«Саналы адам баласы үшін анасынан қымбат ешкім жоқ»
Біздің бүгінгі қонағамыз – қоғам қайраткері Әріп Хожбанов
Көгілдір көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күні жақындап келеді. Бұл мейрам – өзіне әлемнің жарығын сыйлаған ананы ұлық тұтқан, әпке-қарындасты қастерлей білетін, жұбайы мен құрбыларын құрмет биігінде ұстайтын кез келген саналы ер жігіт үшін де ерекше күн. Сондықтан біз атаулы дата қарсаңында кезінде Қызылорда облысында бірқатар мемлекеттік басшылық қызметтер атқарған белгілі азамат, қоғам қайраткері, кәнігі кәсіпкер Әріп Битілеуұлы Хожбановты әңгіме тартқан едік.
– Әреке, анасын жақсы көрмейтін адам жоқ қой, – болса да сирек шығар, – ал сіз анасын өте жақсы көретін замандастарымыздың бірісіз. Оны өткен жылы біздің «Дидарғайып» журналына берген сұхбатыңызда да анық байқаттыңыз. Сол жолы анаңыз жайлы төгіліп сөйлегеніңіз әлі есімде…
– Иә, дұрыс айтасыз, иманы кем біреулер болмаса, анасын жақсы көрмейтін адам баласы кездесе бермейтін шығар. Бірақ әркім әртүрлі деңгейде, әртүрлі пішінде, әртүрлі сипатта жақсы көреді. Біреулер сонысын ақтарылып-төгіліп ашық білдіріп жатса, енді біреулер іштей елжіреп тұрып жақсы көреді. Мен, шамасы, осының екінші кейпіне жататын шығармын. Мұны анамызға көзінің тірісінде осы сүйіспеншілігімізді ашып айта бергемесін осылай деп отырмын. Тағы да дұрыс айтасыз, мен шынында анамды өте жақсы көруші едім. Жасыратыны жоқ, мен тіршіліктерінде әкемнен гөрі анама жақын болып өстім. Алайда, мұндай қарым-қатынас әрбір қазақ отбасына тән нәрсе деп ойлаймын. Себебі, қазақ балаларының көбі туған әкелерінің өзімен араға аналарын сала отырып, сөйлесуші еді. Біздің көбіміз әкеге айтатын өтінішімізді, сұрайтын рұқсатымызды анамыз арқылы жеткізуші едік. Бұл – әкені бөтен көргендіктен емес, бұл – әкені өте биік асқар тау санағандықтан. Сол себепті әдетте қазақ баласы батылы жетіп, әкесінің алдында шарта жүгініп отыра бермейді. Әкенің араласуымен, рұқсатымен, батасымен атқарылатын шаруаның бәрінің ортасында елші, делдал, бітімгер болып қашанда ана жүреді. Ал жергөктегі кезінен күнделікті өмірде ылғи балаларына жақын жүретін ана кейін де осылай жаныңа ең жақын адам болып қала береді.
Қазақта өзі бұрынғылардан келе жатқан «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасында өскен құрақ» деген сөздің астарлы мағынасы да осыны меңзесе керек. Шын мәнінде, әкең мен шешең – сенің өміріңнің екі қанаты. Адам өмірінің мәні мен мағынасы оның ата-анасын құрмет тұтып, перзенттік парызы мен қарызын өтей білуінен құралады. Бұл өмірдің жалғастығы үшін де керекі. Адам баласы үшін ата-ананың екеуінің де орындары ерекше бөлек.
