Қазақстандық екі боксшы қыз жеңіске жетті
АММАН. 6 наурыз. Бүгін Иорданияның астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Океания/Азия құрлықтық бірінші іріктеу турнирінде қазақстандық екі қыз жеңіске жетті. Бұл туралы әлем ақпарат көздеріне сүйенген rast.kz хабарлады.
Алдымен 69 кило салмақтағы Валентина Хальзоваға Корея былғары қолғап шебері Сюён Чои тап келді. Жекпе-жекті Валентина ашық ұрыспен бастады. Ол қарсыласының қарқынын ұдайы басып тастап отырды. Хальзова алыс дистанция ұстауға тырысты. Осылайша өзіне қажетті ұпайды жинай берді.
Еске сала кетейік, жақында декреттік демалыстан келген спортшының бұл содан бергі алғашқы ірі турнирі болып отыр.
Содан кейін 75 килоға дейінгі салмақтағы Надежда Рябец өзбекстандық Навбахор Хамидовамен жұдырықтасты. Бірінші раундта біздің спортшының басым болғанына қарамастан, төрешілер жеңісті оның қарсыласына беріп жіберді. Алайда, қалған екі раундта Надяның басым екеніне қазылар да күмән келтіре алмады. Сөйтіп, ересектер арасында бірінші рет үлкен турнирге қатысып жатқан жас боксшы алғашқы жеңісіне жетті.
Бүгін түнде шаршы алаңға 69 килодағы Абылайхан Жүсіпов шығады. Ол моңғол Мишилт Баттумурмен күш сынасады.