«Путин режимінің сұмдық қылмысы». Батыс лидері Навальный өлімі жайлы
МЮНХЕН. 16 ақпан. Батыс елдерінің өкілдері ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальныйдың өліміне Владимир Путинді айыптап жатыр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Путин режимінің тағы бір сұмдық қылмысы» деген баға берді олар бұл оқыс оқиғаға.
«Батыс елдерінің өкілдері Алексей Навальныйдың өліміне Ресей билігі мен диктатор Владимир Путиннің жеке өзін айыптап отыр», – делінген The Moscow News хабарламасында.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының демократтар мен азаматтық қоғамның үміттерін оятқан, өмірін Ресейдің ар-намысын сақтап қалуға арнаған өте батыл адам – Алексей Навальныйдың өлімі жайлы таратып жатқан хабарлар мен теңселтіп кетті. Әзірге біз бұдан әрі не болатынын күтіп отырмыз, дегенмен анықтап алайық: бұл үшін бар жауапкершілік Путинге жүктеледі», – деді Еуропа одағының жоғарғы өкілі Жозеп Боррель.
«Бұл – өте сұмдық хабар. Ресей демократиясының көзсіз жаршысы болған Алексей Навальный өзінің бүкіл саналы өмірі бойында теңдессіз ерліктің үлгісін көрсетті. Менің қазіргі ақыл-ойым – мұны орасан зор қасірет деп қабылдаған оның әйелімен және Ресей халқымен бірге», – деді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.
Навальныйдың өліміне Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі конференциясына қатысушы Украина президенті Володимир Зеленьский мен НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг те баға берді. «Навальныйдың өлімі сыртында Путиннің өзі тұрғаны айдан анық: оны өзі билік басында тұрғанда кімнің өліп жатқаны ешбір толғандырмайды, ол билікті сақтап қалу үшін мұның бәріне батыл бара береді», – деді Зеленьский.
«Барлық фактіні анықтап алу қажет, сосын Ресей [Навальныйдың] өлімі жағдайына байланысты барлық салмақты, жан-жақты сұраққа жауап беруге тиіс», – деді Йенс Столтенберг.
Конференцияға Навальныйдың әйелі Юлия Навальная мен оппозиционердің жақтасы Леонид Волков та қатысты. АҚШ вице-президенті Камала Харрис Мюнхенде сөйлеген сөзінде бұл өлімді «Путиннің адам өмірін шыбын шаққан құрлы көрмейтін қансыз қатыгездігінің тағы бір сұмдық көрінісі» деп атады. Оның айтуынша, Уашингтон болған жағдай жөнінде барлық ақпаратты толық алуға әрекет жасайды, «бірақ бұған қатысты Ресейдің ресми түрде не айтқандарынан бөлек деректер жинайды, себебі, Кремльдің не айтатыны онсыз да белгілі болып отыр, бізге айдан анық нәрсе: бұл өлім үшін Ресей жауап береді».
Мұндай қатқыл пікірлерді Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель мен Швеция сыртқы істер министрі Тобиас Тобиас Билльстрём де білдірді.
«Навальный «өзінің Ресейге оралу жолындағы ерлігі үшін өмірімен қоштасты», – деді Германия канцлері Олаф Штольц. Ресейде уландырылғаннан кейін Навальный емделу курсын Германияда өткізген еді. Ол 2020 жылдың соңында Ресейге қайтып келді, бірақ сол бойда бірден қамауға алынып, артынша сотталды.
«Болған оқиға Ресейдің іштен іріп-шірігені мен әбден әлсірегенін паш етеді». АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осылай деп жазды осы жағдаятқа орай. Ақ үйдің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан АҚШ-тың бұл оқиғаны әлі зерттейтінін айтты. «Алексей, біз сені ешқашан ұмытпаймыз. Оларды да ешқашан кешірмейміз», – деп жазды Польшаның премьер-министрі Дональд Туск.
Қазір әлемнің көптеген елдері мен қалаларында Навальныйды еске түсіруге арналған митингілер басталып кетті.