік.
Журнал Қызылорда қаласындағы баспасөз саудасы орындарына түседі.
Бүгін сұхбаттан тағы бір шағын үзінді ұсынып отырмыз.
– Сіз аудан әкімі де, облыс әкімінің аппарат жетекшісі де, бұлардан басқа тағы бірқатар басқармалардың басшысы да болдыңыз. Енді бүгінгі күннің биігінен қарағанда, сіз облыстың қай әкімі ел-халыққа көбірек пайда әкелді деп ойлайсыз?
– Мен Бердібек Сапарбаевтың жұмысымен де таныспын, Серікбай Нұрғисаевтың кезінде аудан әкімі болып жұмыс істедім, одан кейін Икрам Адырбековтің тұсында аудан әкімі, басқарма басшысы, облыс әкімдігінің аппарат басшысы қызметтерін атқардым. Қазір облыстың бар әкіміне баға беруден аулақпын, дегенмен, олардың көңілде жылы ұялап қалған кейбір әрекеттерін атап өтуіме болады. Маған, мысалы, Серікбай Өрікбайұлымен жұмыс жасасу барынша қызықты да тиімді көрінді. Сәкеңнің керемет қасиеті, көп жағдайда ортақ іске пайдасы тиетін нәрсені байқаса, оның бар жауапкершілігін өзіңмен бөлісіп, үлкен қолдау көрсететін. Жақсы бастаманы бағалай білетін.
Енді облысқа әкім болған азаматтардың жайына келсек, олардың қай-қайсысы да осы өңірдің өсіп-өркендеуіне, экономикасы жақсаруына, қала кескін-келбетінің жаңаруына қолдарынан келгенше үлес қосты. Өзіңіз де білесіз, Бердібек Сапарбаев бізге сонау 90-шы жылдардың басында, елдегі ахуалдың қиындау кезінде әкім болып келді. Шынында ол «былай тартса, арба сынатын, былай тартса, өгіз өлетін» таңдау жоқтың қасындай болған алмағайып заман еді. Обалы не керек, Бекең ақырында облыс жұртын сол өліара шақтан «тісімен сүйреп» алып шықты. Сол жолда өте көп ізденді, өте көп тірлік жасады. «Қызылорда экономикалық аймағы» деген мәртебе де сол кезде пайда болды, мұнайдың есебінен заем тарату қолға алынды. Айналып келгенде, осының бәрі қиын кезеңнен аман шығып кетуге үлкен демеу жасап, серпін берді. Менің жадымда ол қажымас қайраткер тұлғасында сақталып қалды.
Енді Икрам Адырбековке тоқталар болсақ, ол өте бір мәдениетті, инабатты, биязы, жүрегі жұмсақ жан ғой. Менің бір байқағаным, бұл кісі жоқ-жітік, қаріп-қасір, қиыншылық көріп отырған адамдарға кездессе, соларды аяп, жүрегімен қабылдап, қолынан келген көмегін көрсетуге дайын тұратын еді. Бұған қоса, бұл кісі өзінің ұдайы адалдығы мен тазалығын танытып жүрді.
Дегенмен, басшы ретінде мен өзінің қашанда жігерлілігін, белсенділігін танытып, алдына қойған мақсатына толық жеткенше тынбай, бір бағытты ұстана білетін, сосын қарамағындағы азаматты қорғай да, қолдай да білетін, оны ешкімнің талауына бермейтін Серікбай Нұрғисаевты жоғары бағалаймын. Нағыз атпал азамат осындай болса керек. Бұдан кейін болған әкімдер жөнінде ештеңе демей-ақ қояйын. Өйткені, олармен алдыңғы үшеуі секілді қоян-қолтық жұмыс жасаса қойған жоқпын.
– Қазақ «Қызмет – қолдың кірі» деп жатады. Бұл қапелімде лауазымды орнынан айрылып қалған біреулерді жұбату үшін айтыла салған жұбатпа сөз шығар. Әйтпесе, қызмет қолдың кірі емес екенін бәріміз де көріп жүрміз. Сіздің солай билік саласынан кеткеніңізден кейін «танымай» кеткен дос-жарандар болған жоқ па?
– Қозғап отырған сөзіңіздің жөні бар. Бизнесті былай қойғанда, мемлекеттік қызмет саласында біраз лауазымның тізгінін ұстадық. Мен қызметті қолдың кірі санай алмаймын. Олай болса, адам баласының оған ұмтылып несі бар?! Біріншіден, ол – сенің қызметің. Екіншіден, ол – сенің абыройың. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Ал оны қалай атқару, саған сенім артқан тұлғалар мен халықтың көңілінен шығу тағы бір мәселе. Иә, ауданда әкім болдық, облыстық әкімдіктің аппаратын басқардық, ауыл шаруашылығы басқармасында, жер қатынастары басқармасында басшылық қызметте болдық. Сол кездері қаншама кадрлардың қызметке қабылданып, өмір жолдарын жалғастырып әкетулеріне себепкерлік еттік. Сонда ол қалай қызметтің кірі болады?! Бұл әрбірден соң әрбір адамның қоғамда алатын орнының тұғыры ғой!
