Абылайхан Жүсіпов Амманда ширек финалға шықты
АММАН. 6 наурыз. Бүгін Иорданияның астанасы Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Океания/Азия құрлықтық бірінші іріктеу турнирінде 69 килоға дейінгі салмақтағы Абылайхан Жүсіпов ширек финалға жолдама алды. Бұл туралы Olimpic.kz сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Әлемнің екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов 1/8 финалда моңғол Мишилт Баттумурмен шайқасты.
Бірінші раунд барлау сипатында өтті. Бірақ шабуылдар болып жатты. Мұнда тап Абылайхан негізгі соққыларды жасады. Бұдан кейінгі раундтарда да оның басымдығы айқын байқалып тұрды. Нәтижесінде төрешілер бір ауыздан жеңісті Жүсіповке берді.
Қазақстан құрамасы сапынан бұған дейін Зәкір Сафиуллин (63 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг) Бекзат Нұрдәулетов (81 кг) ширек финалға шыққан болатын. Әзірге ерлер арасында жеңіліс тапқан ешкім жоқ. Ал қыздар арасынан Надежда Рябец (69 кг) пен Валентина Хальзова (75 кг) ширек финалға жолдама алып қойды.