Енді анам Зылиха Жұптыбайқызына келсем, ол табиғатынан өте мықты жаратылған жан еді. Қай жағынан алғанда да. Алғырлығы да, адуынды мінезі де бар-тын. Қажырлы болатын. Біздің өміріміздегі көптеген оң қозғалыстар анамның бастамашылығы мен табандылығының арқасында болып жатты. Біз 60-шы жылдарға дейін «Қарауылтөбенің» қасындағы «Алтынбай» деген ауылды қоныс еттік. Далалық жерде тұрғаннан кейін қаланы мекен ететін туған-туыстың бәрі ірілі-ұсақты малдарын бізге әкеліп қоятын. Өзіміздің де біршама малдарымыз бар. Әкем күні бойы өзінің қызметіне байланысты сыртта жүреді, ал малға негізінен анам қарайтын. Жалпы, үйдегі шаруашылықтың бәрі анамыздың қолында болды. Бірақ анамның көзі ашық еді, жан-жағында орын алып жататын өзгерістерді тез байқап, көре білетін. Сол жылдары өзімнен үлкен ағам Сатыбалды мен апайым Алма «Қарауылтөбедегі» төрт кластық мектепке барады. Ол да қайбір мектеп дейсің, бар болғаны екі мұғалім барлық кластарға сабақ береді. Содан-ақ мұндағы білімнің сапасын байқауға болады. Соны біраздан бері пайымдап жүрген анамыз қоярда-қоймай, көшудің жайын көтере бастады. Ол кезде әкем Қызылжарма ауылдық кеңесінде хатшы болып жүрген. Сол кезде өзінің учаскесінен, мына «Коммунизм» колхозы аумағынан жер телімін алып, үй салып қойған екен. Кейін, 60-шы жылдардың басында іргедегі қалаға сол кісінің табандылығының арқасында көшіп келдік.
– Сол анаңыздың өмірден өткеніне 21 жыл болған екен. Қазір оны сағынасыз ба?
– О не дегеніңіз! Өзіне әлемнің жарығын сыйлаған аяулы жанды сағынбайтын адам бола ма?! Ол 1998 жылғы желтоқсанның 12-сі күні бақилыққа аттанып кетті. Менің бір білгенім: уақыт өткен сайын келместің кемесіне мініп кеткен асылдарыңның жарқын жүздері көз алдыңда көлбеңдеп, санаңда жиі жарқырай түседі екен. Бұл жерде ана туралы айтып отырмыз ғой, мен де өзім үшін соншалықты қымбат жанның болмыс-бітімі бірте-бірте бұрынғыдан бетер биіктеп келе жатқанын ұдайы аңдап жүремін. Мұндайда кейде ішкі сезімімнің бұлқынып, ойдың терең тұңғиығына батып кеткенімді, сонымен бірге көзге жас үйіріліп, кеудеге өксік кептеліп тұрғанын сезбей қаламын. Алпыстан әлдеқашан асып кетсем де, оған деген сүйіспеншілігім, балалық махаббатым қайта оянып, анашым жаныма келіп, аймалап тұрғандай, енді бірде ұзап кеткендей әсерде боламын.
Иә, дүниеде адам баласына анасынан қымбат ештеңе жоқ. Ана құдіретін, қадір-қасиетін бағалап, оған құрмет көрсету – әр баланың айнымас парызы. Осы жерде атақты Майлықожаның: «Аязды күні айналып, Мейірбан бар ма бұрыннан? Бұлтты күні буылған, Ыстық пенен суыққа, Жас нәресте күнінде, Перзент үшін ұрынған, Хабардар болған сырыңнан, Дүниеде, шіркін, мейірбан, Мейіріңді сүтке қандырған, Анаң бір өлмес болсайшы», деп төгілетін термесі ойға оралады. Тап осылай менің анам да бүкіл өмірін балапандарына арнады. Өмірлік серігіне адал жар болды. Тіршілікте сәл ертелеу кетіп қалғаны болмаса, балалары мен немерелерінің қызығына біршама мейірін қандырып үлгерді. Бір шүкіршілік ететінім, өзі мәпелеп өсірген ұл-қыздарының бір-бір шаңырақ құрып, өркен жайғандарын көріп кетті.
