Митинг кезінде ұсталған 4 адам жауапқа тартылды
АСТАНА. 2 наурыз. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев еліміздің қалаларында кеше 1 наурыз күні заңсыз митингіге шыққан 80-ге жуық адамның ұсталып, 4 тұлғаның жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Бұл туралы «Спутник Қазақстан» сайты хабарлады.
Министр Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, азаматтардың бір бөлігі заңсыз митинг өткізбекші болғанын атап өтті.
«Қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданды. 80-ге жуық азамат полиция органдарына жеткізілді. Профилактикадан кейін барлығы үйіне жіберілді», – деді Тұрғымбаев журналистерге берген сұхбатында.
Айтуынша, 4 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың біреуіне айыппұл салынса, үшеуі әкімшілік қамауға алынған – екеуі полицейлерге қарсылық көрсеткені үшін, ал біреуі заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін.
Бұған дейін Бас прокуратура Қазақстан азаматтарын арандатушылыққа бой алдырмай, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырған еді.
Ведомство заңсыз митингке қатысқандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.