Қазақстанда төртінші адам вирус жұқтырып келді
АЛМАТЫ. 14 наурыз. Қазақстанда төртінші адамның шетелден коронавирус індетін жұқтырып келгені анықталды. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Кеше, 13 наурыз кешкісін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп осы жөнінде ақпарат таратқан. Оның сөзінше, вирус Алматы қаласының 1976 жылғы тұрғынынан табылған. Ер адам Қазақстанға 13 наурызда Германиядан жолаушылар ұшағымен ұшып келген. Қазір вирус жұқтырған қазақстандық Алматыда арнайы ауруханада жатыр.
Жұма кешке дейін Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Германиядан келген екі адамнан, Италиядан келген бір адамдан Covid-19 вирусы табылғанын мәлімдеген еді.
Қазір Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны төртеуге жетті. Дертке шалдыққандардың бәрі – Қазақстан азаматы. Бәрі де сырттан жұқтырып келген.