Қазақстан Бокс федерациясы World Boxing құрамына өтуге тілек білдірді
АСТАНА. 26 қыркүйек. Қазақстан Бокс федерациясы бүгін жаңа халықаралық бокс қауымдастығы – World Boxing қатарына қосылу үшін ресми түрде өтініш берді. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан Бокс федерациясы ұзақ талқылаулар мен сараптаманың нәтижесінде осындай маңызды шешім қабылдады. Ол бірінші кезекте отандық боксшылардың Олимпиадалық болашағымен тікелей байланысты болуы мақсатын көздейді.
«Қазір бокстың Олимпиада бағдарламасында қалу мәселесі ХОК деңгейінде талқыланып жатыр. Боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу мақсатында барлық елдермен ортақ жұмыс жасауға дайынбыз. Бұл шешім боксты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді деп санаймыз. World Boxing Олимпиадалық Комиссиясының төрағасы, Ұлттық Олимпиадалық Комитет президенті Геннадий Головкинмен кездесу барысында отандық бокстың даму жолдарын талқыладық», – деді федерация президенті Шахмұрат Мүтәліп.
Еске сала кетейік, Қазақстан ұлттық олимпиялық комитетінің президенті Геннадий Головкин осы лауазым тізгінін ұстаған бойда көп ұзамай Қазақстан Бокс федерациясының ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA ұйымы құрамынан шығатыны жайлы мәлімдеген болатын.
World Boxing – Халықаралық бокс федерациясы. Бұл ұйым 2023 жылдың сәуір айында құрылған. Қазіргі уақытта оның құрамына 44 елдің ұлттық федерациясы енген.