Қазақстан Бокс федерациясының тізгіні жаңа басшы қолына ұстатылды
АСТАНА. 5 ақпан. Қазақстан Бокс федерациясының президенті болып бизнесмен Шахмұрат Мүтәліп сайланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ұлттық Олимпиялық комитет баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Астанада Қазақстан Бокс федерациясының жылдық жиыны өтіп, онда жаңа басшы сайланған. Федерацияның президенті Кеңес Рақышев қызметінен кетіп, оның орнына Шахмұрат Мүтәліп келген.
Ұйымның жаңа басшысы мұның өзіне артылған зор сенім әрі үлкен жауапкершілік екенін сөз етті. Ол өзіне дауыс берушілерге алғыс сезімін білдіре келіп, қазақ боксын бұдан әрі дамыту, әлемдік деңгейдегі беделін көтеру жолында бар күш-жігерімен қызмет ететінін жеткізді.
«Маған жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан боксын әрі қарай дамытуға, спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғауға, ҚБФ рөлін еліміздің ішінде және халықаралық деңгейде арттыруға бар күшімді саламын. Биыл өтетін маңызды додалар қарсаңында команданың алдында үлкен мақсат тұр. Өз тарапымыздан дайындыққа қажет барлық жағдайды жасауды жалғастыра береміз. Бірлесе еңбек ету арқылы отандық бокстың әлемдік аренадағы беделін нығайта түсеміз»,– деді Қазақстан Бокс федерациясының жаңа президенті.
Айта кетейік, Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысының «Казцик» ауылында дүниеге келген. Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған, экономика ғылымдарының магистрі. Кәсіпкер, Integra Construction KZ компаниясының иесі. Отбасылы, 3 баласы бар.
Еске сала кетейік, Кеңес Рақышев Қазақстан Бокс федерациясын 2019 жылдан бері басқарып келген еді.