Жаңалықтар жаңғырығыТаным

ТАҢЖАРЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ

Түрмеде туған толғаулар

Қазақ елінен жырақта ғұмыр кешкен ақындардың шығармашылығы рухани бай қазынамыздың бөлінбес бөлшегі болып саналады. Туып-өскен, тірлік еткен қоғамдық ортасының сипаты әртүрлі болғанына қарамастан олар сөз өнері арқылы біздің әдебиетімізді барынша дамытты. Атамекенінен тысқары жерді жайлаған алыстағы ағайынның ортасында көркем сөзіміз өзгеше үрдіспен ілгерілегені рас. Елге деген сағыныш пен шексіз махаббат қандастарымыздың ақындық өнеріне ерекше серпін бергені анық. Қазақтың қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілін шекараның арғы бетіне алып өткен олар сол тілді бойтұмардай қастерлеп сақтады. Сол тілмен жыр кестелеп, өлең өрді. Сөйтіп, жырақта түтін түтеткен қалың қазақтың арасынан айтулы ақындар көптеп шықты. Солардың ішіндегі шоқтығы биік сөз жүйріктерінің бірі – Таңжарық Жолдыұлы.

Біздің елімізде Дулат Бабайтайұлы, Шортайбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқа ақындардың шығармаларын жариялауға ұзақ уақыт тиым салынғаны баршаға белгілі. Олардың өлең-толғауларын «қапасқа қамалған қазына» деп атадық. Сондай-ақ, әдебиет тарихында жазған дүниелері ғана емес, өздері де қапасқа қамалған ақындар бар. Егер ақынның жырлары ғана емес оның өзі де ұлт қазынасы десек, жаңағы тіркесті Таңжарықтың тұлғасы мен тағдырына қатысты қолдануға да болар еді. «Тума талант, қайсар қа­лам­гер Таңжарық шығарма­лары­ның 80-90 пайызы түр­меде жазылған. Ақын – өз­ шығармашылығымен өмірбаянын толық жазып кеткен адам», – дейді ақын өмірі туралы айтулы шығарма жазған жазушы Тұрлыбек Мәмесейітов. Таңжарықтың ақындық тағдырының өзгеше екендігі осыдан-ақ көрінеді.

Таңжарықтың тар қапаста туған өлеңдері елге арнау, ұлтқа үндеу, жақсыларға сәлем жолдау түрінде жазылды. Көбіне-көп оның жырларының бірқатары кәдімгі хат үлгісінде болып келеді. Ол түрменің тар бөлмесінде қазақ жырының бесігін тербетті. Азабы көп абақтының өзін ұлт намысын қайрайтын ұлағатты сөздің ұстаханасына айналдырды. Қатал жүйе оның өзін қинағанымен өлеңін өлтіре алмады. Ақынға қорлық пен зорлық көрсеткен азап мекені оны ширықтырып, жүрегінен жыр саулатты. Түрмеде туған жырлар төрткүл дүниеге тарап жатты. Сөйтіп, сол кезеңінің сипатын дәл танытатын, өзгеше жағдайда туған, мазмұны бөлек, рухы биік өлең нұсқалары өмірге келді. Сондықтан, Тұрлыбек Мәмесейітов мысалға келтіріп жүрген «түрме әдебиеті» деген ұғымды қаперге алып, бұл тақырыпты зерттей түсуге жол ашқан жөн болар.

Бүгінге дейін Таңжарық ақынның мұрасын елімен қауыштырып, ақындық тұлғасын кеңінен танытуға Құрманәлі Оспанұлы, Бұқара Тышқанбаев, Оразанбай Егеубай, Омарғазы Айтанұлы, Қасымхан Уатханұлы, Ғалым Қанапияұлы, Тілеужан Сақалов, Тұрлыбек Мәмесейітов, Дүкен Мәсімхан сияқты ақын-жазушылар мен зерттеуші ғалымдар үлкен үлес қосты. Бірі әдебиеттануда, екіншісі көркем әдебиетте, үшіншісі кино өнерінде ақынның болмыс-бітімін жан-жақты тұлғалады. Сондай-ақ Жәди Шәкенұлы, Біләл Қуаныш, Ербол Алшынбай секілді қаламгерлер де бұл тақырыпқа бірқатар мақалалар жазды.

