Иранда Батысты жақтайтын «реформатор» қайраткер президент болып сайланды
ТЕҺРАН. 6 шілде. Иранда өткен президент сайлауында Путиннің емес, Батыстың жағында болуды қалайтын үміткер жеңіске жетті. Бұл туралы Иранның IRNA агенттігіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Иранда Батыспен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді жақтайтын Масуд Пезешкиан президент болды. Президент сайлауы екі турға ұласты.
Сайлау қорытындысы Мәскеу үшін оншалықты қуаныш әкеле қоймады. Ол Батыспен жақсы қарым-қатынас орнатуды қолдайтын Масуд Пезешкианның айқын басымдықпен жеңіске жеткенін жария етті.
«Реформатор» Пезешкиан үшін 16 миллионнан астам ирандық дауыс берді. Бұл сайлауға қатысқандардың 53,6 пайызын құрайды.
Жаңа президент өзінің сайлау алды бағдарламасында Иранның денсаулық сақтау жүйесіне реформа енгізуге, сыртқы инвестицияны ұлғайтуға, сондай-ақ санкция режимі қысымын азайту үшін Батыспен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге уәде берді.
Пезешкиан сайлауда жеңіске жеткенін білгеннен кейін елдегі барлық саяси күштермен, соның ішінде оппозициялық партиялармен ынтымақта жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Иранда ел президенті Ибрахим Раис 2024 жылғы мамырда әуе апатынан қаза тапқаннан кейін мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде шешім қабылданған еді.