Өз басым кейінгі кездері анам туралы ойлап, оның өмірінің кейбір сәттерін сана сүзгісінен өткізген сәттерімде оған мүмкіндігімізге сай қажетті деңгейде көңіл аудара алдық па, деген сұрақ мазалайды мені. Жақын адамың жаныңда мәңгілік жүре бермейтінін біле тұрсақ та, адамды «әттең» дегізетін жайларды жіберіп алған жоқпыз ба, деп те толғанам. Осының бәрі анаға деген мәңгі өлмес сағынышты одан бетер қоздата түседі екен.
– Өмірде анаңызды еске түсіретін талай сәттер санаңызда жаңғырып тұрған шығар.
– Әлбетте. Анамыз бар баласының ортақ жанашыры еді. Қазір осыған байланысты мына бір жайт ойыма оралып отыр. 1997 жылдың қараша айында қала орталығында жаңадан салынған үйге отбасымызбен көшіп бардық. Үй салып жатқанымнан ата-анам хабардар болып жүрсе де, бұрынғы қонысымның жай-күйін қалай болатыны жайында маған тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Бәлкім, іштерінен оны басқа ұл-қыздарының біріне берсе екен, деген тілек тілеген де шығар. Бірақ ол жағын мен білмеймін. Содан жұбайым Салтанат екеуміз ойласа келіп, әрбірі 6-7 бөлмелі екі жоспарлы жайдан тұратын бұрынғы үйімізді көп балалы ағамыз Сатыбалдыға беретін, ал оның өз үйін қаланың шет жағында шағын бір үйде тұрып жатқан қарындасым Сараның отбасына бергізетін болып шештік. Бұл шешімді екі отбасы да қуана қарсы алды. Сосын оларды жаңа мекендеріне апыл-ғұпыл көшірістік. Мұның жайын әке-шешемізге көшірісу толық аяқталғаннан кейін бір-ақ айттық. Сондағы анамның шаттанғаннан бал-бұл жанған жүзі әлі көз алдымда жарқырап тұр. Ол әкемізге қарап: «Көрдің бе, менің балам ғой, өзіме ұқсаған» деген еді мерейі тасып тұрып. Міне, осындай сәттерді ұмытуға бола ма! Сол жолы анамның көңілінен, діттеген жерінен дәл шыққаным үшін өзімді көпке дейін бақытты сезініп жүріп едім.
Тағы бір оқиғаға тоқтала кетейін. 1998 жылдың қазан айы еді. Таңертең төсектен тұрып, үйдің астыңғы қабатындағы асүйге келсем, анам бұрыннан қалыптасққан дағдысы бойынша шайды қайнатып, дастарханды жайып қойып, бізді күтіп отыр екен. Бірақ сол кезде анамның жүзіне тіктеп қарағанымда, оның көз жанарында бір өзгеріс бар екенін байқап қалдым. Жүрегім су ете түсті. Бірден: «Көзіңіз біртүрлі көрінеді, қай жеріңіз ауырып отыр?» дедім мазасызданып. Бірақ анам маған сыр бермеуге тырысып: «Еш жерім ауырып отырған жоқ, маған алаңдамай, тамағыңды ішіп, жұмысыңа кете бер», деді. Сонда өзі қатты ауырып тұрып та, менің жайымды ойлап тұр. Мен болсам, оның жанарының бір орнында тұрмай, ауытқып кеткенін білгесін, облыстық аурухананың партактив бөлімін басқаратын Светлана Тынымқұловаға дереу хабарласып, орын дайындаттым. Сөйтіп, анамды сонда алып бардым. Светлана Ерболатқызы барған бойда анамның қан қысымын өлшеп көріп, оның өте жоғары болып тұрғанын, инсульт алып үлгергенін тез анықтай қойды. Ол сосын бірден тиісті мамандарды жинады. Ал неврология бөлімінің меңгерушісі Бақыт Дүйсенбаев деген білікті дәрігерді өзім ертіп келдім. Ол да қолдан келген қызметін жасады.
