Париж-2024: Бүгін Нұрбек финалға шығу жолында Пиналеспен шайқасады
ПАРИЖ. 4 тамыз. Қазақстанның Олимпиада бокс турнирінде жартылай финалға шыққан жалғыз өкілі Нұрбек Оралбай (суретте) бүгін доминикалық Кристиан Хавьер Пиналеспен сынға түседі. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Бүгін, 4 тамыз күні Олимпиялық ойындардың бокс турнирінде әйелдердің 54, 57 және 75 келілерге дейінгі, ерлердің 51, 63,5 және 80 келіге дейінгі салмақтарында жартылай финалдық шайқастар ойналады.
80 келіге дейінгі салмақта біздің Нұрбек Оралбай мен доминикалық Кристиан Хавьер Пиналес арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 15:52-де басталады.
Келесі жұпта Олександр Хижняк (Украина) – Арлен Лопес Кардона (Куба) жұдырық сілтеседі. Ол сағат 20:22-де өтеді.
Бокс турнирінің күндізгі сессиясы сағат 14:00-те, кешкі сессиясы 18:30-да сөре тартады. Күндізгі сессия «Хабар», кешкі сессия «Ел Арна» арналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, біздің әйелдер құрамасы сапынан жарыс жолын жалғастырып жатқан жалғыз өкіліміз – 50 келіге дейінгі салмақтағы Назым Қызайбай 6 тамыз күні түнде сағат 01:02-де қытайлық Ву Юмен жартылай финалдық жекпе-жекке шығады. Келесі жұпта күш сынасатын Бусе Наз Чакироглу (Түркия) – Айра Виллегас (Филиппин) арасындағы шайқас содан кейін өтеді.