Иран бірнеше күштік құрылым басшысының қаза тапқанын растады

ТЕГЕРАН. 1 наурыз. Иран билігі аятолламен бірге бірнеше күштік құрылым басшыларының опат болғанын мойындап отыр. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдары салдарынан елдің жоғарғы көсемі, аятолла Әли Хаменеи ғана емес, сонымен қатар оның қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Әли Шамхани, Ислам революциялық гвардия корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпур, қорғаныс министрі Азиз Насирзаде және штаб бастығы Абдулрахим Мусави (суретте) қаза тапты.
Мұның жайын бүгін, 1 наурыз, жексенбі күні таңертең Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады. Онда басқа да жоғары лауазымды қауіпсіздік қызметкерлерінің қаза тапқаны және олардың есімдері кейінірек жарияланатыны атап өтілген. Tansim ақпарат агенттігі өз кезегінде Иран полициясының барлау ұйымының басшысы Голам Реза Резаянның да сол сағаттарда қаза тапқанын баяндады.
Сонымен қатар, Иран Ислам революциялық гвардия корпусына қолбасшы болып генерал Ахмад Вахидидің тағайындалғаны белгілі болды.
Израиль қорғаныс күштері 1 наурызға қараған түні Иранға қарсы жаңа шабуылдар сериясын бастады. Әскерилердің мәліметінше, нысаналар баллистикалық зымыран ұшыру қондырғылары мен әуе қорғаныс жүйелері болған. Бұқаралық ақпарат құралдары Иран байтағы – Тегеранда қуатты жарылыстар болғанын жазып жатыр.
Иранның өзі де түні бойы Израильді атқылауды жалғастырды, бүкіл ел бойынша сиреналар естілді.
Иранның мемлекеттік БАҚ-тары зымыран және дрон шабуылдарының нысаналары арасында Израильдің Тель-Авивтегі штаб-пәтері мен қорғаныс өнеркәсібі кешені, сондай-ақ аймақтағы 27 америкалық база болғанын мәлімдеді. Таңертең Дубайда (БАӘ), Дохада (Қатар) және Манамада (Бахрейн) жаңа жарылыстар естілді. 28 ақпан таңертең Израиль мен Құрама Штаттар Тегеран мен Иранның басқа жерлеріне әуе шабуылдарын бастады. АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам Республикасының ядролық бағдарламасын жою ниетін барын мәлімдеді. Ол Иран әскери күштерін қаруын тастауға, ал ел азаматтарын «тағдырларын өз қолдарына алуға» шақырды.
Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының мәліметі бойынша, шабуылдардан 201 адам қаза тауып, 747 адам жарақат алған. Бұған дейін Иран билігі Минаб қаласындағы қыздар мектебінде 108 оқушының қаза тапқанын хабарлаған болатын. The Guardian газетінің хабарлауынша, қалада Ислам революциялық гвардия корпусының базасы орналасқан. Израиль мен Құрама Штаттар бұл ақпаратқа ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Иран Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына әуе шабуылдарын жасау арқылы кек алды. Израиль төтенше жағдай жариялады. 28 ақпан кешінде Тель-Авивке жасалған зымыран шабуылында бір әйел қаза тапты. Иранның кек алу шабуылдары аймақтағы басқа елдерге де әсер етті. Атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Әбу-Даби әуежайында Иранның дрон шабуылы бір адамның өмірін қиды. Еуропа Одағы Таяу Шығыстағы оқиғаларға қатты алаңдаушылық білдірді. Германия, Франция және Ұлыбритания көшбасшылары Иранның Таяу Шығыс елдеріне шабуылдарын қатаң айыптап, Тегеранды келіссөздерге шақырды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төтенше отырыс өткізді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль-Америка шабуылдарын да, Иранның кек алу шабуылдарын да айыптап, бақылаусыз ушығу қаупі барын ескертті.