Таңжарық шығармашылығын қазақ жұртына кеңінен таныстыруға әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов ерекше еңбек сіңірді. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Қытай сапарынан оралған Сәбең халыққа шыңжаңдық Таңжарық ақын туралы тың мәлімет берді. Ол сол сапарында жанында еріп жүрген Бұқара Тышқанбаевтан жазып алған ақын өлеңдерін оқырманға ұсынды. Жазушы сапарнама үлгісінде жазылған «Алыптың адымдары» атты кітабында «Халық бостандығы үшін күрескен адамдардан қолына түскен кісіге Шэн Ши-цай бандаларының қандай азап көрсеткеніне Шыңжаң ақыны Таңжарық Жолдыұлының төмендегі өлеңдері куә», – деп түйіндеп, ақынның ұзақ толғанысын мысалға келтіреді. Ақынның мұрасына ғана емес, тағдыр-талайына, өмір тарихына жіті үңіледі. «Бұқараның әйелі Сара – Таңжарықтың туған қызы екені есімізде. Ол бұдан тоғыз жыл бұрын опат болған әкесінің абақтыда жатқан ауыр халін де, одан құтылған қуанышын да есіне түсіргендей, жылап тұрды», – дейді С.Мұқанов.

Сәбең Таңжарық ақынның ғұмыр кешкен өлкесін аралап, жыр жампозы туралы деректерге молынан қанығады. Оның ақындық қуаты, азаматтық тұлғасы, адами танымы жөнінде өзіндік ой түйеді. Жыр жүйрігінің тағдырына да, туындыларына да баса көңіл аударады. Жазушының осы толғанысы кітабында былайша сипатталады: «Бірер күн бай базарды да, Сайрам маңындағы қазақ пен қалмақ ауылдарын да аралап, қызық-қызметін көргеннен кейін, біз Құлжаға жүріп кеттік. Сайрамды қоршаған таудың Құлжаға түсер асуын «Талқы» дейді екен. Өзі биіктен төменге құлдырай түседі екен. Жол беретін жыраның аты – «Кең сай». Оның өн бойы қалың орман. Талқы асуының қыр арқасына түсерде Бұқара машинаны тоқтатты да маған:

– Егер рұқсат етсеңіз, Таңжарықтың Шэн Ши-цай азабынан құтылып келе жатып, осы Талқы асуын көргенде жазған өлеңін оқып берейін, – деді.

– Хұп, – дедім мен. Ол оқи жөнелді».

Ол заманда қазақтың ең көп оқылатын қаламгерінің бірі болған Сәбит Мұқановтың назарына ілінген Таңжарық өлеңдері ел ішіне одан әрі тарала түсті.

Көз – қарауыл, қол – нөкер

Әуелі ауыл молдасынан хат танып, кейін Қытай мектебінде, Қазақстанда Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте оқыған Таңжарық ақынның Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов шығармашылығымен жақсы таныс болғаны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Оның ақын ретінде қалыптасуына әсіресе Абайдың ықпалы басымырақ болғаны өлең-жырларынан айқын байқалады. Өлең өлкесінде кімді үлгі тұтып, не үшін қадірлегенін Таңжарықтың өзі де анық айтады («Сөздері басқа ақынның маған мәлім, Құрт салған шайдай іріп, былғанады. Бәрін де Абай сөзі басып түсер, Бір парша шеттен алып, қырнағаны»), сондай-ақ оның ұлы ақынға еліктегені жыр өріп, сөз саптауынан да сезілмей қалмайды («Сөзі бар басқалардың жыртық жамау, Жүректен әрең шығар тырнағаны»). Бұдан Абайдың белгілі жыр жүйріктерін сынға алған өлеңі Таңжарыққа үлгі болғанын көреміз. Өз дәуірінің қайғысы мен қасіретін жүрегінен өткізген ақын Абайша толғанып, Абайша торығады. Таңжарықтың мұң-зары елінің мұң-мұқтажымен толық үндестік табады:

Бауыры бүтін, басы аман,

Жыламаған пенде жоқ.

Ішім жалын өртенген,

Қайғым қатты зертеңнен,

Табылар шипа ем де жоқ.

Ақынның шығармаларынан сөз өнеріне деген талабы өте жоғары болғаны байқалады. Ол сөзіне құлақ түретін алқалы топты қадірлейтінін («Айтуға дәмсіз сөзді қорғанамын, Болмаса тұрғаным жоқ бұлдағалы»), өлеңнің өткірлігі өзін де құлшындыратынын («Терең сөз таппаған соң шерім шықпай, Ашылмай жүрегімде кір қалады»), ел алдында әрдайым кішілік танытатынын («Сөзіммен қате болса, айып етпе, Шешеннен сөз, шеберден мін қалады») үнемі аңғартып отырады.

