Қазақстанда 3 адам коронавирусты жұқтырды – министр
АСТАНА. 13 наурыз. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған үшінші адам анықталғанын айтты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
«Коронавирус жұқтырған тағы бір адам анықталды», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл азаматтар карантиндік стационарға жатқызылған. Аталған азаматтар Алматы қаласындағы инфекциялық стационарда жатыр.
Бұдан бұрын айтқанымыздай, елімізде коронавирус тіркелген жағдайда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия тиісті іс-шаралар жоспарын бекіткен еді. «Б» жоспары бүгін күшін енді.
Қазір барлық шара бекітілген алгоритм бойынша жүргізіліп жатыр.
Коронавирус инфекциясына шалдықты деп күдіктелген тұлғада аурудың клиникалық белгісі жоқ.
Эпидемияға қарсы барлық қажетті шара қолданылып жатыр, соның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекциялық іс-шара бар.
– карантинге жатқызу үшін төсек орындары әзірленген;
– медициналық препараттар мен дезинфекциялық құралдар қоры жеткілікті;
– медициналық персонал толық дайын;
– сұрақ туған жағдайда, 1406 нөміріне call орталыққа хабарласу керек.
Бұған дейін, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырған Қазақстанның екі азаматы Германиядан келгенін мәлім етті.
Сонымен қатар, коронавирус жұқтырған Қазақстан азаматтарымен бір бортта болған жолаушылар карантинге жатқызылатыны айтылды.