Жаңақорған ауданының орталығында жаңа саябақ ашылды
Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының орталығын көркейту, көрiктендiру жұмыстары күн санап жанданып келедi. Соның бір дәлелі бүгін ауданымыздың көркiне көрiк қосып, балалардың қуанышы мен мерейiн еселейтiн «PRIME&PARK» саябағының ашылуы болды.
Ашылу салтанатына арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балалардың қажеттiлiктерiн осы саябақ қамтамасыз ететініне және бүлдіршіндердің осы жерге келiп қызық көріп, ойларын да, бойларын да өсiруге мүмкіндік алатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға белгілі. Міне, осы жолдауға қолдау білдіру жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып Қазақстанның еш аудан орталығында жоқ демалыс орнының ашылуына жол ашты.
Әсіресе аталмыш саябақтың бой көтеруіне себепкер болған кәсіпкер Марлен Ысқақовқа жаңақорғандықтар дән риза.
Мәңгілік елдің болашағын қалыптастыруда жергілікті кәсіпкердің жобасын қолдап, оны іске асыруға еш кедергісіз көмегін көрсеткен аудан басшысы Мұрат Тілеуімбетов пен кент әкімі Асқар Ибрагимовтың да жанашыр әкім екендеріне бұл жолы тағы да куә болдық.
Ендеше, қос әкімнің де тілегінен, аудан игілігі үшін жасаған қадамынан сәбилердiң балалық шақтары қызықты өтсе, олар келешекте жақсылыққа, сұлулыққа жаны құмар, тек бейбiт өмiрдiң тыныштығын тiлеп, сол жолда еңбек ететiн азаматтар болып өссе деген ниетін байқау да еш қиын емес.
Нұрбол Бакиров