Коронавирус тараған елдерден ешкім жұмысқа алынбайды
АСТАНА. 2 наурыз. Коронавирус індеті табылған елдердің адамдары Қазақстандағы кәсіпорындарға жұмысқа қабылданбайды. Бұл туралы Үкімет отырысына сілтеме жасаған Neonomad.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Бүгін Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысы барысында коронавирус жұқпалы кеселі табылған елдердің азаматтарын республика кәсіпорындарына жұмысқа алмауды қатаң тапсырды.
Премьер-министр сонымен қатар аймақтар әкімдеріне мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, халыққа қызмет көрсету орындарында, сауда орталықтарында, базарларда және тағы басқа жерлерде індетке қарсы іс-шараларды күшейтуді жүктеді.
«Әкімдіктер мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирус инфекциясының таралу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтары үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтатсын», – деді Асқар Мамин.
Отырыста Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазіргі ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Азаматтардың денсаулығын қорғау жөнінде түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында Үкімет республикада коронавирус инфекциясын анықтау және тарату кезіндегі іс-қимыл алгоритмін («Б Жоспары») әзірледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке халықты коронавирус инфекциясынан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемде жағдай ушығып кетті. Вирус 50-ден астам елге таралып үлгерді және әлі өте белсенді түрде таралуда. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыра беруіміз қажет. Вирус сондай-ақ әлем экономикасына, атап айтқанда, өнеркәсіпке, транзитке, сауда мен экспортқа кері әсерін тигізіп жатыр. Осыған байланысты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шекараның барлық өткізу бекеттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді және іс-қимыл алгоритмінде жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы кейбір мемлекеттерге ұшатын рейстерге шектеу қоюды міндеттеді.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирус белсенді түрде таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сондай-ақ, біздің фармацевтік кәсіпорындарда медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары өндіруді арттыру қамтамасыз етілсін», – деді Премьер-миниcтр.
Үкімет басшысы сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, халыққа коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын түсіндіру жөнінде сапалы ақпараттық жұмыс жүргізуді жүктеді.