Қоғам белсендісі Сандуғаш Тұрлыбекованың балалары Тоқаевқа тіл қатты
ҚЫЗЫЛОРДА. 10 наурыз. Жаңақорған кентінде қамауға алынған белсенді Сандуғаш Тұрлыбекованың балалары Тоқаевтан аналарын босату жөнінде көмек сұрады. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Аталмыш оқиғаға байланысты Қызылорда облысы полиция департаменті мәлімдеме жасады.
«Аталған дерек бойынша Қызылорда облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр» деп қысқа жауап қайтарды ведомство Ulysmedia.kz жолдаған сауалға.
Кейін белгілі болғанындай, көп балалы жалғызбасты ана, 40 жастағы белсенді Сандуғаш Тұрлыбековаға «екі адамды бопсалады» деген айып тағылған.
Алайда Тұрлыбекованың балалары айыпты мойындамайтындарын, қамау оның белсенділігіне қатысты екенін мәлімдеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.
Еске сала кетейік, 6 наурыз кешке полиция қызметкерлерінің Сандуғаш Тұрлыбекованы ұстағаны хабарланды. Ол бұдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға Жаңақорғанға жасаған жұмыс сапары барысында кенттегі барлық жол тораптарын жапқызып қойғаны үшін «ханның қызы» деген кекесінді ат тағуымен жалпақ жұртқа танымал болған еді. Дәлірегі, белсенді әкіммен бетпе-бет келіп қалғанында: «Неге бар жолды жаптырасың? Ханның қызысың ба?» деп сұрақ қойған болатын.
Тұрлыбекованың туыстары полиция оның тұратын үйіне тінту жүргізгенін айтады. Ал қызы Шакизат Олжабай анасын ұстауға «дәлел және негіз жоқ» деп есептейді.
«6 наурыз сіңлімнің туған күні еді. Үйде сіңлім, інім үшеуі болған. Кешке 20 шақты полицей үйге келіп, есікті сындырған. Осы кезде анам 3 жасар інімді құшақтап тұрған. Ана мен баланы айырып, інім мен сіңлімді далаға күштеп шығарған. Анамды 3 сағат бір бөлмеге қамады да, аудандық полиция бөліміне алып кетті. Адвокатты 7 наурыз түстен кейін ғана кіргізді. Біз – бес баламыз. Не істеу керек, білмейміз. Інім «Мамамды полиция әкетті» деп жылап жүр. Оны қалай жұбатарымызды білмей отырмыз. Анамның кінәсі жоқ, дәлел жоқ. Меніңше, бұл қолдан ұйымдастырылған іс. Қазақстанда белсенділерді қамау қалыпты жағдайға айналды. Қазақстандықтардан араша сұраймын», – деді белсендінің қызы «Азаттыққа» берген сұхбатында.
Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сандуғаш Тұрлыбекова Қылмыстық кодекстің «Қорқытып алу» бабымен күдікке ілініп, тергеу оқшаулағышына қамалған.