«Реал» «Барселонаны» 4 жылда бірінші рет ұтты (видео)
МАДРИД. 2 наурыз. Кеше түнде Испания чемпионатының 26-турының соңғы матчтары ойналды. Мадридте «Реал» өзінің «мәңгі қарсыласы» – «Барселонаны» 2:0 есебімен ұтты. Бұл туралы Eurosport хабарлады.
«Реал» Классикода «Барселонаны» тізе бүктіріп, Ла-Лига шеңберінде каталониялықтарды соңғы төрт жылда бірінші рет ұтып шықты – 2:0», – деп жазды ақпарат агенттігі.
Матчтың есебі тек 71-минутта ғана ашылды. Бірақ мұның қисынды түсіндірмесі – екі жақтағы да қақпашылардың ғажайып ойындары болды.
Бірінші таймда алаң иелерінің дарбазасын қорғаушы Тибо Куртуа қарсыластар шабуылшыларымен екі рет жекпе-жекке түсіп, екеуінде де жеңіп шықты. Бірінші жолы ол Лео Мессиден айласын асыра білді.
«Реал» екінші таймда белсенділігін арттыра түсті. Енді қонақтардың қақпашысы Марк-Андер тер Стегеннің өз шеберлігін барынша көрсетуіне мүмкіндік берілді. Голкипер солайша Исконың «тоғыздыққа» кіріп бара жатқан добын қайтарып үлгерді.
Текетірес созыла берді. Мұндай жағдайда тек артқы шептегі қорғаушылардың көмекке келулерімен ғана таразы басын аударып жіберуге болатын еді. Өзі де солай болып шықты. Алаң иелері соның арқасында тайм ортасына қарай каталониялықтардың сол қанатын бұзып-жарып өтті. Сол кезде Винисус Жуниор қиғаш бұрыштан қиялап жүгіріп келіп, қақпа алаңы ішінде аяғын серпіп қалды. Зырғып ұшқан доп сонда меймандар қорғаушысы Жерар Пикеге тиіп барып, қақпа торына сүңгіп кетті.
Мадридтіктер соңғы, екінші голды негізгі уақытқа қосылған 2-минутта түсірді. Алаңға кейін шыққан Мариано Диас оны да қақпаға допты жақын бұрыштан соқты. Бұл ретте оның Самюэль Умититиді алдап өтіп, Марк-Андре тер Стегенді қапы қалдыруына тура келді.
Осы ойыннан кейін «Реал» 56 ұпаймен көш басына шықты. Ал екінші орынға сырғып кеткен «Барселонада» 55 ұпай бар.
https://youtu.be/ON3UjkTS2GE