Таңжарық поэзиясы кестелі тілімен, көркемдік нәрімен ерекшеленеді. Тың теңеулер, тосын тіркестер, бедерлі баламалар, соны суреттеулер ақын жырларын айшықтай түседі. Тұғырлы тіл мен мағыналы мазмұнның үйлесімділігі жыр жүйрігінің беделін биіктетіп тұрады. «Тауы – алтын, тасы – күміс, ағашы – жез, Сулары еркек қойдың сорпасындай» немесе «Өмірлік дос өзіңе еңбек етер, Аяқ – ат, көз – қарауыл, қолың – нөкер. Ми – орда, ой – планшы, бастаушы – ақыл, Сенімді серігің жоқ одан өтер» деген өлең тіркестері арқылы Таңжарық тынымсыз ізденіп, тынбай ілгерілейтінін көрсетті. Соның арқасында өзін ардақ тұтқан ел-жұртына өзгеше өлең өрімдері мен ой орамдарын үкілеп ұсынды:

Білетін сайтан тілін қайран жастық,

Жын тілі – салған әнің, шерткен күйің.

Осының бәріменен қош айтысып,

Тапқанда ақылыңды сонда сүйін.

Таңжарық мұрасының назар аударуға тұрарлық тағы бір тұсы – оның замана туралы ой-толғамдары. Ғабит Мүсіреповтің «Заман деген бір күнде орнап, сол күні-ақ бар мазмұнын айқындап беретін базар емес, ұлы да ұзақ сұрыпталатын кезең. Оның ділін-дінінен бастап философиялық мазмұнын бір күнде ұғыну қиын», – деген тұжырымына сүйенсек, ақынның өз дәуірінің табиғатын дәл танытуы өмірлік тәжірибесімен және тағдыр-талайымен сабақтасып жатқанын көреміз. Бүкіл ғұмырын ұлт мұраты үшін күреске арнаған Таңжарықтың көрген қиындығы мен кешкен азабы оның замана сипаты туралы нақты түсінігін қалыптастырды. Оның айналадағы дүние туралы ұстанымы («Дүние бір диірмен тұрған зырлап, Адамзат сол зауатқа келген қонақ»), тіршілік заңдылықтары туралы тұжырымы («Жүгірсең жазығында мүдірместен, Жатасың қиясында және құлап»), қуаныш мен қайғының арасалмағы туралы көзқарасы («Біреулер сайрандаса тамашалап, Біреулер азап шегіп, өтті жылап») берік орныққан. Ол өмірдің құбылыстарын өзінше зерлеп-зерделеп, өзгеше ой түйеді:

Куәші талай ғасыр өтті сырғып,

Жылды жеп, айды асап, күнді турап.

Адамзат ғасыр бойы қуғанымен,

Жеткізбей келе жатыр дүние зырлап.

Баянсыз дүние, опасыз жалған сарыны Таңжарық өлеңдерінде сәт сайын ұшырасады. Тағдырдан көрген теперіші, өктем жүйеден көрген қорлығы мен зорлығы оған ұстараның жүзіндей аударылған дүниенің болмысын былайша кейіптетті: «Дүние алса сені уысыңа, Сияр ма аз несібең ыдысыңа». Ал оның «Аумалы, опасы жоқ – жалған дүние, Біз тұрмақ бұрынғыдан қалған дүние» тұжырымы сонау жыраулар дәуірінен тамыр тартып келе жатқан «Біз түгілі бұрынғыдан қалған қоныс» ұғымын еске салады.

Заманнан көңіл тарығып…

Таңжарық Жолдыұлы шығармашылығында өзі өмір сүрген замананың бейнесі айқын көрініс тапты. Әрбір ақын бастан кешкен дәуірін өз қабылдауы бойынша түйсінеді. Оған тағдырының теперіштері мен өмірінің өткелдеріне орай баға береді. Шортанбай мен Әбубәкір секілді қиындық қыспағында қалдырған заманды ақырзаманға теңеу үрдісі Таңжарықта да ұшырасып қалады. Бірақ Таңжарық олар секілді діни байламдарды көп тиянақ ете бермейді, «заман ақыр» сөзін ауыртпалық, бейнет мағынасында қолданады:

Түскенде басқа сонда заман ақыр,

Маңына жан жуымай, болып пақыр.

Нұрымға қалды түсіп ақыр заман,

Баласынан айырылып болды жаман.

Қия жолға жақындап келе жатыр,

Боран шықты болғандай заман ақыр.

