Дональд Трамп АҚШ-та төтенше жағдай жариялады
ВАШИНГТОН. 14 наурыз. АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа байланысты ұлттық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Құрама Штаттар президентінің айтуынша, вирусты анықтайтын сынақ өндірісін жылдамдату үшін федералды үкімет жеке бизнеспен әріптестік орнатып, бірге жұмыс істейді. Трамп коронавирусты анықтайтын шамамен 5 млн тест шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Төтенше жағдай аясында шараларды жүзеге асыруға 50 млрд доллар бөлінеді.
«Ең бастысы – вирустың зардабын шектеу» деді Трамп. Ол мұндай күрделі кезеңнің созылмалы ауруға шалдыққан егде жастағы адамдарға ауыр тиетінін айтты.
13 наурыз күнгі баспасөз жиынында бағдарламаны жүзеге асыру мерзімі айтылған жоқ, бірақ оны тезірек орындау қажеттілігі айтылды.
Жиында пандемияның ұзақтығы туралы сұраққа жауап берген дәрігерлердің бірі «қандай да бір болжам жасау қиын, бірақ егер вирустың қалай әрекет ететінін байқасаңыздар, шамамен жеті апта бойы күшейеді де, сосын оның күші азаяды. Вирусты шарықтау шегіне жеткізбес үшін әрекет қыламыз» деді.
Төтенше жағдай 1988 жылы қабылданған Стаффорд заңына сәйкес енгізіледі. Бұл заң президентке жалпыұлттық төтенше жағдай енгізіп, оның салдарын жоюға төтенше жағдай жөніндегі федералдық агенттік қорынан бюджет бөлгізуге мүмкіндік береді. Заң сирек қолданылады. 2000 жылы президент Билл Клинтон елде безгек ауруының таралуына байланысты төтенше жағдай жариялаған.