ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

РФ насихатшылары Путин соғысында мағына жоқ екенін мойындады

МӘСКЕУ. 11 наурыз. Ресейлік әскери тілшілер Путиннің Украинадағы соғысының еш мағынасы да, пайдасы да жоқ екенін растап отыр. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ресейлік маңдайалды насихатшылар Кремль басшылығы мен Ресей армиясы қолбасшылығының әрекеттеріне наразылықтарын ашық білдіре бастады.

Украиналық журналист һәм блогер Денис Казанский жаңа видео жариялап, онда «Арнайы соғыс операциясы» мәселесін талқылаған ресейлік әскери блогерлер мен насихатшылар арасындағы көңіл күй ауанына талдау жасады. Оның айтуынша, Кремльге ықыласпен қарайтын әскери тілшілер де Ресейдің Украинадағы соғысының тұйыққа тірелгенін жиі мойындай бастаған.

Мәскеу екі жылдан бері Харьков облысында жасап қоюға әрекет етіп келе жатқан «буферлі аймақ» мәселесі талқылау тақырыптарының біріне айналды. Мұндағы идея Ресей мен Украина шекаралары арасына осындай бейтарап белдеу тұрғызып қою арқылы Мәскеу қарсыластарының өз жеріне қарай шабуыл жасау қимылдарын тоқтатып қоюды көздеген еді. Алайда, Z-насихатшылардың өздері мойындап отырғандай, бұл стратегия ешқандай нәтиже әкелген жоқ, яғни ондай өңір орнату жоспарының күші көкке ұшты.

«Разведос» деген бүркеншік атпен танымал әскери тілші әрі блогер Александо Арутюнов жақында Владимир Соловьевтің арнасынан тікелей эфирде көрінген кезде ресейлік әскерилердің мыңдаған адамы опат болғанымен, буферлік аймақты жұмыс істетуге қол жеткізілмегенін атап өтті. Украин дрондары Ресей территориясына оңды-солды кесіп өтіп, ұшып баратын жерлерінің қашықтығын барған сайын ұлғайтып келеді.

Сонымен бірге, бірқатар әскери тілшілер Ресей армиясының кішкентай ғана  село үшін жүзеген адамынан айырылып қалып жатқанын жасырмай айтты. Қаза тапқандар саны сол елді мекендерде тұратын тұрғындар қарасынан әлдеқайда асып түседі.

Бұдан басқа, ресейлік журналистер әскери бөлімдер баянаттарында жалғандық көп екенін ашық айта бастады. Олардың айтуларынша, шын мәнінде ресейлік солдаттар әлі қадам басып көрмеген елді мекендер ресми мәліметтерде «басып алынғандар» тізімге кіріп кетіп жатады.

Казанский бұл мәлімдемелердің өзі Ресейдің әскери тілшілері арасында өз елі әскерлеріне қатысты наразылықтың өсіп келе жатқанын байқататынын атап өтті. Оның ойынша, қазір насихатшылардың өзі майдандағы нақты жағдайды жасырып қалуға арлана бастаған, бұл Ресейдің Украинада тұйыққа тірелгенін айғақтай түседі.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button