Замананың зауалын қалың тұманға теңеу – қазақ ақындарының біразында бар үрдіс. Абай «Көк тұман – алдымдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» десе, Әбубәкір Кердері «Тұман басты заманды, Біз заманға не қылдық?» деп күйінеді. Замана дағдарысқа түскен сәттегі «тұман» және «адасу» ұғымдары Таңжарық поэзиясын да айшықтайды. Ол «Біздің күн – қара тұман, жыға-жылау, Ағызып екі көздің жасын бұлау», – деп ел қасіретін танытады, «Орнаған тұман бастағы, Тұра ма түнеп, көше ме?», – деп белгісіздік ахуалын ұқтырады. Таңжарықтың «Дүние әлеміне созамын қол, Адасқан мен бір ғаріп таба алмай жол. Торланып біздің басқа түсті тұман, Айықсын алдағы күн, тілегім сол», – деген толғамы Мәшһүр Жүсіптің «Ашылмай басымыздан тұман басты, Сол үшін жол таба алмай жұрт адасты», – деген өлең жолдарымен үндеседі. Сондай-ақ, ақын жырларында замана бейнесі «аумалы заман» («Көз көріп естігенді келе жатыр, Аумалы заман екен келген бұл бір»), «айбат заман» («Бір айбат келе жатқан заман еді, Тұрды да болып кетті үстін-асты»), «көбіктей көлбеңдеген заман» («Көбіктей су бетінде көлбеңдеген, Қалып тұр көңіл шіркін заманадан»), «көкірекке шер байлаған заман» («Көп заман көкірекке шер байланып, Еріксіз елден алыс жерді айналып»), «тапшы заман» («Асылдың кім танымас нақ сыйлығын, Заманның көріп тұрмыз тапшылығын], «келмеске кеткен заман» («Ол заман келмеске енді кетті деймін, Тоқтатып ақылға көн кепті деймін») тіркестері арқылы сипатталады.

Таңжарық кейіптеген заман – қайғы-қасіреттің («Заманнан көңіл тарығып, Қайғы мен күнім кеше ме?»), дағдарыс пен шарасыздықтың («Заманың қандай болды, қайран халқым, Жүректі кернеп алды сарысу жалқын») кезеңі. Қорлық пен қарсылық, кек пен көнбістік, төзімділік пен дәрменсіздік ақын жырларының өн бойынан анық аңғарылады. Таңжарықтың зары жеке бастың зары деңгейінен шығып, халықтық зарға ұласып кетеді: «Зарласам қанша егіліп, Кім есіркеп, кім ұғып, Кім естиді үнімді?!».

Қазақ поэзиясындағы зар заман ақындарының үлгісімен өткенді аяулы, кешегіні қадірлі етіп көрсету үрдісі Таңжарықта да бар. Өткен өмірін ойға алып, жер-су аттарын санамалап, сағынышпен жырлаған толғаулары Мұрат Мөңкеұлының әйгілі «Сарыарқа» дастанын еске түсіреді. Қоныстың қайғысын бедерлеген Мұрат ақын мен елдің ахуалын зерделеген Таңжарық ақынның үндес толғауларынан үйлесімділік табылады. Зар заманның айтулы жыршысы: «Тайсойған, Орал бойы өскен жерім, Кіндігім, кірім жуып, кескен жерім. Құрбымен жағаласып бірге жатып, Жарты құрт тату күнде жескен жерім» деп термелетсе, Таңжарық ақын: «Ақ ирек, Қара шат пен пен қайран Қайнар, Балшығын шалпылдатып кешкен жерім. Сары ағашты, Сары шоқы, Ескі қора, Кендірін аршып алып, ескен жерім» деп толғанады. Мұрат: «Күз болса қонушы едік Қаракөлге, Ащылы екі жағы жайлы жерге» деп өткенге ой жіберсе, Таңжарық: «Іздеп жүріп, кекілік, қырғауылды, Кетуші ек кейбіреуін ұрып алып» деп өзінің жастық шағының сәулелі сәттеріне үңіледі. Ақынның: «Одан да Күнес тіпті ары қалды, Қас, Текес, Қарабура, бәрі қалды» деп қапалануы да қоныстың құтсыздығын ойлап күйзеліске түскен зар замандық тұжырымдарға жақын келеді. Мұның бәрі – халықтық жыр дәстүрінің, өлең үлгісінің біркелкілігінің және заманды сезіну ортақтығының көріністері.

