Арал аймағының дербес облыс дәргейін алатын кезі жеткен жоқ па?
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К.Тоқаевқа,
Қызылорда облысының әкімі Н. М. Нәлібаевқа,
Арал ауданының әкімі А. С. Оңғарбаевқа
А Ш Ы Қ Х А Т
Сіздердің назарларыңызға Арал өңірінің стратегиялық экономикалық бағдарламасын ұсынамыз
Экологиялық апат аймағы деп танылған Арал өңірінің стратегиялық экономикалық бағдарламасы
Қазақстан мемлекеті даму жолында стратегиялық бағыт-бағдарларын ұстанады. Стратегияда: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саясаттың орнықтылығы және қоғамның шоғырлануы; шетелдік инвестициялар мен нарықтық экономика негізінде өрлеу; Қазақстандықтардың денсаулығы, білім алуы және игілігі; энергетикалық қорлар; инфрақұрлым (көлік және байланыс); кәсіпқой мемлекет қағидалары бекітілген.
Қазақстанның қандай да болмасын өңірінің даму стратегиясы бағдарламаның осы қағидаларын ұстануы шарт.
Егемендік алған тұста Арал өңірі теңіздің тартылуы, нарықтық қатынас келуі себепті үлкен экологиялық, сонымен бірге экономикалық күйзеліске душар болды. Бұл жайт әлемге белгілі болды. Мемлекетіміз Арал өңірін арнайы «экологиялық апат аймағы» деп таныды. Соған сәйкес заң шығарылып, өлке халқына мемлекет тарапынан көмек беру қолға алынды.
Бүгінгі таңда, отыз жылға аса уақыт өтсе де, халықтың экономикалық жағдайын, сол 90-жылдардың басына дейінгі көрсеткіштерге жеткізуге қол жетпеді. Себебі, ол кездегі бір Арал қаласының өзінде екі үлкен завод, екі үлкен комбинат, бір тігін фабрикасы жұмыс жасап, мыңдаған адам аталған орындарда жұмыс жасайтын. Осы аталған негізгі өндіріс көздерінен нәр алған басқа да көптеген жұмыс орындары болды.
Қазірге кезде біраз жұмыстар болғанымен өңір дамуы бұрынғы жағдайына жете алмай келеді.
Қазақстан Республикасымен 2023 жылы 2 қазанда «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылданып, қоғамның ел тағдырына қатысты заңды рөлінің шектері бекітілді.
«Тұран ойпаты Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі (әрі қарай- Қоғамдық бірлестік) Арал өңірінің дамуына қоғамдық негізде өз үлесін қосып, кейінгі жылдары 21.06.2021 ж. «Арал құрылтайы»; 29.09.2021 ж. «Байтақ Тұран-Арал тағдыры – адам тағдыры» атты халықаралық экологиялық конгресс; 15.05.2022 ж. халықаралық деңгейде «Аралға су келе ме?» экомарафон; 15.05.2023 ж. халықаралық деңгейде «Арал еркін экономикалық аймақ – 2023», «Экологиялық апат аймағынан жетекші жасыл экономика аймағына айналайық» деген атаумен экономикалық форум өткізді. Алдағы уақытта 2024-2027 ж.ж. аралығында Ақтөбе, Ұлытау, Қызылорда облыстары қоғам белсенділерімен біріге отырып, тарихи құндылығымызды қайта жаңғырту мақсатында Ұлттық құрылтайы, Қарақұм құрылтайы, Бұланты шайқасы 1727 т.т. шараларды қоғамдық негізде жүзеге асырмақшы.
Қоғамдық бірлестік Арал өңірі дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы келесідей нақты іргетастардан құралуы тиіс деп санайды:
Абсолютты меже – облыс құрылуы. Үмітіміз – 04.05.2022 ж. Президент Жарлығымен үш облыс құрылды.
Бұл жағдайда әлеуметтік, экономикалық жағдай толыққа жуық, экологиялық мәселелер ішінара біртіндеп оң шешімін таба бастайды және жақын болашақта толық шешімін табады.
Облыс құрылу – қадірлі, қанағатшыл, әр қадамын негіздеп, жоспарлап жүзеге асыратын мемлекет басшы, ғалым Дінмұханбет Ахметұлы Қонаевтың орындалмай қалған шешімі, арманы десек артық болмас.
