Жаңақорған кентінде жаңа саябақ қанат жайып жатыр
ЖАҢАҚОРҒАН. 4 тамыз. Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының орталығында жаңа саябақ құрылысы басталып кетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш нысан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына қолдау көрсету мақсатында салынып жатыр. Мұның Мемлекет басшысының биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялауымен тікелей байланысы бар.
Расында Президент 2022 жылды тек ұрандатқан жалаң мереке түрінде ғана атап өтіп қоя салмай, оны балаларды қорғаудың нақтылы мақсатына құрылған іс-шаралармен үндестіру қажеттігін ескерткен болатын. Осы мақсатта ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында пәрменді іс-шаралар қолға алынуы керек.
«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық, бұл – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған орай Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов жергілікті кәсіпкерлермен кеңесе отырып, игі бастама көтерді. Сөйтіп, аудан бизнес өкілдерінің демеушілігімен Жаңақорған кентінің Қорасан Ата көшесі бойындағы жер көлемі 2 гектар аумақты алатын алаңқайда заманауи үлгідегі парктің құрылысы қолға алынды.
Саябақтың ашылуы осы жылдың қазан айына жоспарланып отыр.
Суреттерде: жаңа парктің жобалық көріністері