Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Димаш Құдайберген концерт қою үшін Ригаға ұшып келді

РИГА. 6 наурыз. Қазақстандық танымал әнші Димаш (Дінмұхаммед) Құдайберген бүгін түсте Латвияның астанасы – Рига қаласына өзінің Еуропа елдеріне жасалып жатқан турнесін жалғастыру үшін ұшып барды. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.

Әншіні Рига аэропортында фанаттар жалаулатып, қошеметтеп күтіп алды. Әуежай нағыз мерекелік күйге енген. Фанаттар арасында Латвиядан бөлек, Франция, Германия, Норвегия және Эстония елдерінен келген қонақтар көп болды. Бұлардың біреулері Димаштан қолтаңба алуға құштар болса, тағы біреулері қатар тұрып селфи жасағысы келеді, енді бірі өзі арнайы әкелген сыйлығын тапсыруға мүмкіндік іздейді.

«Мен есімнен айырылып қалам ба деп қорқамын. Өйткені, біз оны шынымен қатты күттік, қазір енді өзіміздің осындай бақытты күйге түскенімізге, концерттің болатынына сенбей тұрмыз. Мен үшін Димаш – таңғажайып жаңалық, ол барынша жетілген дауыстың иесі және таңғаларлық адам!», – деді латвиялық фанат Элеонора.

«Біз Димашты қатты құрметтейміз. Біз оны космос ретінде сүйеміз. Құрмет тұтамыз. Себебі, ол тек әнші ғана емес. Ол өзінің жеке қасиетімен де адамды баурап алады», – деді ригалық екінші фанат Иветта.

Фанаттар Димаштың залға қарай шығуын күтіп тұрған кезде оның репертуарындағы әндерді айта бастады. Сол кезде әншінің өзі де көрінді. Жиналғандар шу ете түсті.

«Біз Димашты Ригада көрген кезде қатты бір сілкініс жағдайын бастан кештік. Біз мұнда Франциядан әнші үшін арнайы ұшып келдік. Концертті көру үшін келдік. Біз оны сүйеміз», – деді сол жерде франциялық Энн есімді фанат қыз.

Ригадаға концерт ертең, 7 наурыз күні «Arena Riga» спорт сарайында өтеді.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген бұдан кейін, 9 наурызда Мәскеудегі «Мегаспорт» спорт сарайында әнсүйер қауыммен қауышады. Ал 11 наурыз күні Киев Спорт сарайында көрермен алдына шығады. Содан соң 19 наурызда Германияның Гамбург қаласындағы «Barclaycard Arena Sylvesterallee» аренасында, 21 наурызда Дюссельдорфтағы «Düsseldorf ISS DOME» залында, 25 наурызда Чехияның астанасы – Прагадағы «TipSport-Arena» спорт сарайында, 29 наурызда Германияның Штутгарт қаласындағы «Hanns-Martin-Schleyer-Halle» сарайында, ал 4 сәуірде Беларусь астанасы – Минскідегі «Минск-Аренада» көпшілікпен көзайым болады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button