Режиссер Атабаев науқастанып жатыр. Хәлі ауыр
МЮНХЕН. 14 наурыз. Танымал театр режиссері, оппозиция қайраткері Болат Атабаев Мюнхендегі ауруханада ауыр халде жатыр. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Соңғы аптада бірнеше операцияны бастан кешірген. Соңғы рет 12 наурызда аяғының тізеден төменгі бөлігіне ампутация жасалған. Ол бірнеше күн ессіз күйде жатқан. Есін жиған соң бір мезет Facebook-та да шағын жазба қалдырды.
Режиссердің қарындасы Дана Атабаеваның айтуынша, бүйрегі мен қант диабетінің салдарынан Болат Атабаевтың денсаулығы күрт нашарлаған. Қазір емделуіне қаражат қажет. Емдеу құны қымбат. Атабаевтың жиені Алуа Атабаева Facebook желісінде қаражат та жинай бастаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Болат Атабаевты пікір-көзқарасы үшін қуғынға ұшыраған азаматтар қатарына қосқан. Жаңаөзен оқиғасынан кейін Болат Атабаев «әлеуметтік араздық қоздыру» бабы бойынша қамалып, кейінірек қоғам және халықаралық қауымдастық қысымынан кейін босатылды. Бірақ оған қоқан-лоқы, қысым тыйылған жоқ, соның салдарынан шетелге кетуге мәжбүр болды.
Қазір Болат Атабаев Германияда тұрып жатыр.