Осыдан кейін жұбайым Салтанат анамның түскі, кешкі тамағын әзірлеп, қасында жүрді. Бір күні досым Мұхитты ертіп барғанымызда, анам келіні Салтанатты өзіне жақындата тартып, екі қолымен қысып тұрып, екі бетінен емірене сүйіп: «Аппағым, өмірім» деп, көзіне жас алды. Бұған барлығымыз тебіреніп кеттік. Бұл ол кісінің аузынан шыққан ең соңғы сөздер екен, сол күні кешке қарай тілден қалып, комаға түсті. Арада екі-үш күн өткеннен кейін оны үйге шығарып алдық. Ұзамай ұл-қыздарының қолында о дүниелік болып жүре берді…
Иә, өкінішке орай, өмірде осылай көп нәрсенің қадірін кеш түсініп жатамыз. Сондай сәттерде аяулы адамымызбен болған кездегі сәулелі щақтардың бәрін жадтың жарығынан өткізіп, қайта қарап тұрамыз. Анамның ең соңғы тілге келген кезіндегі екі ауыз сөзінің мәні мен мағынамын кейін ұғынғандай болып жүрміз. Сөйтсек, ол кісі өзінің бұдан кейін тілден қалатынын білгендей, шамасы барында келініне ризалығын білдіре отырып, оған бүкіл әулеттің бірлігін, отбасының берекесін аманат етіп тапсырып кетіп отыр екен ғой.
Қазақ поэзиясы классиктерінің бірі Сағи Жиенбаевтың «Ананың қолы» деген керемет өлеңі бар. Өзіме қатты ұнайды. Ондағы сезім де менің өзімнің сырым секілді болып есіледі:
«Атырдық таңды көз ілмей,
Арылдық біраз кірбіңнен.
Сонау бір –
Сәби кезімдей,
Қолыңнан ұстап тұрдым мен.
Көрінді жүдеу маған ол,
Қалды ма келіп құрғыр жас.
Қолыңның үсті –
Қара жол,
Қиыр да шиыр,
Қым-қиғаш.
Қиялмен жүріп сан жылым,
Қолыңа –
көптен қарағам.
Мен жүрген жолдың барлығы
Қолыңда тұр ғой,
Жан анам.
Бәрі тұр –
Қайда барғаным,
Түскенім қандай қыспаққа.
Осы ғой мені,
Ардағым,
Жеткізген мына ұшпаққа».
Мен кәсіподақ саласында техникалық инспектор болып қызмет істеген, кейіннен кәсіпкерлікпен айналысқан жылдарымда жұмыс барысымен жан-жаққа іссапармен жиі шығып тұрушы едім. Облыс төңірегінде, республика аумағында, шетелдердің шеңберінде жүрейін, соның бәрінде де көздеген жеріме жетіп алғаснын міндетті түрде әуелі анама, сосын әкеме қоңырау шалып, өзімнің аман-есен екенімді білдіріп тұрушы едім. Сол әдетім кейін көпке дейін мені елеңдетіп, барған жерімде баяғыша анама хабарласпаққа оқталып барып тоқтап жүрдім. Содан екі-үш жылдан соң бір жолы Салтанатты, балаларымды алып, Алматыға демалуға бардық. Жермен жүріп жетіп алғасын, бұрынғы дағдыммен телефонды ала салып, анама хабарласпақшы болып жатқанымда, оның енді бұл өмірде жоқ екені ойға оралып, көңілім аяқ астынан алай-түлей бұзылып сала берді. Бұл жан күйзелісімді жарым мен ұл-қыздарыма білдірмейін деп, жедел сыртқа шығып кеттім. Содан әбден ішім босаған соң ғана бөлмеге оралдым.
