Коронавирус: Адыраспан бізді ажалдан аман алып қала ала ма?
ТАШКЕНТ. 13 наурыз. Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында Орта Азия аймағы мен Моңғолияны әзірге коронавирус ала қоймай тұрғанына адыраспанның да көмегі болуы мүмкін деген әңгіме айтылды. Бұл туралы CentralAsia хабарлады.
Аталмыш тақырыпта пікір алмасу БҰҰ жанындағы Халықаралық вакцина институтының өкілі Михаил Фаворов пен Өзбекстан денсаулық сақтау министрі Алишер Шадмановтың кездесуі кезінде орын алды. Олар екеуі коронавирус туралы бірге оқыған дәрістері барысында әлдеқандай бір «моңғол-түрік үш бұрышы» жайына да тоқталды. Онда «Бүкіл әлемді жайлап үлгерген қауіпті вирустың әлі күнге дейін Орталық Азияға ене алмай тұруының себебі неде? Бұған «моңғол-түрік жұрты жайлаған үш тағанның» қандай қатысы бар? Әлде әсер ететін айрықша ауа райы ма? Жоқ, тамақ рационы ма?» деген сұрақтар төңірегінде сөз қозғалды.
Өз кезегінде Михаил Фаворов 11 наурыз күні коронавирустың Моңғолияға жұмысқа келген Франция азаматынан табылғанын еске салды. Бірақ жергілікті тұрғындар арасында әлі күнге дейін бұл індетті жұқтырып алған ешкім жоқ. Мұндай тенденция Шыңжаң өлкесінде де байқалып тұр. Ондағы ұйғырлар мен қазақтар арасында әзірге бұл вирусқа ешкім шалынбаған.
«Біз Өзбекстандағы әріптестерімізбен бірге «моңғол үш бұрышы» деп аталатын бірқатар елдердің коронавируске бой бермей отырған айрықшалығын байқадық. Сосын бұл жайында көп ойландық. Бұған біз «Ауаның құрғақтығы мен айрықша климат әсер ете ме, әлде Орталық Азия елдерінде кеңінен қолданылатын исрык-шөптің өз пайдасы тиіп отыр ма?» деген сауалдар тұрғысынан келіп, көп ойландық. Қазір болжам мен сәуегейлік жасап жатудың еш мәні жоқ, бірақ факт – факті болып қалады: Орталық Азия елдерінде COVID-19 вирусының тарағаны жөнінде бірде-бір оқиға тіркелмеді. Бұдан кейін де бола қоймайды, деп үміттенемін», – деді Фаворов.
Өзбекстанда бұл айтылып отырған шөп «исрык» немесе «адраспан» деп аталады. Қазақстанда «адыраспан» ретінде танылады. Аталмыш өсімдік ботаникада «кәдімгі гармала» (Peganum harmala) атауымен белгілі. Ол біздің дәуірімізге дейінгі VII-V ғасырларда пайда болған заратуштраның ежелгі қасиетті кітабы – «Авестада» да айтылады.
Жұрт оны адамды тыныштандыратын және тазартатын құрал есебінде біледі. Онымен үйлердің іштерін тазартып отырады. Ғалымдар енді сол адыраспан жүрген жерге коронавирустың да жолай қоймайтынына болжам жасап отыр. Сонымен бірге, олар Орта Азия халықтарының тамақ рациондарының, ас мәзірлерінің бұған әсері болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.