ХХ ғасырдың 50-60-жылдарындағы Қазақ КСР-нің Арал облысын құру туралы қаулысы негізіндегі шешімін жандандырып, қайта қолға алу кейінгі ұрпақтың міндеті болуы тиіс.
Мұндай қадам Қазақстан ж.б. 50 елдің қолдауымен қабылданған 18.05.2021 ж. БҰҰ-ы Бас Ассамблеясының «Арал өңірі экологиялық инновация және технологиялар аймағы деп жариялау туралы» қарарына құрмет болады деп сенеміз.
БҰҰ-ның бұл қарарының орындалуы Қазақстанның Арал өңірін қамтыған жағдайда бір облыс көлеміндегі іс-шараларды қамти алуы шарт. Олар экологиялық апат аймақтары деп танылған Шалқар, Арал, Қазалы аудандары.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 – 2027 ж.ж. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағалығы қызметіне кірісті.
Халықаралық Аралды құтқару қорының алдында тек су мәселесі ғана емес, тұрғылықты халықтың денсаулығы, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қорғалу міндеттері тұр.
Осы мерзім аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің алдына Арал өңірі тағдырына қатысты оң нәтижелер беретін түбегейлі өзгерістер әкелетін нақты жоспар мен жобалар ұсынылып, бекітіліп, орындалуы тиіс.
Өңірде облыс құру Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық , ішінара экологиялық тағдырын шешеді. Ең бастысы, жұмыссыздық жойылып, тұрғындар денсаулығы жақсарады. Облыс құру негіздемесін бөлек тіркеледі.
Осы мақсатта өңір дамуы бағдарламасын негізі келесідей нақты қадамдардан тұруы шарт:
Алғышарт – Арал өңірінде (Арал қаласында) БҰҰ-ның қарарына сай Арал өңірі экологиялық инновация және технологиялар университеті ашылу керек.
Жоғарғы білім беруші ғылыми-практикалық оқу орны аясында барлық ғылыми жобалар жүзеге асырылуы керек және орталықтардан шалғай жатқан елді мекендер халқы балаларының су, экологиялық, технологиялық, тарихи т.б. бағыттардағы мамандық иелері болуына қол жеткізу маңызды.
Өңір экологиясы – теңіз тағдыры
Арал теңізінің тартылып Арал қаласынан 200 шақырымға дейін тартылып кетуі 1984 жылдары орын алды, яғни биыл 40 жыл болады. Көкарал бөгетінің салынуы Арал теңізінің солтүстік бөлігінде 27 млрд текше-метр су сақтау мүмкіндігін ашты, бірақ Арал қаласына су жеткізу мақсаты орындалмай қалды.
1) Солтүстік Аралды сақтау Арал қаласына дейін теңіз суын жеткізу шаралары бойынша қабылданған шешімдерді жүзеге асыруды, нақты шараларға кірісуді ұсынамыз;
2) Шардарадан Аралға дейін Сырдария суын толық бақылауға алу, су шығынына жол бермеу, гидротехникалық тоғандардың әрқайсысын есепке алып, су өткізу процесін бақылауға алу, автоматтандыру. Сырдария табаны мен каналдар табандарына су сіңіру процесін тоқтату үшін жаңа инновациялық технологияларды қолға алу. Суды аса көп қажет ететін егін түрлерін барынша азайту, егіндікке су үнемдеуші құрылғыларды кең пайдалану тәсілдерін көбейтуді ұсынамыз;
3) Арал теңізіне су әкелудің балама жолы ретінде Маңғыстау облысында 2022 ж., Түркістан облысында, Шымкент қаласында 2023 ж. бастама сынақтардан өткен «Жауын-шашынды көбейту технологиясын» қолға алуды ұсынамыз;
4) 17.01.2024 жылы Парламент «Кеме қатынастары жоқ халықаралық су көздерін пайдалану туралы» Конвенцияны ратификациялады. Осы Конвенцияға Сырдарияны пайдаланушы барлық мемлекеттердің қатысуына қол жеткізуді ұсынамыз;
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ 29.09.2021 жылы Алматы қаласында «Байтақ болашақ Экоальянс» ҚБ-мен біріге отырып, «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты Байтақ-Тұран халықаралық экологиялық конгресін өткізді.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ Арал қаласында ҚБ-і 13-15.05.2022 ж. «Аралға су келе ме?» атты халықаралық деңгейде экологиялық Экомарафон-2022 акциясын өткізді.
Экономика
04.11.2016 ж. Қазақстан Республикасының заңымен «Париж келісімі» ратификацияланған.
