Навальныйдың әйелі күйеуінің өлімі үшін Путинді жазалауға шақырды
МЮНХЕН. 16 ақпан. Оппозиционер Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная күйеуінің өлімі үшін Батыстан Путинді жазалауды сұрады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Егер Алексей Навальныйдың өлімі жайлы ақпар рас болып шығатын болса, оның қазасы үшін бар жауапкершілік Ресей билігінің мойнында», – деп атап өтті Юлия Навальная Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі 60-шы конференцияда сөйлеген сөзінде.
Навальная сессияда АҚШ вицепрезиденті Камала Харрис сұрақтарға жауап беріп тұрған кезде залға келіп кірді. Содан кейін Юлияға сөз берілді.
«Менің елімде сұмдық оқиғалар болып жатқаны үшін Владимир Путин дербес жауап береді, енді әлем қауымдастығы осы «сұмдық режимді» жеңіп шығу үшін өзара бірігуге тиіс», – деп мәлімдеді ол.
«Мен Ресейдің мемлекеттік мәнбелерінен келіп жатқан сұмдық мәліметтерге сенуге бола ма, жоқ па, әзірге білмеймін, себебі, біз ұзақ жылдар бойы Путин мен оның үкіметіне сенуден қалдық. Олар ылғи жұртты алдаумен келеді, – деп жалғастырды Юлия Навальная. – Бірақ бұл рас болып шығатын болса, Путин мен оның барлық нөкерлері, Путиннің достары, оның үкіметі өздерінің біздің елімізге, менің отбасым мен күйеуіме істеген барша зұлымдықтары үшін жауапқа тартылғанын қалаймын. Бұл күн де өте жақын арада келеді. Мен бүкіл әлем қауымдастығын, осы залда отырғандардың барлығын, жаһандағы барлық адам баласын қазіргі Ресейдегі сұмдық режимді жеңу үшін бір-бірлерімен тығыз топтасуға шақырамын. Бұл режим мен Владимир Путин менің елімде, біздің еліміз Ресейде соңғы жылдары жасалып жатқан барлық сұмдықтар үшін жеке жауап берулері тиіс».
Юлия Мюнхенге әріптесі Леонид Волковпен бірге келді. АҚШ-тың Мәскеудегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол бұл екеуінің өткен кеште бірге жүргенін көргенін айтты. «Олар бұл конфаранцияға әлем лидерлерімен кездесіп, Алексей мен оның азаптауға арналған арнайы түрме камерасында бастан кешіп жатқан сұмдық жағдайы жайлы баяндағалы келді», – деді ол.
Деректерге қарағанда, бұдан бір күн ғана бұрын Алексей Навальный Инстаграм арқылы әйелі Юлия сөз арнап, оны сүйетінін жеткізген. Видеоарнауды көргендер саясаткердің сонда өте сергек, көңілді болып көрінгенін жазып жатыр.
Кремль басты оппозиционердің қазасына қатысты алғашқы болжамды таратып та үлгерді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дәрігерлердің ажалға тромбының себеп болуы ықтимал екенін айтқанын жариялады.