Үрімшіде төрт күннен бері халықтың наразылық шеруі өтіп жатыр
ҮРІМШІ. 28 қараша. Қытайдың Шыңжаң автономиялы ауданында төрт күннен бері жергілікті халықтың наразылық қозғалысы кеулеп тұр. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Жұрттың бас көтеруіне өткен бейсенбі күні Шыңжаңның орталығы – Үрімші қаласында орын алған өрттен 10 адамның қаза табуы ілкі себеп болған. Олар от құшағында қалған қандастарын құтқара алмай қалған, себебі, көп пәтерлі үйлердің шығар есіктері тарс жабық тұрған, бұған қоса, өрт сөндірушілер тұрғындардың сыртқа шығуларына жол бермеген. Олай болатыны, Шығыс Түркістанда ковид кеселінің тарауына байланысты 100 күннен бері карантин тәртібі үстемдік құрып, бет қаратпай тұр. Осы сылтау арқылы билік жергілікті жұртты осылай қамап қойып, қапаста ұстап келген.
Мұндай шектеулер елдің басқа да көптеген провинцияларын қамтиды. Үрімшіде ашынған жұрт бастап кеткен қарсылық акциясының соңын ала оны Нанкин, Ухань, Гуанчжоу, Бейжің және Шанхай секілді ірі қалалардың тұрғындары да қолдап әкеткен. Олар Шыңжаңда қаза тапқан адамдарға құрмет көрсету мақсатымен көшеге шыққан.
Шанхайда сенбі күні полиция шеруге қатысушы халыққа көзден жас ағызатын газ қолданған.
Бірқатар шерушілер Си Цзиньпин мен Компартияны биліктен кетуге шақырған. Осы көріністер түсірілген видеосюжеттер әлеуметтік желілерде жарияланды, деп жазды The Wall Street Journal газеті. Олардың шындыққа сәйкес келетінін әлеуметтік желілерге талдау жасап отыратын Storyful фирмасы растады.
Жексенбі күнінің кешінде Бейжіңде полиция «Бостандық!» деп айқайлап, ұрандатқан шерушілерді өзен жағасына қарай тықсырып қуды. Қарсылық қозғалысына қатысушылар сонда да ыққан жоқ. Олар Си басқарған жылдары мемлекеттің халықты күнделікті бақылауға алып отыратын қапас болғанын газет тілшісіне айтып берген.
Жалпы, Қытайда көп жылдардан бері халықтың тап мынадай зор толқуы болмағаны сөз етіліп жатыр. Жұрт мұнда ең соңғы рет 1989 жылы осындай қуатты қарқынмен бас көтерген еді. Сол жолы студенттер өз наразылықтарын білдіріп, Тяньаньмэнь алаңына шыққан болатын. Бірнеше күнге созылған ереуілдің соңы қайғылы аяқталды, билік наразы жастарды аямай атып тастады, қаза тапқандар саны өте көп болды.
Жұрт Қытайда карантиннің әдейі енгізіліп отырғанына назар аударуда. «Біз карантин тезірек аяқталатын шығар деген үміттеміз. Біз адам құсап өмір сүргіміз келеді», – деді Reuters тілшісіне бейжіңдік 28 жастағы азамат.
Шерушілер суреттегідей қолдарына ақ қағаз ұстап шықты. Ол өмірді жаңаша бастау ниетін білдіреді. Халық коммунистік лаңның тепкісінен азат, обасынан тысқары Қытайда өмір сүруді армандайды.