Осы Париж келісімінің 10-бабының 5-тармағында «Инновацияларды тездету мен көтермелеу және оларға қолайлы жағдайлар жасау климаттық өзгеруіне тиімді, ұзақ мерзімдік жаһандық ден қою үшін және экономикалық өсім мен орнықты дамуды көтермелеу үшін зор маңызға ие» деп көрсетілген. Осы жерде мұндай күш-жігерлер Конвенцияның қаржылық тетігінен тиісті қолдау табатынын жазылған.
Қазақстан Париж келісіміне сай жаһандық орташа температураның 2С-тан анағұрлым төмен ұстау үшін міндеттемелер алғаны мәлім.
Демек, Арал өңірінде БҰҰ-ы қолдауы негізінде «жасыл экономика» бағытында экологиялық зардабы жоқ, табиғи ортасы ыңғайлы инновацияларды тездету мақсатында күн, жел, сутегі т.б. энергия көздерін қолға алуға, оған «Париж келісімі» қаржы тетігін тартуға мүмкіндік бар деп санаймыз.
5) 18.05.2021 ж. БҰҰ-ы Бас Ассамблеясының «Арал өңірі экологиялық инновация және технологиялар аймағы деп жариялау туралы» ҚАРАРЫНА қатысты екпінді дипломатиялық жұмыстарды жеделдетіп, Қазақстан тарапының ынта-жігерін көрсету арқылы нақты Конвенция қабылдауға қол жеткізуді ұсынамыз;
6) Осы мақсатта Арал өңірінде еркін (арнайы) экономикалық аймақ құрып «экологиялық апат аймағынан жасыл экономиканың жетекші аймағына» айналуға немесе аталған бағытта Облыс құрып, БҰҰ бастамасы негізінде әлемдік мәселенің нақты шешілуіне ат салысуды ұсынамыз;
- Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын экологиялық апат аймағының эпицентрінде орналасқан халықты айналып өтетін күрделі жобаларды (мысалы Бейнеу – Бозой – Шалқар автожолы) қайта қарауды сұраймыз. Бұл ретте автожолдың Сексеуіл станциясы арқылы өтуінің тиімділігін атап айтамыз. Ол туралы ұсыныс қосымша тіркеледі.
Осымен қатар Арал өңірі балық, мал, егін шаруашылығымен көнеден айналысып келе жатқан өңір. Жерасты байлығына тұз, құм, темір (титан), мұнай т.б. қазба байлықтары жатады.
Инфрақұрлым – тоғыз жолдың торабында жатқан өңір. Жер кіндігі. Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолы, теміржол, әуежолдары қиып өтіп жатыр.
«Тұран ойпаты -Арал теңізі» ҚБ Арал қаласында 15-17.05.2023 ж. халықаралық деңгейде «Арал еркін экономикалық аймақ-2023», «экологиялық апат аймағынан жетекші жасыл экономика аймағына айналайық» деген атаумен экономикалық форум өткізді.
Мәдениет және тарих
«Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрғылықты халық құқықтары туралы декларациясының» 1-бабында « Тұрғылықты халықтар ұжымдық және жеке түрде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен, Адам құқықтары туралы жалпыға ортақ декларациямен, адам құқықтарына қатысты халықаралық құқық нормаларымен мойындалған адамның барлық құқықтары мен негізгі еркіндіктерін толық жүзеге асыруға құқылы» деп жазылған.
Арал өңірі тарихы әлем тарихымен қауышып жатқан ерте өркениет ортасы.