Оншақты күн демалып, өз көлігімізбен ауылға қайтып келе жатқанымызда, Тараз қаласының тұсына жеткенде, әнеукүнгі оқиға қайта-қайта ойыма оралып, тағы да көңілім босай бастады. Көз алдыма анамның жүзі келіп, жан-дүниемді егілтіп жіберді. Ақырында бомағасын, машинаны жолдың жиегіне тоқтатып қойып, көз жасыма ерік беріп, ағыл-тегіл жылап алдым. Сана қабылдай алмайтындай еріксіз бір ғажайып, тылсым сезім өзіне ертіп, бағындырып алғандай күйге түстім. Балаларым аң-таң. Салтанат менің сондай бір күйзеліс кейпінде жүргенімді байқаған екен. Бәрін түсініп келген ол мені жұбатып жатыр. Сөйтіп, бір сағаттай аялдап алғасын, қайта жолға шығып кеттік. Міне, осының бәрі анаға шексіз де түпсіз деген сағыныш емес пе! Қазақта бұрыннан келе жатқан «Алланың ризалығы – ата-ананың ризашылығында» деген қанатты сөз бар. Ата-анасын риза ете алмаған адамдар басқа адам баласының да ризашылығына бөлене алмайды. Сондықтан салиқалы ойлы адам баласы ең алдымен ата-анасының алғысын алуға ұмтылуы керек деп ойлаймын.
Осындайда белгілі ақындардың ана туралы жазған жырларын беріле оқып кететініміз бар. Авар халқының ғана емес, адамзаттың ақыны Расул Гамзатовтың «Слово о матери» деген мына өлеңін тебіренбей оқу мүмкін бе екен:
«Трудно жить, навеки Мать утратив.
Нет счастливей нас, чья мать жива.
Именем моих погибших братьев
Вдумайтесь, молю, в мои слова.
Как бы ни манил вас бег событий,
Как ни влек бы в свой водоворот,
Пуще глаза маму берегите,
От обид, от тягот и забот.
Боль за сыновей, подобно мелу,
Выбелит ей косы до бела.
Если даже сердце очерствело,
Дайте маме капельку тепла.
Если сердцем стали вы суровы,
Будьте, дети, ласковее с ней.
Берегите мать от злого слова.
Знайте: дети ранят всех больней!
Если ваши матери устали,
Добрый отдых вы им дать должны.
Берегите их от черных шалей,
Берегите женщин от войны!
Мать умрет, и не изгладить шрамы,
Мать умрет, и боли не унять.
Заклинаю: берегите маму,
Дети мира, берегите мать!»
Сондықтан менің де бүгінде жандарында аналары бар замандастарымызға, жастарға, балаларға айтарым да осы: аналарыңызды сақтай біліңіздер, оларды көзі тірісінде құрметтеңіздер!
– Ал алдағы мерекемен кімдерді құттықтағыңыз келеді?
– Әлемнің, туған еліміздің, өз облысымыздың бүкіл әйелдер қауымын осынау мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Енді нақтылай келетін болсам, өзіммен бірге туған әпке-қарындастарымды, жұбайым мен екі қызымды, келінімді, немере қыздарымды атап өткім келеді. Біз «Жұмақтың төрі – ананың табанының астында» деген қағидаттың тәрбиесімен өскен қазақтың баласымыз. Ендеше, қазіргі аналар, болашақ аналар қашанда бақытты болсын, алдарына қойған мақсаттары әрдайым алдарынан шықсын. Жүздерінен шаттықтың шырайы мен шұғыласы кетпесін.
– Тілегіңізге де, құттықтауыңызға да, сұхбатыңызға да рахмет!
Әңгімелескен Серік ПІРНАЗАР
ҚЫЗЫЛОРДА
5 наурыз, 2021 жыл
Суреттерде: 1. Зылиха ана Жұптыбайқызы. 2. Зылиха ана қызы Алмамен (жас кездеріндегі бейнелері).