«Байжановқа Бишімбаевтан қауіп бар» – адвокаттар оны үйқамаққа жіберуді өтінді
АСТАНА. 16 сәуір. Әйелін азаптап өлтірді деп айыпталып отырған Бишімбаев сотында Бақытжан Байжановтың адвокаттары өміріне қауіп төніп тұрғандықтан, оны үйқамаққа шығаруды сұрады. Бұл туралы Bugin.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Астана мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты 11-ші сот отырысы өтті.
Осы отырыста екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтың адвокаттары оны мырзақамаққа қою мәселесін алға тартты.
Сот отырысы барысында болған үзілісте марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтың адвокаттары судьяға қандай өтініш айтқанын баян етті. Оның айтуынша, адвокаттар Бақытжан Байжановты үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш берген. Олардың айтуларына қарағанда, уақытша ұстау оқшаулағышында Бақытжан Байжановтың жеке өміріне қауіп төніп тұрған көрінеді.
«Бақытжан Байжановтың жеке басына Қуандық Бишімбаевтан қауіп төніп тұрғандықтан, адвокаттар үйқамаққа алу туралы өтініш білдіріп жатыр. Сондай-ақ Байжановтың өзі де қылмыстық-атқару жүйесі комитетіндегі заң бұзушылықтар туралы айтқан еді», – деді Айтбек Амангелді.
Бұған дейін Байжанов уақытша ұстау оқшаулағышында өзінің қысым көріп жүргенін баяндаған болатын.
«Байжанов уақытша ұстау оқшаулағышында заң бұзушылық болғанын, жарық сөнгеннен кейін бейтаныс адамдардың келгенін айтқан. Менің түсінігімше, басшылық та Байжановты қорқытып, қысым көрсетіп жатқандай. Оның сөзінен кейін судья бұл өтініштерді қарап жатыр», – деді Айтбек Амангелді
«Сот отырысында сотталушы Бақытжан Байжанов мәлімдеме жасағаннан кейін уақытша ұстау оқшаулағышына қатысты қызметтік тексеріс басталды», деп хабарлады қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегілер.
Байжанов сотта құқық қорғаушы Бауыржан Мусиннің түнгі мезгілінде тергеу оқшаулағышына бірнеше рет келгенін тағы айтты. Оның айтуынша, кезекті келуінде жанында іс бойынша басты айыпталушы Қуандық Бишімбаев та болған.
Комитет Мусиннің «Біз азаптауға қарсымыз» қоғамдық бірлестігінің мүшесі екенін мәлімдеді.
«Ұйым өз қызметін екі жақты меморандум аясында жүзеге асырады. Дегенмен ұйым мүшелерінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі адам құқықтарына мониторингі мекеме қызметкерлерінің бірге ілесуімен және жұмыс уақытында орындалады», – деді комитеттегілер.
Тексеруді Астана қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жүргізеді.