Мысалы «Авеста» жазбасындағы турлар немесе тұрандықтар ордасы Арал өңірі Қарақұмы мен Ұлытау арасында көшіп-қонып жүргенге ұқсайды. Осы өңірде түріктер (Түрік қағанаты), олардың ұрпағы Оғұзхан дп, Тұран төресі Ер Тоңға да (Афрасияб) патшалық еткен дейді. Осы топырақта ғұздар орын теуіп «ішкі ғұздар» скиф аталса, сақ тайпалары массагет (Томирис пен Ширақ батыр), одан дақтар мен апасиактар (көне Парфия мемлекетін құрушылар), моғолдар, ақ ғұндар (эфталиттер мемлекеті), қаңлылар (Қаңлы мемлекеті), аландар (Алан мемлекеті), бешенектер, оғыздар (Оғыз, Селжүк, Осман мемлекеттерін құрушы), қыпшақтар, Шыңғұзхан ордасы, Жошы ордасы, ноғайлылар, Алтын Орда ізі – Қазақ ордасы табан тіреген. Хорезм хандығына қарсы тұрған Арал хандығы да осы тұста болса 18-ғасырда Әбілқайыр баһадүр хан бас болып, «Ақтабан шұбырынды Алакөл сұламада» барша қазақты қамқорлығына алса, 19-ғасырда Кенесары хан көтеріліп, ақ патшаға қарсы шыққан соңғы билеуші атанды. Осы ғасырда шекті Жанқожа бастаған батырлар Орыс патшасына, Қоқан, Хиуа хандарына тойтарыс берсе, 20-ғасырда қызыл коммунистер қыспағына, аштыққа қарсы Қарақұм, Сарбаздар, Әлімдер, Тоқалар, Асандар т.б. көтерілістер тарихы ашылмай, ескерусіз жатқан өңір.
Қазақ мәдениетіне келсек, Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Сартай батыр, Жанқожа батыр т.т. жырларының туған өлкесі осы өңір.
Президент Қ. Тоқаевтың бастамасына сеп болған Тұран жолбарыстарының жортқан өңірі осы төменгі Сырдария мен оның теңізге құяр тұсы. Қамыс арасында талай жолбарыспен алысқан жолбарыс жүректі тұрандықтар айтуы бойынша соңғы жолбарыс Қазалы тұсында 1936 жылдары көрінгенге ұқсайды.
Көне қалалары Шірік-Рабат, Кердері, Жанкент, Жент, Асар қалашықтары тиісінше зерттеусіз жатқанына қаншама жылдар өтті. Барша қазақтың көне мәдениетін жоймай, ел қорына ұсыну осы өңірде облыс құрылуымен ұштасып жатыр деп санаймыз.
«Тұран ойпаты -Арал теңізі» ҚБ-і Ақтөбе қаласында Қарақұм құрылтайы 1710,1726, Бұланты шайқасы -1727 жыл, Сартай батыр «Жау жүрек мың бала» тақырыбында Орталық мұражайда танымдық дөңгелек үстел өткізіп, алдағы жылдары тарих ізін шалып, Ақтөбе, Ұлытау, Қызылорда облыстарының түйіскен Қарақұм даласында құм астында жатқан ұлттық құндылықтарымызға араша түсуді мақсат етуде.
8) 2026 жылы Арал өңірінде Қарақұмында 18-ғасырдағы Ұлы отан соғысы немесе «Ақтабан шұбырынды Алакөл сұлама» кезеңіндегі шешуші рөл атқарған тұста Ұлттық Құрылтай өткізуді ұсынамыз;
2016 жылғы 30 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «Волонтерлік қызмет туралы» Заңы қабылданды.
Осы Заңда волонтерлік қызметтің мақсаты, негізгі түрлері белгіленіп, халыққа көмек беру жұмыстарының заңды жолы ашылған.
Арал өңірінің экологиялық, әлеуметтік, тарихи даму жолдарын қолдау мақсатында осы өңірге қатысы бар талантты жастардың волонтерлық топтарға қолдау беру жолдарын қарастыру аудан әкімдігі қолдауымен жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз.
Мысалы, түп тамыры Арал өңірімен сабақтасып жатқан әлемдік және деңгейдегі жұлдыздарымыз Димаш Құдайберген, Шавкат Рахмонов, Элизабет Тұрсынбаева, Абат Айымбетов, Асхат Тағыберген және де басқа өнерлі жастар осы өңірге ақ тілегін білдіру арқылы болса да өз үлестерін қосуы, инвесторлар мен инновациялық жаңа технологиялар келуі үшін қолдау бере алатындығына сенімдіміз.
9) Арал ауданы әкімдігі жанында волонтерлік қызмет және экологиялық инновация және технологиялар орталығын ашып, орталық қызметін әлемдік деңгейде өткізген іс-шаралары арқылы рейтингтік баға бере алатындай жетістікке жету жолын жасауды ұсынамыз.
10) Арал ауданы орталығында Димаш Құдайберген мен Шавкат Рахмонов, Элизабет Тұрсынбаевлар атындағы жастар сарайын салып, онда олардың өнерін және инновациялық: нана, айти-технология, дәстүр мен классикалық өркениет, экологиялық зерттеу т.б. шараларды қолға алуды міндеттеуді ұсынамыз.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі