Қазақстанға Қытай, Иран, Корея азаматтары кіргізілмейді
АСТАНА. 6 наурыз. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Берік Қамалиев коронавирустың таралуына байланысты тоқтатылған әуе бағыттарын айтып берді. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тұрақты рейстер 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап тоқтатылған. Ал Сеул – Алматы және Сеул – Астана бағыттарымен тек қазақстандықтарға ұшуға рұқсат етіледі.
«Махан Эйрдің Алматы – Тегеран бағытындағы рейстері тоқтатылды. Бізде Әзербайжанмен арадағы Алматы – Бақы және Ақтау – Бақы бағыттарында аптасына 15 рейс болған. Енді Алматы – Бақы бағытын 5-тен 1-ге дейін, Ақтау – Бақы бағытын 7-ден 1-ге дейін шектедік, ал Астана – Бақы рейсін тоқтаттық», – деді вице-министр.
Сондай-ақ, 1 наурыздан бастап Астана – Сеул бағыты бойынша тұрақты рейстер аптасына 3 рейске дейін азайтылды.
«8 наурыздан бастап Кореяның және 1-санатқа жатқызылған елдердің азаматтарын кіргізуді тоқтаттық. Соған байланысты бүгін біз Сеул – Алматы және Сеул – Астана бағыттары бойынша ұшатын барлық әуе компанияларына радиограмма жолдадық. Сеул – Алматы және Сеул – Астана бағыттарымен тек қазақстандықтарға ұшуға рұқсат етіледі. Біздің кей азаматтарымыз үшінші елдер арқылы кіреді, сонымен қатар басқа әуекомпаниялар арқылы үшінші елдерден кіретін транзиттік жолаушылар бар. Сондықтан біз әуе компанияларына 8 наурыздан бастап 1-ші санаттағы елдердің азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынатыны туралы хабарладық», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша 1-санат екіге бөлінеді. Оның «а» тобына Қытай мен Иран жатады. Бұл елдерден келгендер 14 күнге карантинге жатқызылады. Шыққаннан кейін 10 күн бойы күнделікті телефон соғу арқылы медициналық бақылауда болады. Ал «б» тобында Гонконг, Макао, Тайвань, Корея, Италия және Жапония бар. Ол жақтардан келгендер үшін 14 күн бойы үйде карантинде отыру көзделген. Карантин мерзімі аяқталғаннан кейін 10 күндік күнделікті қоңырау шалынады.