Замананың зауалы көмескілеген тұлғаны іздеу («Өсірген сөйтіп бағып ана қайда? Қорғаған бауырында пана қайда?»), оны өткеннің аяулы көрінісі деп бағалау («Жақсы екен сол заманым енді ойласам, Мұңаям, уа дариға-ай, елді ойласам. Қасірет, қалмас қайғы, таусылмас дерт, Көңілге кетпес болып келді ойласам») – Таңжарыққа тән байлам-байыптамалар. Бұл – өзіндік айшығымен дараланған ақынның парасатты поэзиясының қазақ тарихымен тамырластығының, қазақ әдебиетінің ішкі даму үрдісімен тығыз байланыстылығының айқын көрінісі.

Ел болып есіңді жи енді, қазақ

Таңжарық шығармашылығында замана ыңғайында өсіп-жетілген дәуір адамының да бейнесі бар. Ақын елді жолға салуға тиіс серкелерден түңіледі («Дүние неше түрлі өзгеріп тұр, Бастаушың жалған, жала сөзге еріп тұр»), олардың жұртты қанап отырғанына налиды («Бұл күнде біз қайғыда, қулар аман, Халықтың май қайнатқан төбесіне»), өз тағдырына күйінеді («Кез болды азат басым, мұндай халға, Еріксіз жетектеді ұқсап малға»), төңірегіндегі сөз ұғатын ағайынға зарын айтып шағынады («Жалғанда біздей мұңлы адам болмас, Айырылып елден тірі байланған шер»).

Ақын өз ұлтының кемшілігін көріп жаны ашиды, оларды ағартушылық идеяны ұстанған қазақ ақындарының ой-тұжырымдарымен жігерлендіреді, Қазақтың намысын жырымен жаниды. Халқының рухын көтеруге ұмтылған Міржақыптың ұстанымын еске салады («Жазылды Міржақыптан: «Оян, қазақ», Ескерді оны қашан ноян қазақ. Орнына оянғанның ұйқы салып, Қалдың ғой ши түбінде қоян қазақ»), Шәкәрімнің ұлтқа арналған ұлағатын ұқтыруға тырысады («Таралды Шәкәрімнен «Қазақ айна», Қай қазақ оны оқып, алды пайда?»), Ыбырай Алтынсариннің оқу-білімге шақырған өнегесін ойға түсіреді («Оқы деп Алтынсарин айтқанымен, Оқуды тастап қазақ айранды алған»). Қазақты кейіп отырып серпілту, сынап отырып ширату жағынан Абаймен сабақтасып жататын Таңжарық келер күннен жақсылық күтеді. Торығуын талпынысқа, күйзелісін ұмтылысқа жеңдіреді.

Бірі мен сол қазақтың жүрген азып,

Құрғақтан су таба алмай құдық қазып.

Түзеліп енді қазақ ел болар деп,

Үмітпен асқар таудай кетем жазып.

Тығырықтан шығудың жолы сананы оятып, білімге жетелеуде деп білген Алаш ағартушылары секілді Таңжарық та өз ұлтын бірлікке, ілгерілеуге шақырады. Оның бұл турасындағы «Таста да надандықты кел, қатарға, Ел болып есіңді жи, енді қазақ», – деген ой-тұжырымы қазақ қоғамының дертін тамыршыдай тап басқан Ғұмар Қараштың «Ұйқы қанды, тұралық, Тұрып кеңес құралық», – деген ұлтына арнаған ұлағатты ұранымен үндестік табады. Таңжарық шығармаларын жинап-бастырумен айналысқан Тілеужан Сақалов еңбектерінде де, ақын мұрасын ұлт-азаттық бағдар аясында қарастырған Дүкен Мәсімханұлының зерттеуінде де,  еркіндікті аңсаудың, ел мүддесін қорғаудың мысалдары  көптеп келтіріледі.

Қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілі Таңжарық Жолдыұлының заман бейнесі, дәуір адамы туралы ой-тұжырымдары өз тағдырымен де, ел тағдырымен де берік сабақтасып жатыр. Оның өлең-жырларын өзге елде қоныс тепкен ағайынның көркем тілмен кестеленген шерлі шежіресі деп танығанымыз жөн.

Таңжарықтың тағдыры – тәуелсіздік үшін тынбай күрескен тұғырлы тұлғаның тағдыры.

Таңжарықтың тағдыры – ауыр азап, бітпес бейнет көрсе де қайсарлығынан танбаған қазақ ақынының тағдыры.

Таңжарықтың тағдыры – төске түссе де жаншылмайтын, тезге түссе де сарқылмайтын қасиетті қазақ жырының тағдыры.

Таңжарықтың тағдыры – мың өліп мың тірілген қазақтың өз тағдыры.

Таңжарықтың тағдыры – өшпейтін өмірдің, өлмейтін өлеңнің символы.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button