Рас, мемлекеттік қызмет адамнан зор жауапкершілік талап етеді. Мұнда кейде тіпті өзіңе тікелей қатысы жоқ нәрселердің өзі үшін де кінәлі болып, жауап беріп жатасың. Бірақ мемлекеттік қызмет – үлкен мектеп, ол қоғамның тыныс-тіршілігін тап басып, онымен бір деммен өмір сүруге жол ашып береді. Бұл мектептен бір өткен кәсіпкер өмірдің өзіне мүлде басқаша қарайды.
Ал «танымай» кететіндер турасында әңгіме қысқа. Ондайлар бар. Және аз да емес. Мұндай жандарды кейде өзің қызмет етіп жүрген кезде ептеп байқай да аласың. Бірақ өзіңнің мінезің мен болмысыңа бағып, оларға мән бермеуге салынып тұрасың. Оның есесіне, сенің жасаған титтей қамқорлығың мен жылы сөзіңді өмір бойы ұмытпайтындар да кездеседі. Мен өз басым мұны өмірдің ешқашан бір түстен тұрмайтынымен бағалаймын. Өз басым бұдан ештеңе жоғалтқан жоқпын деп есептеймін.
Тағы бір мынадай дерек келтірейін. 2011 жылы мен Сырдария ауданының құрметті азаматы деген атақты алатын болдым. Бәрі шешіліп қойылды. Бұл да бір тарихи оқиға ғой. Өзіңнің абыройың, ұрпағыңның несібесі. Сондықтан осы көрініс таспаға жазылып, кейінге қалсын деген оймен «Қоғам ТВ» басшысы, белгілі азамат, айтулы ақын Шаһизада Әбдікәрімовке хабарластым. Бұған дейін арамызда жақсы сыйластық болып келген. Сосын телефон шалып: «Шәке, өзіңізбен ақылдасатын бір шаруа бар еді, жолығыса аламыз ба?» дедім. Ол: «Әрине, жолығамыз, бірақ мен қазір шұғыл Байқоңырға жол жүрейін деп жатыр едім, үш күннен кейін келемін, сол кезде хабарлассам бола ма?» дегенді айтты. Мен: «Болады. Қайтып келгесін де хабарласуға болады. Бірақ соған дейін мына бір әңгімені айтқым келеді. Кезінде облыста ұзақ жылдар жоғары лауазымды қызмет атқарып, көп адамға көмегі тиген, ақыл-кеңес берген бір ағамыз пенсияға шыққаннан кейін оның үйіне дүмеп келіп жататын жұрт сап тыйылыпты. Соны байқаған үйдегі апай бір жолы бір жиында ағайындарына «Біздің шал қызмет істеп жүрген кезінде өте ақылды еді, туған-туыс, жора-жолдастың бәрі одан ақыл сұрап келіп жатушы еді. Қазір пенсияға шыққасын, ақылы азайып қалды, бұрын одан ақыл сұрайтындардың өзі ақыл айтатын болды» деген екен. Сол айтқандай, бізден де қазір ақылдың азайған шағы ғой, қай кезде келсең де, әйтеуір бір жолығысып, ақыл сұрасақ болды», – дедім сонда. Осыны айтып, телефонды қойдым. Арада екі-үш минут өтер-өтпесте Шаһизаданың өзі қоңырау шалды. Оның айтқаны «Әреке, мен сіздің мына сөзіңізді көтеріп, Байқоңырға барып келе алатын түрім жоқ. Қайдасыз? Мен тап қазір сізге барам» болды. Сөйтіп, жолығып, негізгі мақсат-ойларды айтып, келісімге келдік. Бұдан кейін «Қоғам ТВ» телеарнасының журналистері менің Тереңөзекте құрметті атақ алғанымды түсіруден бөлек, өзім туралы арнайы деректі фильм жасап шығарды. Мұны қалай ризашылықпен айтпасқа! Сөз қадірін өз қадірім деп санайтын азаматтардың барының өзі қандай жақсы!
Шәкеңнің сол деректі фильмін түсіртуі барысында журналистер менен ауданда өзім туралы кімдерден пікір білу керектігін сұрады. Сонда мен кезінде өзім қызметке қойғандар ғана емес, керісінше одан жылжытқан кадрлардың да аты-жөндерін атап өттім. Соның ішінде кезінде аудандық білім бөлім басқарып жүргенінде уақыт талабына сай жастарды өсіру деген тапсырманың ыңғайымен аудандық архивке басшы етіп жіберуге тура келген Ұлмекен Жанәлиеваны да сол тізімге арнайы қостырдым. Сондағы ойым кілең алдын-ала дайындалып қойған тізім жасап алғым келмеді. Одан да басқа, менің басшылығыма наразы болуы мүмкін деп ойлаған тағы бір-екі кісінің аттарын атадым. Бірақ ірі адамдар әрдайым да өздерінің іріліктерін көрсетеді ғой, бұлардың бірде-бірі сонда қарапайым пендешілікке ұрынбай, өздерінің шын сөздерін, құдайлықтарын айтып, адалынан ақтарылып шығыпты.
Мен онсыз да Ұлмекен апайды өте әділ, шынайы адам санап жүруші едім. Мына жағдай сол пайымымды нығарлай түсті. Қазірге дейін бұл кісімен жақсы қарым-қатынастамыз. Кездескен жерде шүйіркелесіп қаламыз. Себебі, біздің жан-дүниеміз бір-бірімен сәйкес келеді, біз көп нәрсені бір тұрғыдан бағалаймыз.